Ресей Президентінің Қазақстанға сапары мемлекеттеріміз арасындағы 2013 жылы қол қойылған ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарттың он жылдығы аясында өтіп отыр. Бұл шарттың атауының өзі елдеріміздің табысты қарым-қатынасын аңғартады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ынтымақтастығымыздың тарихы бай, болашағы жарқын. Мұның бәрі – 30 жыл бойы Ресеймен достық, тату көршілік, сындарлы диалог құрып келе жатқанымыздың нәтижесі.
Мартин Лютер Кинг «ағайын ретінде бірге өмір сүруді үйренуіміз керек, әйтпесе, ақымақ сияқты бірге өлеміз», дейді. Меніңше, екіжақты қарым-қатынасымыздың мәні осында жатса керек. Біз бауырлас болып бірге өмір сүруіміз қажет. Бәлкім, шалғайдағы мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнату оңай шығар. Бірақ тату көршілік, сындарлы, бейбіт қарым-қатынас орнату әлдеқайда қиын.
Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде екі елдің ынтымақтастығы кеңейіп, зор табыстарға қол жеткізді. Оның бәрін санамалап шығуға уақыт жетпес. Ең бастысы, бұған қол жеткізгеніміз осыған дейінгі жұмыстың нәтижесі. Біз, Парламент, тиімді ынтымақтастықты дамытуға өз үлесімізді қосып келеміз. Депутаттар палатааралық комиссияның аясында жиналып отырамыз. Осы палатааралық комиссияның отырыстарында, Мәжілісте және Мемлекеттік Думада, сонымен қатар Федерация кеңесінде және Сенатта достық топтары бар. Онда көптеген мәселені ашық талқылаймыз. Әртүрлі мәселені, соның ішінде күйіп тұрған түйткілдерді талқылаймыз. Мәселен, жақында Ресей тарапынан депутат Виктор Селиверстов, Қазақстан тарапынан депутат Павел Казанцев жетекшілік ететін «Ресеймен достық» тобының отырысын өткіздік. Жиында Ресейдегі қазақтар тұратын өңірлер – Астрахан, Омбы қалаларында қазақ мектебін ашуға уағдаластық.
Айгүл ҚҰСПАН,
Мәжіліс депутаты