• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 05 Қараша, 2023

Шектен шыққан бәсеке

245 рет
көрсетілді

Кадрлық ауыс-түйіс, қаржылық, саяси себептерге байланысты Үкіметте түр­лі өзгерістер жүріп жатады. Жаңа ми­нистрліктер құрылады, қосылады, тіпті жабылып қалғандары да бар. Мәселен, кеңес өкіметінің тұсында Құрылыс материалдары министрлігі болған. Осынау министрлік қазіргі ТМД кеңістігінің шартарабында жүріп жатқан ауқымы орасан құрылыс нысандарына материалдардың өндірілуін, жеткізілуін, әсіресе сапасын қатаң қадағалап, ісін жүргізіп отырған. Бертінде осы министрлікті қайта құру туралы мәселе қаузаған материалдар да жазыппыз. Әлбетте, бұл – басы бөлек әңгіме.

Жуырда бірнеше министрлік қайта қосы­лып, кейбірі қайта ажыраған кезде, осы ауыс-түйісті әжуалағандар табылды. Себебі бес-алты рет «ажырасып», «қосылған» министрліктер бар. Ал біздің айтпағымыз, тікентілді ел ендеше «Той министрлігі де құрылсын!» деп салды. Әрине, той министрлігі құрыла қоймас, бірақ тойларға қатысты ойласатын мәселе шаш-етектен. Бір ғана тойдың айналасында асабадан бастап, ас-ауқаты, дас­тарқан толтыру, кейін түкке керексіз болып шашылып қалатын тойбастар тарату, мал бордақылау, кәдесый, киіт беру, шапан жабу деп кете беретін түрлі бизнес шыр көбелек айналып тұр. Әсіресе әрісі Қытай мен Түркия, берісі көрші елдерден тонналап тасылып жатқан киіттің өзі орасан шығын. Алматының шақырымдарға созылған әйгілі «Барахолкасы» да бүкіл еліміздегі тойларға аттанатын сапасыз тауарларға толы.

Құдай тойдан айырмасын десек те, ең қынжылтатыны – өзіңді де, өзгені де шығынға батырып, шаршататын, тіпті жасамай-ақ қоюға да болатын тойжарыс діңкелетіп тұр. Әрбір адамның өмірінде бір тойы бар десек те, әлди болып өмірге келгенінен бастап, туған күндерді айтпағанда шілдехана, бесік той, сүндет той, тұсаукесер, тілашар той деп кете беретін, бір басына ұлан-асыр бес-алты той жасап тастаған балаларымыз бар. Ауылдағы жұрт ауданға, аудандағы жұрт қалаға шабылып той жасайды. Алтын той, күміс той, 30, 40, 50, 55, 60, зейнет жасы, 70 жасты айтпағанда, ұл-қыздың грантқа іліккені де дабыра. Әскери борышын аман-сау өтеп келген ұлға да «дембель-той» жасау дәстүрі дендеп еніп барады.

Айтқандай, атасы мен әжесі баяғыда ажырасып кеткен тұңғыш немересінің дүниеге келу құрметіне әжесі Таразда өткізген бір той­ға, одан атасы да қалыспай Алматыны дүріл­деткен Бесік тойға да қатысқан жайымыз бар. Екеуі де жақын адамдар, екеуі де бет көріспей кетпейтін жандар болған соң, болмысымыздан аса алмай, ана тойға да, мына тойға да баруға тура келді. Қысқасы, тойдан той.

Той дегенің сағынысып, аңсатып бармаған соң қадірі де қалмай барады. Хан сарайын­дай, ата-бабамыздың да түсіне кірмеген мейрам­ханалардағы ас та төк дастарқандар да жұртқа таңсық емес. Қуанудың орнына амалы құрып,  шаршап отырған адамдар. Бірінің сөзін бірі жаттап алғандай сол асабалар, қайталана-қай­талана жауыр болған, екі келмейтін уақы­ты­мызды ұрлаған, жұрттың зықысын шығар­ған тілектер. Және бұл қашанға дейін жалғасады? 

Ал «Той министрлігіне» келсек, бұл әзіл-оспақ сияқты болып көрінгенімен, ақиқатында оның астарында талай дүние, үлкен экономика айналып жатқаны даусыз. Жарты өміріміз той-томалақпен өтіп жатқандықтан, ағайын-туыстың көңілін жықпайтын, жиынымыз бітпейтін болмысымыз көп жағдайда басқа тірлікке қаратпайтыны да жалған емес. Ана туысқанның баласы үйленеді, мына ағайын қызын ұзатады деп жүріп, өз кем-кетігін бүтіндей алмай жүргендерді айтпағанда, қарызға батқандар, той-томалаққа апаратын қаржыны өзіне қимай, дертін асқындырып алғандар да табылады. Тіпті шақырғанда тойыма келмеді деп, бет көріспей кеткендер де бар.

Бүгінде қай қалаға барсаң да алдымен көзіңе сәні келіскен үлкен тойханалар түседі. Алып шаһарлардың ана жағынан да мына жағынан да мейрамханалар қарсы алады. Мегаполис музейлерге емес, тойханаларға толды. Ең қызығы, самсаған тойханалардың көбі кемі жарты жылға дейін тапсырыс алып қойған, біреуі бос емес. Сәулеті мен салтанаты, бірінен-бірі өтеді. Өңірлердегі ең әдемі ғимараттар да – тойханалар. Бағасы удай тойлардан кейін көбіне талай ас рәсуа болатыны тағы бар.

Ал ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң отыратын чаттарға, әлеуметтік желіге көз жүгіртсең, қарғанып сіленіп, қарызды, несиені айтып, кедейлікке, Үкіметке кіжініп жатқан жұрт. Айтары жоқ.

Шындығына келгенде, той жасап, түрлі сән-салтанаты, аз мәзірі, алтынмен апталып, күміспен күптелген зерлі киімдерімен қонақтарын шалқасынан түсіретіндей шат-шадыман тойлар барлық халықта да бар, бірақ дарақылықтың да шегі бар. Сондықтан «Той министрлігі» құрылмаса да, осы мәселеде біздің елге салиқалы шешім, пайым мен парасат керек.

 

АЛМАТЫ