Бала балабақшаға бармаймын деп қиғылық салса, жиі ауырып қала беретін болса, мінез-құлығында өзгеріс байқалса, демек, мәселе бар деген сөз. Біз әдетте мұның барлығын баланың еркелігіне теліп қоямыз. Оның ішкі жан дүниесіне үңіле бермейміз. Психологиялық һәм медициналық дайындықтың жоқтығынан жаңа ортаға бейімделу өте ұзақ уақытқа созылады. Бұдан шығар жол қайсы? Мамандардан сұрап көрдік.
Үйде өзінің ет жақындарымен ғана өскен баланың жаңа ортаға еш даярлықсыз топ ете қалуы – кәдуілгі стресс. Оның алдын алу үшін ата-ана байыппен әрекет етуге тиіс. Бұл ретте ең әуелі психологиялық даярлық қажет. Баламен жиі диалог құрып, балабақша туралы жақсы пікірлер айтуы керек. Ауладағы ойын балаларының арасына көбірек қосу да құпталады. Өйткені үйде жалғыз өскен баланың ойыншығын бөлісе қоюы не өзінің өзгемен қарым-қатынасқа түсе қоюы оңай болмауы мүмкін. Өзгенің айтқанын тыңдай алатын, өз сұранысын жеткізе алатын жаста бала балабақшаға дайын деп айтылады. Балалар психологі Айгүл Асқарқызы бұл баланың үш жасқа толған кезі деп нақтылады. Оның айтуынша, осы кезеңде баланың өзіндік мені қалыптасады. Өзінің эмоциясын басқарып, басқалардың да көңілін бағамдай алады. Сол сияқты қарапайым қасық ұстау, киіну, өз бетінше дәретке бару, қолын жуу деген сияқты әрекеттерді еш қиындықсыз жасайды. Ал енді ата-анасынан жырақтап көрмеген, ортаға бейімделмеген бала балабақшаға барғанда өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Балабақшаға енді ғана барған балалардың жылап жататыны осыдан.
Екінші кезекте баланы медициналық тексерістен толық өткізген дұрыс. Өкінішке қарай, қазір балабақшаға қажет медициналық анықтаманы еш тексеріссіз жаздырып алатын ата-аналар көбейді. Жалпы тәжірибелі дәрігер Гаухар Жұматқызының айтуынша, медициналық анықтамаларды жаздыртып алу ең алдымен бала үшін қауіпті. Себебі баланың бойында ата-анасы білмей жүрген аурулар болуы мүмкін. Мәселен, баланың денсаулығында созылмалы жүрек аурулары, аллергия, паразит, анемия деген сияқты кінәраттар кездесіп жатады. Сондықтан медициналық анықтаманы жаздырып алмай, ата-ана баласының денсаулығы дұрыс екеніне көз жеткізуі керек. Бұл бірінші кезекте өзі үшін пайдалы.
«Бала балабақшаға барғанда жиі ауырмас үшін оның денсаулығын толық тексерістен өткізуіміз керек. Ол үшін дайындықты балабақшаға барардың алдында 3 ай бұрын бастаған дұрыс. Ең бірінші режимді қалыптастыру керек. Таңертең биологиялық сағаттар кезінде ояну денсаулық үшін өте пайдалы. Балалар үшін бұл таңғы сағат 06:00-08:00 аралығы. Егер балаңыз таңғы 08:00-ден кешірек тұрса, режимді біртіндеп алға жылжыту қажет. Яғни, 10:00-де оянатын баланы бір күні 09:45-те, келесі күні 09:30-да оятып тұрақты режим қалыптастыру керек. Сол сияқты түскі ұйқы да өз уақытымен болғаны дұрыс. Өйткені иммунитет ұйқымен тығыз байланысты. Ұйқысы дұрыс емес баланың иммунитеті нашар болады», деді Г.Жұматқызы.
Дәрігердің айтуынша, келесі кезекте баланың дұрыс тамақтануына назар аударған жөн. Үйде мейлінше пайдалы тағамдар мен дәрумендерді көбірек тұтынған баланың денсаулығы да жақсы болады.
Бұдан соң тиісті анализдер тапсырып, денсаулықтың жағдайынан хабар алған дұрыс. Егер баланың бойында дәрумендер жеткіліксіз болса, ол балабақшаға барғанда ауруды тез жұқтырады.
Минималды чекапқа мыналар кіреді:
Жалпы қан анализі. С‑реактивті ақуыз ферритин жалпы ақуыз, альбумин 25-OH D дәрумені витамин В 12 , фолий қышқылы; инсулин, глюкоза.Анализ қорытындыларынан кейін қандай да бір аурулар анықталса көп ұзатпай емдеу керек. Әдетте балаларда іш қату, паразиттер, анемия сынды созылмалы аурулар кездеседі. Бұл аурулар иммунитетке қосымша күш түсіреді. Оларды балабақшаға бармай тұрып түбегейлі емдеп алған дұрыс. Өйткені баланың иммунитеті балабақшада онсыз да түрлі инфекциямен күреседі. Әйтпегенде ағзаның барлығына бірдей төтеп беруіне әл-дәрмені жетпейді.
Біз баланы жоғарыда айтылған кеңестер бойынша дайындап алдық делік. Ал енді балабақшаға барғанда бізді не күтетінін бағамдап көрейік.
Балабақшаға бейімделуге қанша уақыт кетеді?
Балабақшаға алғаш келген бала бірден жағдайдың мәнісін түсіне қоймайды. Қанша психологиялық дайындықпен келсе де әр баланың ортаға үйренісіп кетуіне әр түрлі уақыт қажет. Балалармен жұмыс істеуде 15 жылдық тәжірибесі бар №18 «Аяжан» мемлекеттік балабақшасының тәрбиешісі Майра Уәлиқызының айтуынша, бір бала 2 аптада үйренсе, кей бала 1 айда үйреніп кетуі мүмкін. Тіпті, 4 ай мен 1 жыл аралығындағы уақытты қажет ететіндер де табылады. Мұндайда бала тәрбиешіге үйреніскенімен, балаларға үйренісе алмай жатады. «Адаптация кезінде ата-ана балаға барынша қолдау көрсетуі керек. Ата-ана баласын өзге балалармен салыстырып, баланы жазғырмауға тиіс. Әр бала әр уақытта бейімделеді», дейді ол. Бұл ретте ата-аналар баласын балабақшаға қалдырарда ең алдымен баламен дұрыс қоштасуы керек. Жұмысқа қанша асығып бара жатса да, жылап жатқан баланы жұбатып, кешке қайта келетінін айтып, түсіндіруі тиіс. Балам жылап қалады деп апыл-ғұпыл «қашып, тығылып» кетететіндерді де көз көрген. Бұндай әрекет бала психикасына кері әсер ететінін түсінуіміз тиіс. Баланы алғашқы кездері балабақшада 2-3 сағатқа ғана қалдыру біз айтпасақ та жұртқа мәлім нәрсе.
Баласын балабақшаға енді ғана берген аналардың қорқынышы басым келеді. Көп ана «Сені ешкім ұрмады ма? Тамағыңды дұрыс берді ме?» деген сияқты өз күдігін баласына артып қояды. Мұндайда балабақшаның не екенін әлі толық түсіне қоймаған бала «бұл жерде мені ұруы мүмкін, бұл қауіпсіз орта» деген негативті ойда жүреді. Сондықтан да психолог Айгүл Асқарқызы ата-аналарға балабақша туралы позитивті пікірлерді балаларына көбірек айтуды кеңес береді. Балабақшадан шыққан балаға «Бүгінгі күнің өзіңе ұнады ма? Апайың сені бүгін мақтады. Балабақшаның тамақтары дәмді деп жатыр, саған ұнады ма? Тәрбиешілерің өте жақсы адам» деген сияқты жақсы сөздерді балаға көбірек айтқанда баланың санасы соны жақсы сіңіреді.
Бала балабақшаға бармаймын деп қиғылық салса, бірден тәрбиешіні жазғырудың қажеті жоқ.
«Баланың жаңа ортаға қызықпауы ата-ананың тырнақ астынан кір іздей беруінен қалыптасады. Бала бәрін сезеді, жылдам қабылдайды. Ата-ананың күдігі арқылы бала психикасы балабақшаны қабылдағысы келмейді. Қандай да бір мәселе болса, ата-ана мән-жайды баладан емес, бірінші тәрбиешіден сұрап шешім шығарғаны дұрыс. Бала әр түрлі сезімде жүреді. Ол бірде көңілді, бірде көңілсіз жүргенде артық айтуы мүмкін, кейде керісінше айтуы мүмкін. Соған ата-ана сеніп қалады. Ата-ана баладан сұрау арқылы оны өтірік айтуға итермелейді. Саналы ата-ана баладан сұрамау керек. Бірдеңе ұнамаса тәрбиешімен тікелей сөйлескені жөн. Ал тәрбиешіге барлық бала бірдей», дейді психолог.
Бала балабақшада тәртіпті болып, үйге келгенде бар өнерін көрсетсе де кінәрат ата-анадан. Олардың баланы тым өбектеуінен бала осындай күйге түседі. Үйде әбден еркіндік көріп, еркелікке салынған бала балабақшада томағай тұйық болып, үйге келгенде барлық эмоциясын төгіп салады. Мұндайда әрине ата-ана баланың сезімдерін түсінсін. Бірақ еркелетудің де өз шегі бар екенін қаперде ұстаған жөн. Шектен тыс еркелеген бала осындай мінез шығарады.
Еркіндік балабақшада да бар. Тәрбиеші Майра Уәлиқызы өз бағдарламасында мұны жиі негізге алатынын айтады. «Балалармен сурет салу, аппликация жасау, ермексазбен жұмыс істеу деген сияқты түрлі нәрселер жасаймыз. Мұндайда барлық бала бір іске қызыға бермейді. Біз ондай сәтте баланы мәжбүрлей алмаймыз. Балаларға еркіндік беріледі. Ойыны қанбаған бала ойнайды, сурет салғысы келген бала бояйды. Әр баланың қызығушылығы әр уақытта ашылады. Бүгін бала ойын қуғысы келсе, ертең сурет салғысы келеді», дейді ол.
Баланың адаптация кезеңінде тағы бір шетін мәселе бар. Баласы балабақшаға баратын ата-аналар мұны жақсы түсінеді. Түрлі кесел жабысып, аурудан көз ашпайтын күндер бітпейтіндей көрінеді.
Бала жиі ауырмас үшін не істеу керек?
Иммунитеті енді ғана қалыптасып келе жатқан бала балабақшада түрлі инфекцияны жұқтырады. Үйде орта есеппен 4-5 адаммен байланыс орнатып жүрген бала балабақшада кем дегенде 20 адаммен қарым-қатынас құрады. Әр адамның бойында өзімен бірге тасып жүретін өз инфекциясы болады. Ол біреуде жасырын, біреуде айқын көрінуі мүмкін. Баланың ағзасы сол инфекциямен алғаш рет кезіккенде теріс реакция көрсетеді. Әуелгіде бала ол инфекцияны ауыр қабылдайды. Кейінгілерде оған иммунитет қалыптасады. Оның түрлі инфекциялық аурулармен танысып шығуына әдетте 6 айға дейін уақыт кетеді. Кей балада ол 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, тар жерде көп адамның шоғырлануы мен ауаның белгілі деңгейде алмаспауынан балалар жиі ауырады. Ауа айналымы жоқ жерде вирустар мен бактериялар тез көбейеді. Сол себепті балабақшада терезелерді жиі ашып, ауаны тазартып тұру керек. Үшінші себеп – стресс. Бұл туралы жоғарыда кеңінен айтып өттік. Стресс адамның психологиялық жай күйіне ғана емес, оның иммунитетіне де салмақ түсіреді. Баланың жиі ауруына бұл да әсер етеді. Осылайша адаптация кезеңінде баланың психологиясы ғана емес, оның ағзасы да жаңа ортаға бейімделеді.
Дәрігердің айтуынша, балабақшаға баратын балалар респираторлы және ішек инфекцияларын көп жұқтырады. Бұл инфекциямен балалар жылына 6-12 рет ауруы мүмкін. Ол ауа арқылы және лас қолмен мұрынды, көзді ұстау арқылы жұғады. Сондай-ақ статистикалық деректер бойынша отитпен балабақшаға баратын балалар үйдегі балалармен салыстырғанда 2-3 есе жиі ауырады. ХиБ және пневмококк бактерияларына қарсы екпе алған балалар арасында отит 60 %-ға дейін азайған. Сол үшін дәрігердің ұсынымымен екпелерді уақтылы алған дұрыс. Жиі кездесетін тағы бір аурудың түрі – ішек инфекциясы вирусты және бактериялық жолмен жұғады. Вирусты түрі ауа, байланыс арқылы жұқса, бактериялық ішек инфекциясы көбіне гигиеналық - санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда тамақ арқылы жұғады. Сонымен қатар педикулез, қышыма, контагиозды моллюска, импитего сынды тері аурулары да жиі кездеседі. Ол тығыз жанасу арқылы жұғады.
Әр баланың жеке иммунитетіне және гигиеналық шараларға байланысты кей бала жиі, кей бала сирек ауыруы мүмкін. Осы кезеңде антибиотиктерді оңды- солды қолданып, оған деген тәуелділікті арттырып алмау маңызды. Өйткені антибиотикті көп тұтынғанда иммунитет әлсірей түседі. Осы ретте дәрігер Г.Жұматқызы бірнеше кеңес айтты:
- Баланы қабаттап киіндірмеу, денесін салқынға үйрету;
- Күнделікті рационға көкөністер мен ақуыздарды, ет тағамдарын міндетті түрде қосу;
- Жылына 1 рет анализ тапсырып, ағзаға қажет дәрумендер, минералдар орнын толықтыру;
- Таза ауада көбірек серуендеу;
- Антибиотикті тек көрсеткіш бойынша қолдану;
- Терезені жиі ашу, ашық терезе астында ұйықтау;
- Таңертең балаға Д дәрумені мен йод беру;
- Күнде балабақшаға барарда баланың мұрнына физиологиялық ерітіндіні сеуіп жіберу;
- Балабақшадан келген кезде міндетті түрде қолын жуу;
- Екпелерді уақтылы алу.
Міне, осы қарапайым дүниелерді есте ұстағанда аурудың кез келгеніне оңай төтеп беруге болады.