Ұлттық һәм ұлық мереке – Республика күніне орай Президент Архивінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, егемен елге айналудың алғышартын құжат жүзінде таңбалап берген декларацияның дайындалуы мен қабылдануына байланысты келелі ой өрбітті.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мерекелік жиынға тарихи құжатты әзірлеуге және қабылдауға тікелей атсалысқан, сонымен қатар сол кезеңдегі қоғамдық талқылаулардың куәгері болған тұлғалар, бүгінгі күні елдің дамуына сүбелі үлес қосып, реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ дөңгелек үстел бағдарламасына сәйкес көпшілік назарына тарихи-құжаттық көрме ұсынылды.
– Басқа заңнамалық актілердің ішінде декларацияның тарихи рөлі мен орны жайында бүгінгі күні жаңа ойлар айтылып келеді. Тың тарихи-құқықтық көзқарастарға сүйенетін болсақ, бұл құжат Қазақстан Республикасының заңнама жүйесінде жаңа, неғұрлым жоғары орынға шығарылуға тиіс. 2022 жылғы маусымда Ұлытау облысындағы алғашқы Құрылтайда сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сол жылдың 29 қыркүйегінде тиісті заңға қол қойылды. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», деп атап өтті Президент. Осылайша, «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация отандық жаңа тарихтағы конституциялық маңызы бар тұңғыш акт және қазіргі Қазақстанның мемлекеттілігінің негізі ретінде саяси деңгейде расталды, – деді Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының депутаттары Оразалы Сәбденов пен Зинаида Федотова, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Серік Сейдуманов, Президенттің Алматы баспасөз бюросының меңгерушісі Валерий Жандәулетов, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов ел егемендігін айғақтаған құжаттың қабылдану тарихын еске алып, сындарлы сәттің беймәлім тұстарынан сыр шертті.
– 1990 жылы 25 қазанда тәуелсіздік декларациясы жобаларына байланысты құрылған комиссия жұмысын қорытындылау үшін осы комиссияның төрағасы, академик Салық Зиманов депутаттар алдында баяндама жасады. Академик Зиманов сонда алты сағат бойы мінберде тікесінен тік тұрып сөз сөйледі. Депутаттар декларацияның 17-бабының әрқайсысына жеке тоқталып, әр бапқа дауыс беріп, қызу тартыспен талқылады. Депутаттардың бірауыздан дауыс беруімен Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы құжат қабылданды. Декларацияға сәйкес Қазақстанның егемендігі жарияланды, – деп еске алады академик Оразалы Сәбденов.
Академиктің айтуынша, Жоғарғы Кеңес құрамында С.Зиманов, С.Сартаев, Ж.Әбділдин, М.Жолдасбеков, М.Қозыбаев, Ш.Есенов сияқты академиктер мен Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза сынды қарымды қаламгерлердің болуы оның пәрмені мен тегеурінін арттыра түскен. Тіл, жер, шекара, мемлекеттік рәміздер, қазба байлық, құқық жүйесі, қарулы күш, қорғаныс саласы, халықаралық қатынас, тарихи мұра, рухани байлық – дербестікке ұмтылған ел үшін осының бәрі басы ашық күйі шешімін тауып, қабылдануға тиіс өткір мәселе еді. Тіпті Семей полигоны туралы Жоғарғы Кеңестің «бомба жаруға болмайды» деген шешімі шыққаннан кейін де Мәскеуден М.Горбачев қайта-қайта хабарласып, «тағы да сынақ жасайық, ең құрығанда екі рет жарайық, тым болмаса бір рет жаруға рұқсат беріңіздер, ақысын төлейік» деп жаңа тарихтың бетін жазуға қамданған қалаулыларды тығырыққа тіреп жатты. Өтпелі кезеңде өкінішке бой алдырмай, Жоғарғы Кеңес Президиумы бір ауыздан «болмайды» деген табандылығынан айнымай, қарсылық таныта алғанын О.Сәбден осы күні ерлікке балайды.
Тәуелсіз елдің іргетасын қалаған мемлекет қайраткерлері қатарында 1990 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ғана емес, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары болып, ұзақ жылдар мемлекет құрылысы саласында жемісті қызмет еткен Зинаида Федотованың есімі ерек аталады. Уысында ұстаған одақтың шеңгелінен босанып шыққанымен, қысым-қытымырлығынан құтылмаған күрделі кезеңде маңызды тарихи құжаттың қабылданған сәті дәл бүгінгідей санасында сайрап тұрады. Тек декларация емес, алғашқы Ата заңды қабылдаған комиссияның бел ортасында Мемлекет басшысының оң қолы бола жүріп жұмыс істеп, заң-құқық саласының беделді тұлғасына айналған Зинаида Леонтьевна егемендік туралы естелігін сағаттап айтудан талған емес.
– Бүгінгі күн биігінен көз салғанда 1990-жылдарды талқылау түкке тұрмайтын оңай дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ дүние тұтас өзгеріп, тарихты жаңа парақтан ашып жатқан ол кезеңде халыққа қызмет ету деген ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндер, тәуліктің жеті күні мен 24 сағатында толассыз жалғасып жататын қызу жұмыс, бұған қосымша жауапты іссапарлар мен маңызды келіссөздер болатын. Кез келген құқықтық акт пен қандай да бір мемлекеттік мәселенің шешіміне қарама-қайшы көзқарастардың талас-тартысы мен жан-жақты талқылауынан өтіп барып әрең қол жеткізетін едік. Жаңа мемлекетті кім қандай кейіпте көргісі келеді, ашық айтылатын. Тіпті кейде шешім қабылданып қойса да, депутаттар залдан тарамай, талқылауды тоқтатпайтын. Жоғарғы Кеңес академиктерден, білікті заңгерлерден, генералдар мен руханияттың көшбасшыларынан жасақталған қуатты құрам еді. Сондықтан болар, өзге республикалардың заң шығарушы органдары ұрыс-керіс, ашуға бой алдырып, тіпті кейде жағаға жармасып, жұдырықтасып жатқанда, біздің білікті қалаулыларымыз заң қабылдарда салқын ақыл, байыпты мінез, биік мәдениетімен ерекшеленетін, – дейді З.Федотова.
Базбіреулер айтып жүргендей, «кеңес одағымен қимай қоштасып, дербестік алып жатқандардың ең соңында үлкен үйдің жарығын сөндіріп әрең шыққан» елімізге тәуелсіздік төбеден өзі келіп түсе қалған жоқ. Мұндай қиямпұрыс пікірмен халықты адастыруға болмайтынын сол кезеңге куә жиын қонақтары қадап айтты. Мүмкіндігі шектеулі ел үшін тәуелсіздіктің құны тым қымбат болатынын буырқанысқа толы кейінгі тарихи-саяси үдеріс көшінде, егемендіктің елең-алаңында Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен арда азаматтардың қаһармандығымен өлшегенде ғана шын бағасын байқауға болады.
Алматы