• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 06 Қараша, 2023

Жанкештілікпен келген «күрең берет»

276 рет
көрсетілді

Арнайы жасақ сарбаздарына «күрең береттің» иесі атану үшін үлкен күрес қажет. Бұл дәрежеге сапта жүрген жігіттердің бәрі қол жеткізе бермейді. Айтуар Асқар да әуелгіде әлгі ауыр сынақтан сүрінеді. Екінші мәрте бағын сынап, қажыр-қайраты, қайсарлығының арқасында осы дәрежеге қол жеткізген.

Айтуар Кенжебайұлы – тоғыз баланың кенжесі. Ауылдағы қара домалақ ұлдың үлкен бір арманы – Отан тыныштығын күзету, жасақ қатарына өтіп, үздік жауынгер атану. Осы ой бала Айтуардың жігерін жаниды. Ол кезде қазіргідей ауылда дене жаттықтыратын жағдай жоқ еді. Бірақ ойға да, қырға да, тауға да жүгіреді. Үйінің ауласындағы тур­никке түрлі тәсілмен тартылады. Басқа да жаттығу түрлерін мең­гереді.

Біраз шыныққан соң алға қой­ған мақсатын жүзеге асыруды діттеп, қаланы бетке алады.

«Бүркіт» арнайы жасағына өтпек бол­ғанымен, екі рет сыннан сүрінеді. Сүрін­генімен сына қоймады. Керісінше, жігерін жанып жа­сақ қатарына ілігеді. Жасақтағы лақап аты – «Қазбат».

Енді оны «күрең берет» жолын­да­ғы күрес күтеді. 2014 жылы Айтуар ел бойынша «Осы күрең беретті аламын» деп алдына мақсат қойған 180 сарбаздың бірі еді. Бұл жолда оны 75 шақырымдық «ауыр өткел» күтіп тұрды. Онымен қоса, 25 килолық қару-жарағы, су-тамағы салынған дорбасы бар. Әлгі шақырымды жүгіріп өту керек.

Алғашқы кезеңде 100 метрлік қашық­тыққа белгілі бір уақыт аралығында жедел жетеді. Одан соң беліндегі қанжарды немесе сапер күрегін лақтырып нысанаға қадап және арнайы радиобайланыс құрылғысын (приемная рация) жинап іске қосады. Жедел танкідегі сарбазға байланысқа шығады. Сынақтың осы бір кезеңінде 180 сарбаз 100-150-ге азаяды.

Жоқ, біздің ойлағанымыздай, тек қару-жарақ асынып, 75 шақы­рым­дық қашық­тықты жүгіріп өту емес екен. Осы аралықтағы 5, 20 шақырымдық бөгет­тер мен тапсырмалар үлкен күшті қажет етеді. Бұл сынақтан соң сарбаздар қамысты, батпақты өзенді кешіп өтуі керек. Қара күздің кезіндегі су да тастай салқын емес пе? Осы кезде аяқ­та­ры тартылған көп сарбаздың сабыры сар­қылады.

Батпақты өзеннен өткен соң «Алдыңғы шептен шабуылға тойтарыс беру» сынағы беріледі. Бұдан соң 10 шақырым жүгіріп өтіп, бекініс шұңқырын қазасыз.

– Шұңқырды тұрып емес, бір қыры­мыз­бен жатып және өз бойымызға шақ­тап­ қазамыз. Себебі тұрған сарбаз оққа ұшуы мүмкін. Келіп жеткен сарбаздар арасы 5 метрден бір сызыққа жата қала­мыз да, күрекпен жер қаза бас­таймыз. Шұң­қырдың ұзындығы бойымызбен бірдей, ені 60 санти­метр, тереңдігі 30 сантиметр болуы шарт. Сенің қандай жерге жатарың беймәлім. Тастаққа немесе сазды аймаққа түсіп қалуың бек мүмкін. Мұндайда саған жаны ашып, басың­нан сипар ешкім жоқ. Тасқа кезіксең, тесу – міндет. Тек­серу комиссиясының талабы бо­йынша, шұң­қыр қырлы, әрі топырақ түс­пестей түзу қазылуы керек. Сонда ғана бұл сын өтке­рілді деп саналады, – дейді «кү­рең берет» иесі.

Осыдан кейін сарбаздар тағы 10 шақы­­рым­ жүгіріп өтіп, «Жасы­рын түрде қоз­­ғалу» тапсырмасын алады. Етбетінен жа­­­тып, шынтақпен еңбектеу арқылы 50 метр­ді өту керек. Үзіліссіз. Дәл осы сәт­те­ қалған 50-60 сарбаздың біршамасы әлсі­­рейді.

– Сарбаздар өздеріне «Кета­нов», «Кеторол» сынды дәрілер салып жатады. Өйткені мақсат – біреу. Ол – «күрең берет». Жолда уақыт үнемдеп межелі жерге алды­мен жеткен сарбаздар жүрек жал­ға­мақ­қа қоржынындағы шай қасықты қолға алғанда салмағын сезінеді. Өйткені сапар алыс, күш сар­қы­лып келеді. Айдаладағы меңіреу даланың әр дыбысына, тіпті нан шайнағандағы жағың­ның дауысына ызаң келетіндей болады. Керек ыдыстарды, су құйғыш (фляжка) қасық пен күрешкені арнайы мата­ларға орап сылдырламастай етіп сала­­мыз қоржынға. Себебі командирлер орта жолда титтей дыбыс жүйкеге тиерін әу бастан үйретеді. Қатты шаршағаннан сар­баз­­дардың көзі­не түрлі елес (галлюцина­ция) елестейді. Тән қанша төзсе де, ми шар­шап, абдырап қалады. Мұндайда тек бір мезетті ойлау керек. Ол – ел алдындағы бо­рыш, отбасыңның сенімі, алға қойған мақ­са­тыңнан танбау. Бұл – үміттің жетегі, – дейді Айтуар Асқар.

Ендігі тапсырма – «Жаралы жауын­гер­ді қауіпсіз аймаққа сүй­реу». Одан әрі «Газ түтік­ше­сі­мен жүгіру» 400 метр жү­гіру. Әлсі­реп әрең келе жатқан сарбаз газ түтікшесін кигенде, тынысы тіпті тары­ла­ды. Осы тұста сарбаздар біріне-бірі қарай­ласады.

«Осы кезде қатарымыз 20 сар­базға кеміді. Келесі тапсырмаға дейін 1-2 минут­ уақы­тымыз бар. Шөлдегеніміз сонша, суды бөтел­кесімен бірге жұтудың аз-ақ алдындамыз. Бірақ суды шөлдедім деп сіміре беруге де болмайды. Суалған дене бір демнен суды көп қабылдаса, аяқ-қол тартылып қалады», дейді Айтуар Кенже­бай­ұлы.

Бұдан кейін – «Картамен бағ­дар­лау немесе әскери топография». Мұнда қо­лын­да­ғы компосымен діттеген жерін дұрыс бағ­дарлап, жедел жету қажет. «Оқ дәрі тасы­малдау», «кедергілер жолағы», «өз қа­руын тексеру» және соңғысы – «жекпе-жек».

Соңғы сын – аса ауыр кезең. Тың отырған үш «күрең берет» иегерімен жекпе-жекке шығу қажет. Күш әбден сарқылғанда қайдағы қоян-қолтық ұрыс? Бірақ соңғы сынақ Айтуардың намысын оятады. Алғашқы жекпе-жекте ауыр соққы бір көзін ашқызбай тастайды.

«Көзімнің біреуі ашылмайды. Бір көзім бұлдырап барады. Дереу есімді жиып, қарсы ұмтылып, қолымды мен де сермедім. Сол уақытта «уақыт» деген пәрменнен селт етіп, келесі алаңға өттім. Онда да келесі «күрең берет» иегері күтіп алып, соққылады. Бет-ауызымнан аққан қан көзімді жауып қала береді. Қан мен тер қоса аққан сәтте отбасым, маған сенген елім мен туған жерім есіме түсті. Бұл соңғы серпіліс, шешуші сын еді. Мен «күрең берет» иеленген 15 сар­баздың қатарындамын. Менің міндетім – еліміздің тыныштығын сақтау, бейбіт күндердің себепкері болу», деп түйді сөзін «Қазбат».

 

Қарағанды облысы