2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 90 пайызға жуықтады. Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында 1 000 ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша қабылданатын студенттердің санын 2029 жылы 80 мыңға жеткізу жоспарланған. Білім саласындағы осы және өзге де маңызды мәселелер мен алдағы жаңалықтар жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Жиында сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ата-аналардан баланың құжаттарын жинауды қажет етпейтін балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай деректер базасы әзірленіп жатқанын жеткізді.
– Бүгінде 11 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйымға 1 млн-ға жуық бала барады. 2-ден 6 жасқа дейін балдырғандарды балабақшамен қамту көрсеткіші 89,5% құрады. Орын тапшылығын шешу үшін балабақшалардың ашылуы жалғасады. Биыл 81 мың жаңа орын пайдалануға беріледі. Мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды бөлуде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету үшін Балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай деректер базасы әзірленіп жатыр. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізу арқылы ата-аналардың құжаттарды жинауы қажет етілмейді, барлық дерек автоматты түрде расталады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын 97 мыңнан аса бала тегін тамақпен қамтылды. Салаға кәсіби мамандарды тарту мақсатында қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға артты және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады, – деді Ғ.Бейсембаев.
Министрдің мәлімдеуінше, орта білім беру саласындағы жұмыс инфрақұрылымды дамыту, үш ауысымды, апатты мектептердің мәселелерін жүйелі шешуге бағытталған. Мемлекет жаңа мектептердің құрылысын бастады. Биыл 1 қазанға дейін елімізде 78,5 мың орындық 77 мектеп ашылды. Жыл соңына дейін түрлі қаржы көздері есебінен 137,7 мың орынға арналған 165 мектепті, оның ішінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 77 мың орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 12 апатты, 29 үш ауысымды мектептің мәселесін, 113 ауылдық елді мекендердегі орын тапшылығын шешеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 217 мектептің құрылысы басталмақ. Жалпы, елімізде алдағы екі жылда барлығы 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ биыл жоспарланған 260 мемлекеттік мектептің 206-да күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында 1000 ауыл мектебін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 900-ге жуық мектеп қайта жаңғыртылды.
– Бүгінде мектеп оқулықтарын цифрлық форматқа көшіру жыл басынан бері 80-нен 93%-ға артты. Бұл инновациялық әдістерді пайдалана отырып, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты жоюға бағытталған. Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы, біз тәрбие мәселесіне баса көңіл аударып отырмыз. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленіп, барлық мектепке енгізілді. Оның мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал бағдарламаның басты ерекшелігі – бала тәрбиесінде «ата-ана-мектеп-қоғам» ынтымақтастығын нығайту. Сонымен қатар әр ата-ананы педагогикалық тұрғыдан сүйемелдеу мақсатында барлық білім ошақтарында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» ашылып жатыр, – деді Оқу-ағарту министрі.
Баспасөз мәслихаты спикерінің сөзіне қарағанда, бүгінде 772 колледжде 531 мың студент білім алып жатыр. Оның ішінде 341 мың студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды (биыл 80% студент мемлекеттік тапырыспен қабылданды). Президент тапсырмасын орындау мақсатында алдағы екі жылда жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100% тегін қамту көзделген. 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 155 мыңға дейін артпақ. Оның 70%-ын техникалық мамандықтарға бағыттау жоспарланған.
– Қазіргі таңда еңбек нарығына көпбейінді маман болып шығу үшін колледж студенттеріне 3 біліктілікке дейін алуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырыла бастады. Бүгінде бұл бағытта 20 мың студент білім алып жатыр, 2029 жылы 80 мыңға жеткізу жоспарланған. Биылғы оқу жылынан бастап студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында стипендия 50%-ға өсті, ал 2024 жылы тағы 50%-ға арттыру көзделіп отыр. Колледжге кәсіби білікті педагогтер мен басшыларды тарту мақсатында өндірістен мамандарды шақыру шаралары қабылданып, оларға 35% үстемеақы тағайындалды. Колледждерде жаңа өзгерістер көшбасшыларын қалыптастыру мақсатында кадрлық резервті жасақтау жұмыстары пысықталып жатыр. Білім беру саласын цифрландыру аясында осы жылдан бастап колледж түлектеріне QR-коды бар диплом беріле бастады. Оның түпнұсқасы «eGovmobile» мобильдік қосымшасында қолжетімді, – деді Ғ.Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, ел экономикасының басымдықтарын, өңірлік және салалық ерекшеліктерді ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарын қаржыландырудың тиімді тетіктерін қарау және жұмыс берушілермен ұзақмерзімді әріптестік қарым-қатынас орнату бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен қатар колледждер базасында құзыреттілік орталықтары, шағын-кәсіпорындар және студенттік бизнес-инкубатор орталықтары ашылып жатыр. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және студенттердің кәсіптік дағдыларын қалыптастыру мақсатында қарашаның 19-27 аралығында Астана қаласында «WorldSkills Kazakhstan-2023» Республикалық чемпионаты өтеді. Іс-шара еліміздің 20 өңірінен 545 қатысушы, 520 сарапшы, сондай-ақ шақырылған қонақтар мен демеушілер қатысады.