Қазіргі жастар арасында буллинг жайы өткір тұр. Бұл «Жастарды әлеуметтендіру тәуекелдері» зерттеуі барысында белгілі болды. Тамыз айында жүргізілген сауалнамада респонденттердің 49,3 пайызы буллингті басынан өткергенін айтқан. Ең сорақысы, қатарластарының мұндай қағытпа әрекетіне тұрмыстық әлеуеті әлсіз жастар жиі кезігетін көрінеді.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Next time» қоғамдық қорымен бірлесе әлеуметтік зерттеу нәтижелерінің тұсаукесерін өткізді. Іс-шарада зерттеу жан-жақты талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Пікірталас алаңының жұмысына мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының, ҮЕҰ өкілдері мен жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысты.
Құжатта мемлекет назар салуға тиіс біраз мәселелер тізбектелген. Ашып айтсақ, төмен жалақының – 32,6 пайызы, экология проблемасының – 28,5 пайызы және жұмыссыздықтың 27,2 пайызы белгілеген. Ел болашағына тұсау болатын өзекті мәселелер қатарына жастар қылмыстың өсуін (31,9%) және барлық салалардағы ауқымды сыбайлас жемқорлықты (31,4%) да көрсеткен.
«Ауқымды қоғамдық және технологиялық трансформациялар, ақпараттық ағындардың өзара енуі жағдайында әлеуметтік қатынастардың бүкіл жүйесі, оның ішінде құндылық бағдарлары мен халықтың жалпы эмоционалды фоны айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды. Бұл трендтер жастардың көңіл күйі мен дүниетанымына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Жастарды әлеуметтендіру үдерісінде нашақорлық, құмар ойындар және қорқыту мәселелері де өзекті. Атап айтқанда, респонденттер өздері немесе олардың айналасындағылар марихуана сияқты есірткі түрлерімен – 40,7, жылдамдықпен – 30,5 және кокаинмен 27,1 пайызы кездескенін атап өтті. 18-21 жас аралығындағы респонденттер – марихуананы, 31-34 жастағы үлкендері кокаинді жиі атап өтті», деді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова.
Бүгінде қоғамның өзегін өртейтін түйткілге айналған лудомания турасында да зерттеу жүргізілген. Пікірталас аясында жастардың спорттық бәс тігуге – 78,9, онлайн бас тігуге 65,2 пайызы кезіккен. Олар мұндай форматтағы жарнамалардың көпшілігін көшеден, кино, телехикаяларды интернеттен көру барысында жолықтырған.
«Зерттеу нәтижелері қазіргі жастардың әлеуметтену қаупі дамудың экономикалық және әлеуметтік-мәдени аспектілеріне әсер ететіндігін көрсетеді. Бұл проблемалар бүгінде жалпы халықтың 28,9 пайызын құрайтын жастармен қарым-қатынас орнатуға айтарлықтай қысым жасауы мүмкін екенін түсіну маңызды», деп түйіндеді жиынға қатысқан әлеуметтанушы Әлімхан Күдеринов.
Дариға ҚҰРМАНӘЛІ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ 4-курс студенті