• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 10 Қараша, 2023

Қызылшадан вакцина ғана қорғайды

353 рет
көрсетілді

Қазір елімізде қызылша жұқтырған балалардың саны күрт артып кетті. Эпидемиялық ахуалдың бұлай ушығуы бұл дертке­ қарсы жаппай иммундауды қажет етіп отыр. Өйткені ауру жұқтырып жатқандардың дені – дер кезінде екпе алмағандар.

Осы орайда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният барша ата-ананың қаперіне балаларын қызылшаға қарсы уақтылы вакциналаудың ма­ңызды екенін айтып, үндеу тас­тады.

«Бүгін немерем екеуміз әлем елдерін­дегідей біздің еліміздегі қолайсыз эпиде­миялық жағ­дайды еске­ре отырып, қы­зыл­шаға қар­сы екпе алу үшін қалалық емха­на­ға келдік. Елімізде осы ахуал­дың нашарлауы қыркүйек айынан бастап байқалды, балалар ұзақ уақыт жабық үй-жайларда өткізетін мектепке барды», деді министр Астана қаласының №9 емханасында.

Министр бұл инфекцияның жұқ­палы екенін, әсіресе жөтелгенде, түш­кіргенде ауа арқылы тез таралатынын атап өтті.

«Сондықтан біз кейінгі екі айда бұл аурудың күрт өскенін көріп отырмыз. 13 мыңнан аса адам ауырып қалды, оның 83%-ын негізінен 5 жасқа дейінгі балалар құрайды, екпе алмаған ересектер де бар. Бүгінде қызыл­шамен сыр­қат­­танған науқастардың 70 пайызы – вакци­на салдырмаған балалар. Олардың көп­ші­лігі, яғни 60 пайызы вакциналаудан бас тарт­қан»,  деді А.Ғиният .

Министрдің айтуынша, сондай-ақ сырқаттардың 18%-ы медициналық қарсы көрсе­тілімдерге байланыс­ты және 22%-ы егу жасына жетпегендіктен екпе алмаған көрінеді. Бүгінгі таңда барлығы 2 013 бала, оның ішінде 30 бала ауыр жағдайда емдеуге жатқызылыпты.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Оның айтуынша, қызыл­шамен сырқаттану күрт өскен­діктен, қосымша иммундау жүргізу туралы шешім қа­был­­данды. Бұл науқан қаңтар айының соңына дейін созылады, ал дертке қарсы вакцина толықтай жеткілікті.

«Қызылшаға қарсы профи­лак­тикалық екпесі жоқ бала­ларға вакцина саламыз. Инфек­ция ошақтарында екпе алма­ған­дармен байланыста бол­ған­­дарды да вакциналаймыз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», деді министр.

Осы орайда ведомство басшысы инфекциялық аурудың салдары туралы ескертті.

«Қызылша пневмония, түрлі қабыну, отит секілді соқырлыққа дейін қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда қызылшаны емдеудің өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұн­дай қауіпті инфекциядан сақ­танудың жалғыз жолы – тек вакциналау. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, бұл әбден тексерілген, біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз», деді А.Ғиният.

Вакциналау ережелеріне сәй­кес иммундау педиатр баланы тексергеннен кейін ғана жүр­гізіледі. Оған анамнез жинау, температураны өлшеу, егілетін адамның жағдайын бағалау кіреді. Содан кейін егуге ақпараттандырылған келісімге қол қойылады. Әрі қарай иммундаудан кейін 30 минуттың ішінде вакцина алған нәресте дәрігерлердің бақылауында болады.

Қызылшаға қарсы профи­лак­тикалық егу күнтізбесіне сәйкес елімізде жоспарлы түрде екі рет вакциналау жүргізілетін еске сала кетейік. Атап айтқанда, бала алғашқы екпені 12-15 айлығында, екіншісін 6 жаста алады.

Биыл вакциналау халықтың мынадай топтарына: 6 айдан бастап 10 ай 29 күн болған балаларға, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күн болған балаларға, сондай-ақ бұрын екпе алмаған медицина қызметкерлеріне (55 жасқа дейін), профилактикалық екпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі.

Жалпы, 2023 жылдың басынан бастап республика бойынша қызылшаның 12 671 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 10 563 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар, 354-і – жасөспірімдер, ­­1 754-і – ересектер.

Халық арасында қызыл­ша­ның таралуының алдын алу және елдегі эпидемиялық жағ­дайды тұрақтандыру мақ­са­тында «Қы­зыл­­­шаға қарсы санитарлық-про­фи­лак­тикалық іс-шара­лар жүргізу туралы» бас мемле­кеттік санитариялық дәрігердің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысы шығарылды. Көр­се­тілген қаулыға сәйкес биыл 6 қарашадан бастап қызылша­ға, қызамыққа және паротитке (ҚКП) қарсы 6-11 айлық балаларға, желтоқсаннан бастап қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жастағы бала­ларға қосымша жаппай иммундауды жүргізу басталды.