«Харекет» шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Хантөрин ауылдастарына тегін көмір түсіріп берді.
Жомарт жанның бұл жолғы шарапатын Ақсу-Аюлы ауылындағы 21 отбасы көрді. Жасыратыны жоқ, қазір көмір бағасы шарықтап тұр. Әсіресе ауылдағы ағайынның көңілі осыған алаң болып отыр. Ауылдың аз қамтылған отбасыларына көмір үлестірген Қуаныш мырзаның бұл игі ісі – үлкен азаматтық.
Білуімізше, фермер үнемі қайырымды іске қол созады екен. Бұған қоса мал ұстағандарға шөп пен жем бағасын әлдеқайда төмен бағамен алып беруге ықпалын тигізеді. Аз қамтылған отбасыларға ет таратады. Сондай-ақ бір кездері халық болып бастаған бес бөлмелі үйдің құрылысын қазір өз қаражатына жүргізіп жатыр. Жаңа үйді баспанаға мұқтаж отбасыға бермекші. Жомарт жан жасаған жақсылығын жария еткісі келмейді.
– Ауылдастарыма көмектескен сайын көңілім аспандайды. Қолыңызда бар болса, игілікті іске қол созған жөн деп ойлаймын. Әр жасаған жақсылығыңды Жаратқан еселейді, – дейді фермер.
Барымен бөлісетін фермерге ауылдастарының айтар алғысы мол.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы