Қасым Аманжолов «Көп туса қазақ дәл сіздей қызды...» деп жырға қосқан ана тіліміздің абыз анасы, академик Рәбиға Сыздықовадан сұхбат алу қай тілшіге де жауапкершілік жүктейтін еді. Академикпен сұхбат тыңғылықты әзірлікті қажет ететін. Кітапханаға барып, еңбектерімен танысып, кейіпкер болмысын ашудың бар қырын зерттеп барып, жүрексіне тұрып телефон шалар едік.
Соңғы рет қоңырау соққанымызда тұтқаны шәкірті көтерді. «Шәкірт» дейміз-ау, әйтпесе шәкіртінің өзі – бүгінгі тіл ғылымындағы шоқтығы биік тұлғалардың бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Бұйымтайымызды тыңдап алды да: «Сұрақтарыңызды алдын ала даярлап, қағазға жазып берсеңіз дұрыс болар еді. Мен апайдың қолына табыстаймын», деді. Дайындықпен жасалатын сұхбаттың дәмсіз, құрғақ болатынын айтып, бетпе-бет жүздесіп, тікелей әңгімелесудің жөні бөлек екенін түсіндіруге тырысып жатырмыз. «Жоқ!» деген сөзінен танбады шәкірті. «Түсініңіз, апайдың жасы тоқсаннан асып, жүзге таяды, әбден қартайды. Санасы әлі де сағат секілді сартылдап тұрғанымен, әңгіме екпінімен, ет қызуымен абайсызда бір сөзі сәл қисық айтылып қалса, ол ертең баспасөзде жарияланса, бүкіл қоғам ғылымға сіңірген еңбегін былай ысырып қойып, сол сөздің тонын теріс айналдырып, бұрмалап, ғалымның өзіне тарпа бас салады. Жеке басына өтіп, жүндей түтеді. Енді қартайған шағында ұстазымыздың әзиз басын әлекедей жаланып пәле іздегендердің қолжаулығына айналдыра алмаймыз!»
Аяулы ұстазының абыройын қоғамның қорқаулығынан қызғыштай қорыған шәкірттің адалдығы сүйсінтті. 80-жылдары кеңестің қаһарынан қорықпай, қанатымен су бүріккен қарлығаш сияқты Аралдың қасіретін айтып шырылдағанын, Желтоқсанда ұстанымын ашық айтқан азаматтық белсенділігін, жалпы өнерге сіңірген еңбегін тұтас тәрк етіп, тек «ақ патша» деген әңгімені алдыға шығаратындардың Роза Бағлановаға жасаған қиянаты еске түсті. Бала секілді көңілі таза, жаны нәзік апамыз сұхбат сұрағандардың бетін қайтармай, соңыра өзі сынның астында қалатын.
Бес-алты жыл ілгеріде шәкіртпен болған сол әңгіме бүгінгімен салыстырғанда әлі де болса «иман-таразы» екен. Басқаны қойғанда, Абайдың өзін аямайтындарға қалған қазақ бұйым болып па? «Бүгінде кім туралы не айтылмай жатыр» деп назар аудармауға тырысқанмен, қария жасына жеткен көрнекті тұлғаларды студияларына шақырып алып, шетінен орға итеріп, жарға жығып жатқанын қай адамдыққа жатқызуға болады?
Ақсақал тұлғалар аз қалды. Денін халықтың өз махаббаты қорғап тұр. Қалғаны өзін-өзі қорғамаса, қайран жоқ. Қатардағы қарапайым еңбек адамына кешірілетін қателік ел алдындағы зиялы мен мемлекет тұтқасын ұстаған қайраткерге кешірілмейді. Аузына тәубе ұялаған ақсақалға аса белсенділік жараспайды, қолқа салғанға қолқ етіп, шақырғанға шаба жөнелмей, сабыр сақтағаны да дұрыс-ау. Көпті көргені де рас, көп білетініне де сенеміз, кеңесі де маңызды, ақылы да қонымды. Бірақ бетіне қарап телміртіп, аяғына бас ұрғызып қойған әлеуметтік желіде ауыздан шыққан сөзді допша домалатып, сөз ойнатуға құмар қоғамдастар сол ақылды қажетсіне ме өзі?
Махамбеттің «Арғымақ, сені сақтадым, құлағың сенің серек деп. Азамат, сені сақтадым, бір күніме керек деп...» деген әйгілі өлеңі ойға оралады осындайда. Ескі қазақтың дүниетанымында тұрған «жақсының қадіріне жету» деген ұғымды, бүгінгі тілмен айтқанда, өткен ғасырда өмір сүрген алдаспан ақын «азамат» деп зиялыларды, сүттің бетіне шығар қаймақты, жақсы мен жайсаңды меңзеп тұр. Азамат – мемлекетшіл тұлға, елдің абыройы. Жақсылар біздің әр күнімізге керек, кейінгі жүзжылдықтарға керек.
Американың қазіргі ұлттық байлығы – киносы десек, сол киноны тудырған суреткер режиссерлерді, қоғамының шындығын көрсете алған тарихи, мәдени маңызы бар, бүгінгі Америка киносының қуатын көрсете алатын фильмдерді, тіпті шоу-әнші Мадоннаны, «Queen» тобының музыкасын АҚШ Конгресі «ұлттық байлық» деп жариялапты. Ағылшындар әйгілі жазушы Агата Кристиді «ұлттың байлығы» Елизавета патшайыммен тең санап, қаламгердің аты мен әдеби мұрасын мемлекет заңымен қорғап отыр. Бұл адамдар елге үлкен қаржы, мәртебе, бедел әкеледі. Бізде дәл қазір елге бедел әкелген, мәртебе сыйлаған Димаш болып тұр. Димаштай көрнекті азаматымызды да көре алмай, күңкіл сөзбен күндеп отыратындар жетеді.
Қазақтың талай азаматы қуғын-сүргінге ұшырады. Жоспарлы-жоспарсыз ажал құшқандар қаншама. Тірісі тіпті көп емес, жамандығын тергіштемей, кесек дүниесін күнде айтып, оларды онлайн-агрессиядан қорғап отыру саналылардың бір міндетіне айналса қанеки...