Облыс орталығына жақын орналасқан Көксу ауданының тіршілігі көңіл сүйіндіреді. Күні кеше төрт бірдей ауылда блок-модульді медициналық пункт іске қосылды. Бұл деген – 2 мыңға тарта халық заманауи нысанда сапалы медициналық көмек алады деген сөз. Бұған қоса Мұсабек ауылына көгілдір отын келіп, жергілікті балалар үшін ойын алаңдары ашылды. Қуанышты сәттің біз де куәгері болдық.
Ынтымағы жарасқан көксулықтар әрбір мемлекеттік мерекені жарқын жаңалықтармен қарсы алып жатыр. Бір күнде бірнеше нысанның лентасы қиылып, тұрғындар мәре-сәре болды. Әуелі Ақтекше, Мұқаншы, Мәулімбай және Қазақстанның 10 жылдығы ауылдарында жаңа блок-модульді медициналық нысандардың есігі ашылды. Бұрынғы медпункттердің барлығы санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін, бейімделген ғимаратта орналасқан еді. Енді аталған ауылдардың 2 мың тұрғыны қажетті құралдармен жабдықталған, стационарлық жағдай қарастырылған заманауи медициналық пункттерде алғашқы жәрдемнен бастап барлық қажетті тиісті медициналық көмек ала алады.
Бүгінде тозығы жеткен ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жөндеп, жаңартуға көп көңіл бөлініп келеді. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы мақсатта биыл жыл соңына дейін 27 блок-модульді медициналық нысан іске қосылса, өткен жылы осындай 12 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген еді. Ал жалпы 2025 жылға қарай олардың саны 60-тан асады.
Қуанышты сәтте Мұқаншы ауылының тұрғыны Сейіткәрім Көптілеуов ағынан жарылды.
«Мен арнайы дәрігердің есебінде тұрамын, сондықтан мені қаралуға жиі шақырады. Айына бір-екі рет барамын. Арасында профилактикалық тексеруден өтемін, қажет болып жатса, ем тағайындайды. Бұрын осының бәріне аудан орталығына баратынмын, енді жақсы болды, алысқа сабылмаймын. Бұл – маған ғана емес, бүкіл ауылымызға керек ғимарат. Біздің көп жылдан бергі арманымыз орындалды», дейді ол.
Айта кетейік, блок-модульді медициналық пункттердің әрқайсысының құны – 50 млн теңге. Оларға бір ауысымда 15-20 пациент келе алады. Әрқайсысының жалпы ауданы – 108 шаршы метр. Штат санына сәйкес оларда тұрақты негізде 7 медицина қызметкері жұмыс істейді, бекітілген жоспарға сәйкес және қажеттілікке қарай арнайы мамандар да медициналық қызмет көрсетеді. Бұл ретте Мұқаншы ауылында – 346 адам, Қазақстанның 10 жылдығы ауылында – 377, Ақтекше ауылында – 994, Мәулімбай ауылында 223 адам тұрады.
Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері Жаннұр Сырымовтың айтуынша, 2025 жылға қарай аудандағы медициналық нысандардың бәрі осындай қарқынмен жаңартылады.
Сонымен қатар Балпық би ауылында 200 келушіге арналған Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) ашылды. Бұған дейін филиал жалға алынған, бейімделген ғимаратта орналасқан еді, ал мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар ауылдың әр жерінде шашыраңқы болған. Бұл «Бір терезе» қағидатын үнемі сақтауға мүмкіндік бере бермейтін. Арнайы салынған ғимаратта ХҚО ашу арқылы бұл мәселе толығымен шешілді.
Ауыл тұрғындарын осы маңызды нысанның ашылуымен құттықтаған Көксу ауданының әкімі Мәрлен Көлбаев бұған дейінгі ғимараттың халыққа тиісті деңгейде қызмет көрсету мүмкіндігі болмағанына байланысты Халыққа қызмет көрсету орталығын жаңа ғимаратқа көшіру туралы шешім қабылданғанын айтты.
«Екіқабатты жаңа орталықтың ауданы – шамамен 1 200 шаршы метр, бұл алдыңғысынан үш есе үлкен. Бірінші қабатта ХҚО орналасқан, ал екінші қабатта АХАТ, әлеуметтік қамсыздандыру және жер кадастры саласында қызмет көрсетіледі, 50 орындық мәжіліс залы бар. Сонымен қатар жаңа ХҚО бірнеше секторға бөлінген. Мысалы, e-otinish секторында мемлекеттік органдарға электрондық өтініш беруге болады, ал екіншісінде қызметтерді электрондық үкімет порталы немесе арнайы қосымшалар арқылы дербес алуға болады», деді М.Көлбаев.
Атап өтсек, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін ХҚО-да пандус, лифт және мемлекеттік қызмет көрсетуге ыңғайлы терезе қарастырылған. Балалары бар клиенттер үшін де ана мен бала бөлмесі жасалған. 57 орындық күту залы бар. Бір ауысымда 200 адам келе алады. Қызметкерлер саны – 44.
Алғашқы қызмет алушылардың бірі ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Валентина Тимофеева жақында тоғызыншы баласын дүниеге әкелген. Ол осы күні ХҚО-ға тиісті құжаттарын алуға келді. Оған алғашқы клиенттердің бірі ретінде балалар арбасы сыйға тартылды. Осы ғимаратта жас жұбайлар некесін тіркетіп, салтанатты рәсімді де өткізе алды. Жас жұбайлардың атынан Мирас Әбенов алғысын білдірді және оларға теледидар тарту етілді. Тағы бір қызмет алушы Назым Бекет өзінің алғашқы жеке куәлігін қолына алды, оған да естелік сыйлықтар берілді.
Жалпы, ХҚО-ға арналған екі қабатты ғимараттың құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталды. Жұмысты «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымы орындады. Нысанның жалпы құны 431,6 млн теңгеден асады.
Сондай-ақ Мұсабек ауылының тұрғындары көгілдір отынға қосылды. Бұл – Көксу ауданында газ құбыры тартылған сегізінші ауыл.
Мұсабек ауылында газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырын тартуға 523 млн 827 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС атқарды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Газ құбырының ұзындығы 46,7 шақырым, соның 15,5 шақырымы – жоғары қысымды, 31,2 шақырымы – төменгі қысымды. Сол сияқты 4 дана шкафтық типтегі газ тарату стансасы орнатылды. Жалпы, бұл ауылда 1 806 тұрғын бар, абонент саны – 178.
Газ алауын жағу салтанатты рәсіміне қатысқан ауыл тұрғындары атқарылған іске ризашылықтарын білдірді. Солардың бірі – ауыл тұрғыны, «Күміс алқа» иегері Алтыншаш Мұташева.
«Осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Мұнда 1969 жылдан бері тұрамын. Алты балам бар. Жылқы бақтық, қой бақтық, ұзақ жыл малда болдық. Ауылға түбегейлі тұрақтағанымызға он жылдай болды. Қазір жасым 73-те. От жағып, күл шығарған оңай емес. Газ келгенінен қуанып жатырмыз. Құрылыс жұмыстарында ер-азаматтар күннің ыстығына да, суығына да қарамай жұмыс істеді. Үйіме газдың нүктесін, есептегіш құралын мердігер компания тегін орнатып берді. Азаматтардың бәріне де көптен-көп алғыс айтамын», деді көпбалалы ана.
Бұған дейін Балпық би, Теректі, Мұқыр, Еңбекші, Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдарына газ құбыры тартылып, 5 мыңнан аса абонент газға қосылуға мүмкіндік алса, соның 2 700-ден астамы бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Көксу ауданында газға қосылар күнді күткен 12 ауыл бар. Олар жоспар бойынша келер жылдың соңына дейін толық қосылып бітуге тиіс.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылады. Ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру 100 пайызға жетеді немесе 192 елді мекен қамтылады деп межеленіп отыр.
Осы күні ауыл балаларының қуанышында шек болған жоқ. Себебі көптен күткен Мәулімбай және Жарлыөзек ауылдарында балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді. Стадионға жөндеу жұмыстарын атқарған мердігер ұйым «Кенженова» ЖК айналасы 4 айдың ішінде жобаны аяқтаған. Жобаға 22,5 млн теңге қаржы бөлінген.
Жарлыөзек ауылында бұған дейін ойын алаңы болмаған. Сондықтан ауылдағы Идигов көшесінен арнайы орын белгіленіп, бір мезгілде 30 бала ойнай алатын жаңа алаң салу жоспарланған еді. Мердігер ұйым «АТС Build» ЖШС алаң құрылысын шілде айында бастап, белгіленген мерзімі қыркүйек айының соңында аяқтады. Жобаның құны 18,5 млн теңгеге жуық. Нысан соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған.
Осы күні Мәулімбай ауылындағы Жеңіс орта мектебінің жаңарған стадионы жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Оған ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 108 шаршы метр балалар ойын алаңы, 108 шаршы метр Workout спорт алаңы мен қоршаулы 800 шаршы метрлік шағын футбол алаңы салынды.
«Жасым 9-да, 4-сыныпта оқимын. Бұған дейін мектептің ескірген алаңында ойнайтынбыз. Қазір алаңның жаңарғанын көріп, қатты қуандық. Енді мұнда доп ойнап, әткеншек теуіп, турникте тартылып, спортпен емін-еркін шұғылданатын болдық», дейді Жеңіс орта мектебінің оқушысы Ақнұр Жетпісбай.
Ауыл тұрғындарының дені сау болуы үшін осындай нысандардың бой көтергені тиімді. Үйіне газ келіп тұрса, халық бұрынғыдай көмірге кезекке тұрып әуре болмайды. Біз аталған ауданның тыныс-тіршілігіне сүйініп қайттық.
Жетісу облысы