Кәсіпкерлер үшін мемлекет қолдауы аса маңызды. Осы орайда түрлі несие бағдарламалары олар үшін орасан көмек. Өңірдегі кәсібін жаңа ашқандарға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық бөлімшесі қомақты қолдау көрсетіп отыр. Қор мамандарымен бірге көмек алған бизнес мекемелерін аралап көрдік.
Біз алғаш барған «Altynarna Geosynthetic» кәсіпорны «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы бойынша «Даму» қорынан несие сомасының 50 пайызына кепілдік түрінде қолдау алды.
– Біз «Даму» қорымен бұрыннан тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Субсидиялау мен кепілдік тетіктерін пайдаланып келеміз. Субсидияланған несие арқылы өзімізге керекті аппараттар сатып алдық. Қарамағымызда бірнеше зауыт бар. Соның бірінде жаңа өнім шығару үшін техника жеткіздік. «Altynarna Geosynthetic» компаниясы тұтынушыларға халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы және сенімді геосинтетикалық материалдарды ұсынады. Сонымен қатар әртүрлі инженерлік және қоршаған ортаны қорғау жобалары үшін оңтайлы шешімдерді әзірлеуге көмектесу арқылы өз тұтынушыларына кеңес береді және техникалық қолдау көрсетеді, – дейді «Altynarna Geosynthetic» ЖШС құрылтайшысы Ренат Минхаиров.
«Altynarna Geosynthetic» ЖШС – жоғары сапалы геосинтетикалық материалдарды өндіруге және жеткізуге маманданған жетекші компанияның бірі. Геосинтетика – қоршаған ортаны қорғау, топырақтың геотехникалық қасиеттерін және инженерлік құрылымдардың беріктігін жақсарту үшін қолданылатын заманауи материал. «Altynarna Geosynthetic» геомембрана шығарады.
«Бұл – гидрооқшаулау, ылғал мен химиялық заттардың енуіне жол бермеу үшін қолданылатын пластикалық полимерлі пленка. Геотекстиль болса, топырақты нығайту, суды сүзу және эрозияны болдырмау үшін қолданылатын материал. Ал геотор – топырақты нығайту, беткейлердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және топырақтың жылжуын болдырмау үшін қолданылады», дейді кәсіпорын басшысы.
Кепілдіктен бөлек «Даму» қоры кәсіпкерлерге несие алғанда пайызын жеңілдетіп қолдау көрсетеді. Биылғы бұл көрсеткіш 7 пайызды құрапты. «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру» бағдарламасы аясында «Кәсіпкер» жобасымен көмекке ие болған «Invictus Karaganda» ЖШС спорт клубы бүгінде өркен жайған.
– «Invictus Karaganda» ЖШС – үлкен спорттық нәтижелерді дамытуға және қол жеткізуге арналған алаң. Біз 2023 жылдың ақпан айында ашылдық. «Даму» қорынан 50 млн теңге несие алдық. Бұл қаражатты фитнеске арналған заттарға жұмсадық. Осы залдағы тренажерлердің біразы сол ақшаға алынды. «Invictus» атауы латын тілінен аударғанда «жеңілмейтін» дегенді білдіреді. Клуб спорттың әр саласында әртүрлі жаттығу мен бағдарламаны ұсынады. Әр спортшыға кәсіби қолдау көрсетеді, олардың жетістікке жетуіне атсалысады. Мұнда арнайы мамандар жұмыс істейді. Жиырмадан астам жаттықтырушымыз бар, – дейді «Invictus Karaganda» ЖШС басшысы Дмитрий Бердников.
«Даму» қорының қолдауын сезінген көп бизнес мекемелерінің екеуі – осы. Қор құрылған кезден бастап, елде жалпы несие сомасы 11,4 трлн теңге болатын 197 мыңға жуық бизнес-жобаны қолдағанын айтады аймақтық филиал директоры Әсет Тілемісов.
– Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасы дамуына ықпал етеді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде отандық тауарлар мен қызметтер өндірісі дамып, халықты жұмыспен қамтып, тауар импорты азая бастады, – дейді аймақтық филиал директоры Әсет Тілемісов.
Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бері, облыста кәсіпкерлердің 356 млрд теңге болатын 5 974 жобасы субсидияланып, 3 424 жоба «Даму» қорынан 48 млрд теңгелік кепілдік алған.
– Ал биылғы жылдың басынан бері 393 жоба 24 млрд теңгеге субсидияланса, 349 жоба 5,3 млрд теңгелік кепілдік алды, – дейді филиал директоры.
Жақында қор облыстағы кәсіпкерлерді жеңіл несиемен қаржыландыру мақсатында «Кәсіпкер» атты өңірлік бағдарламаны іске қосты. Осы бағдарлама аясында «ЦентрКредитБанкке» 200 млн теңге салыныпты. Ол қаржыны бағдарлама шарттары бойынша Қарағанды облысында бизнесін тіркеп, жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес өкілдері жеңілдетілген несие ретінде алады. Бір кәсіпкерге 50 млн теңгеге дейін беріледі. Несие – инвестиция, айналым қаражатын толықтыруға жұмсалуға тиіс. Несие мерзімі – 5 жылға дейін. Жылдық мөлшерлемесі – 7%. Мұндай жеңіл несие алу үшін кәсіпкер экономиканың басымдық берілген салаларында қызмет етуге тиіс деген талап бар.
Қарағанды облысы