• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қараша, 2023

Белсенділік басым

191 рет
көрсетілді

Облыстық маңызы бар қала және аудан әкімдерін сайлау Қарағанды облысында да өтті. Атап айтқанда, халық Приозерск қаласы мен Ақтоғай, Осакаров ауданы әкімдерін сайлауға дауыс берді.

Облыстық сайлау комиссия­сы­ның төрағасы Қайрат Нұр­кеновтің айтуынша, түс ауғанша екі аудан, бір қала бойынша 50 пайыздан артық халық өз таңдауын жасаған.

Приозерск қаласында да сай­лау белсенді жүрді. Шағын шаһарда 11 сайлау учаскесі бар. Учаскелерде санитарлық та­лаптар толық сақталып, бақы­лаушылар тарапынан қадағалау жұ­мыстары жүргізілді. Бұл жө­нін­де Приозерск қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бекзат Сәрсенбеков хабарлады.

«Әр ауыл мен қала өз әкі­мін өзі таңдап алады» деген Мемлекет басшысының сөзінен кейін қала халқы сайлауға бейжай қарамағандай көрінеді. Жұрт учаскеге келіп, белсенді дауыс беріп, сайлау қарқынды жүріп жатыр. 6534 қала тұрғыны сайлау учаскелеріне тіркелген. Түске дейін 44 пайыздан астам сайлаушы дауыс берді. Сай­лауға бүкіл жағдай жасалған. Мен дауыс беруге келген адамдардың көптігіне қуандым. Және бұл тек 50 және 60 жастағы адамдар емес. Келушілер арасында 18 жастағы азаматтар да бар. Мысалы, жа­қында ғана кәмелетке толып, сайлауға өмірінде бірінші рет келген жігітті кездестірдім. Бұл жастардың қаланың жағдайына алаңдап, өз болашағына ұмты­лып жатқанын көрсетеді»,  дейді Бекзат Сәрсенбеков.

Ақтоғай ауданы аумақ­тық комиссиясының төрағасы Жанболат Райымбековтің айтуын­ша, 38 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Сайлау учас­келері бекітілген ережеге сәй­кес жұмыс істеді. Әзірге заң бұзу­шылық тіркелген жоқ. Аудан бойынша барлығы тір­кел­ген 10 475 адам дауыс береді деп күтіліп отыр. Денсаулығына байланысты үйінен шықпай-ақ дауыс берген қариялар бар. Осы орайда сайлау учаскесіне келе алмаған қарттардың үйіне жәшікті арнайы апарып, таңдау жасауға мүмкіндік беріліп отыр.

Осакаров ауданында да таң­дау жасауға келген халық бел­сенділігі жоғары. 42 сайлау учаскесі бойынша 54 пайызға жуық тұрғын өз кандидаттарына дауыс берген. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Нұркенов сайлау кешкі 20:00-ге дейін жалғасатынын, қоры­тынды ертең шығатынын мәлім­деді.

 

Қарағанды облысы