Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Сол себепті де энергетика саласындағы жұмысты жетілдіру Мемлекет басшысының тікелей назарындағы мәселе. Күннен қуат алатын энергия көздері бойынша аймағымыз республикадағы көшбасшы өңірге айналды. Жақында Қарағанды облысы тағы бір «жасыл» нысанмен толықты. Балқаш қаласының Қоңырат шағын ауданына жақын орналасқан өнеркәсіптік алаңда «СЭС 4,77 мвт» күн электр стансасы іске қосылды.
Ірі жобаның құрылысы наурыз айында басталған. 10 гектар станса аумағына 8850 күн сәулесінен қуат алатын панель орнатылған. Күн-электр стансасы жылына 4,77 мегаватт электр энергиясын өндірмек. Өндірілетін электр энергиясын тұтыну арқылы көмір жағуды 16-18 пайызға азайту жоспарланған.
Қуат өндіру орнын салу жұмыстарын отандық құрылыс компаниясы атқарған. Құрылысқа 10-ға жуық жұмыскер жұмылдырылған. Ал қазір 2 адам тұрақты жұмыс істейді.
Алты шақырымнан астам ұңғымалар бұрғыланды. Салмағы 200 тоннадан асатын 177 металл конструкциялар жиынтығы орнатылды. 64 шақырымға сым мен кәбіл тартылды.
– Стансаға орнатылған екі жақты панельдер тікелей күн сәулесін де, жерден шағылысқан сәулелерді де пайдалануға мүмкіндік береді. Олардың белгіленген қуат коэффициенті жоғарылайды, бұл пайдалану тиімділігін арттырады. Компаниямыз таза және тұрақты энергияға ұмтылатын басқа аймақтарға үлгі болуды мақсат етеді. 2035 жылға қарай Қазақстанда ЖЭК үлесі шамамен 15 пайыз болады деп болжанып отыр. Біз өз үлесімізді осыған аз да болсын қостық. Жұмысты уақытында орындаған бұрғылаушылар тобына алғысым шексіз. Электриктер мен БПП реттеушілерге мердігерлердің қатысуымен станса жабдықтарын іске қосқаны үшін рахмет айтамын. Біздің компания ұсынатын күн электр стансасы – бұл инновациялық технологиялар мен экологиялық таза энергия көздерін құруға деген күш-жігеріміздің көрінісі, – дейді «Коунрад мыс компаниясы» ЖШС техникалық директоры Виталий Логачев.
Мұнымен қоса, «СЭС 4,77 мвт» күн электр стансасының ашылуына қатысқан Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, қалалық мәслихат төрағасы Ахат Мүслімов, облыстық экология департаментінің бастығы Дархан Ерғалиұлы және тапсырыс беруші компанияның департамент басшылары құттықтауларын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуге бастамашы бола отырып, экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғауды экономикалық бағыттың негізгі бағыттарының бірі деп атады. Еліміздің өңірлерінде көмірқышқыл газының бөлінуін шектеу және өсіп келе жатқан шөлейттенуді ауыздықтау үшін Мемлекет басшысы бес жыл ішінде ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызу міндетін алға қойып отыр. Міне, жаңа күн электр стансасы ашылып отыр. Мен балқаштықтардың атынан алғыс білдіремін. Халықтың үнемі өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қоршаған ортаны қорғай отырып, қанша өндіру керек, қалай өндіру керек, кімге өндіру керек деген мәселелерге үлкен мән беретін кез келді. Біз мұндай бастамаларды қолдауға әзірміз. Жаңа нысанның жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Бұған дейін де Балқашта қуаттылығы 40 МВТ болатын «Гүлшат» күн электр стансасы іске қосылған еді. Құны 46 миллион долларды құрайтын жоба бүгінде ел игілігіне айналып отыр. Жаңа электр стансасының да пайдасы орасан болмақ.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы