• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Қараша, 2023

Жиен неге ел болмасын?

1583 рет
көрсетілді

Халқымызда жиен ұғымына қатысты мағынасы бір-біріне қарама-қарсы келетін нақылдар бар. «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген ағайынға «Жиен неге ел болмасын, малы болса, желке неге ас болмасын майлы болса?» деген қарсы уәж айтылғаны мәлім. Бұған қоса, «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан, үйдің жақсы болмағы – ағашынан» деген әлмисақтан бері айтылып келе жатқан сөз де бар.

«Жиен ел болмас» дей тұра, қазекем жиенді өз баласынан артық көрмесе, кем көрмейді. Оны ерекше еркелететіні де белгілі. «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар», «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген мақалдар – соның айғағы. Нағашы мен жиен арасындағы жарасымды әзіл-қалжың да – ертеден келе жатқан ұлттық дәстүріміз.

Ал жиеннің «ел болмайтыны» – ұлты­мыздың «Қыз – жатжұрттық» деген ұғымымен сабақтас қағида, һәм баяғы заманда руаралық дау-дамайда жиендер өз атасына тартып кеткендіктен айтылған сөз болса керек. Сондықтан да болар, қазекем қызынан туған баланы «немере» деп атамаған.

«Заманына қарай адамы» демекші, ұлттық діліміз бен ата салт-дәстүрімізден айыра жаздаған кеңес өкіметі тұсында және одан кейін еліміз Ата заңына сәйкес демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет орнатуға ба­ғыт ұстанған тәуелсіздік жылдарында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге күш салынғандықтан, Мөңке би айтып кеткендей, отбасында әйел би болған заман туып, қыз бен жиеннің туыстық қатынастағы орындары айтарлықтай өзгерді. Шынтуайтында, қазір қыз емес, ұл – жатжұрттық болғандай әсер қал­ды­ратын жайттар жиі болып жатады. Бүгінде жұрттың көбі жиенді немере деуге көшкендігі де жайдан-жай емес.

Әрине, мұны Мөңке би бабамызша «ақырзаманның басы» деп жорудан аулақпыз. Жаһанданудың жемісі десек, жаңылыспаспыз. Оның үстіне, «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деген сөз бекер айтылмаған. Уикипедия: «Биологиялық сараптама жасаған ғалымдардың пікірінше, баланың қан құрамының 70 пайызы анасынан беріледі деген тұжырым бар», дейді. Еврей халқының адамның ұлтын анасына қарап анықтайтыны да содан болар.

Әйтсе де, ұлтымыздың ежелгі дәстүрін сақтап, жиенді – жиен, немерені немере деп атап қана қоймай, олардың әрқайсысының өз орнын білгеніміз, әсіресе ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан, жиен­ге көрсетілетін айрықша құрмет пен жөн-жоралғыны ұмытпағанымыз дұрыс сияқ­ты. Мұның өзі кез келген баланың өз жұр­тының тарапынан қызғаныш тудырып, мыңжылдық туыс болуға уағдаласқан құдаларымен қарым-қатынасына сызат түсіріп, араларын алшақтатпай, тіпті жа­қын­дастыра түсетін маңызды жайт емес пе?

Осы орайда жиенді немере деп атап жүрген нағашылардың көбінің қыздан басқа, ұлы жоқ болып келетіні де белгілі. Мұны жеке басының қасіреті санап, өле-өлгенше өкініп өтетін адамдар да бар. Бірде осындай қайғысын бөліскен бір ағайынымыз: «Құдай маған бес жақсы қыз бергенше, неге бір жаман ұл бермеді екен? Ата-бабамның шежіресі менімен аяқталып, тұқымым құритындай не жаздым екен сонша?» деп ауыр күрсінген еді. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарияға жұбату айтқанымызбен, оның көңілін көтере алмадық...

Петропавл қаласында қатарлас қызмет істеген бір беделді азаматқа да Алла тағала үш қыз бергенімен, ұл берген жоқ. Бірақ ол бәз біреулерше отбасын бұзып, «тоқал» алып, одан ұл сүюді ойына да алған жоқ. Қыздарының бәрін өз қолынан ұзатып, жиенді болып, құдаларымен бірге той-томалақ жасап, қуанып жүрді. Тек арада уақыт өте келе төрт бөлмелі даңғарадай үйде зайыбы екеуі ғана қал­ғаны қабырғасына батып, көп ойланып-толғанып, ақыры бір шешімге келіпті. Зайыбына тұрмыстағы қыздарының бірі­нің жаңа туған ұл баласын бауырына салып, өз атына түсіруді ұсынған екен, ол қуана келісіпті. Олардың өтінішіне ұлы жаңа дүниеге келіп жатқан қызы мен күйеу баласы ренжімей құлақ асып, келісімдерін беріпті. Осылайша, ұлы жоқ азамат ұлды болып, немереге айналған жиеніне азан шақырып ат қойғызып, өзінің тегін берді. Жиен неге ел болмасын?