«Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым!» дейтін бала қайдан шықсын?» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Сол Ақаңның замандастары, бір әулеттен шыққан қос қыран, бірі Амангелді батырдың үзеңгілес сарбазы, екіншісі Арқалық қаласының алғашқы қазығын қаққан ағалы-інілі Назарбек пен Дүйсенбек Адырбайұлдарының есімдері тарих қойнауында ұмыт болып, елеусіз қалып барады.
2017 жылы газетіміздің бетінде осы екі тұлғаның есімдерін ұлықтау, олардың атына туған жерлерінен көше беру қажеттігі туралы мақала жариялаған едік. Дүйсенбек Адырбайұлының ұлы Әшім Адырбаевтың айтуынша, содан бері 6 жылдың жүзі өтіп, аталған бастаманы жүзеге асыру жайында жергілікті әкімдікке бірнеше хат жазылғанына қарамастан, әлі де нақты шешім қабылданбай келеді.
Алдымен Назарбек және Дүйсенбек Адырбайлардың кім болғандығы жайында азырақ мәлімет бере кетсек. Үлкені Назарбек он алтыншы жылдың от-жалынында Амангелді Имановтың ержүрек сарбазы, атақты мергендерінің бірі болған. Ол кезде 27 жаста екен. Торғай уезінде екі сыныптық мектепті бітіріп, Қорғасындағы ағылшын зауытында бірнеше жыл жұмыс істеген. Сол зауыттың ұстасына екі мылтық соқтырып алып, Әбдіғаппар хан мен сардар Амангелдінің қосынынан табылған деседі. Әйгілі мыңбасылар Кейкі, Өтен, Қосжандардың қатарында болады.
Жігерлі жас өрен Күйік, Доғал, Жосалыдағы соғыстарда ерекше ерлік көрсеткен. Сардар оның қасына жүз сарбаз қосып беріп, шолғынға шығарып, талай қиын тапсырмалар жүктейді. Оның жазалаушылар жасағымен болған шайқаста қаза тапқанын естіген Амангелді батыр: «Бірге өлетін серігім осы болар деп ойлайтын едім, әттеген-ай!» деп қатты қамығыпты. Содан 1917 жылғы ақпанда ауылына арнайы барып, оның шейіт болғанын шешесіне естіртіп, көңіл айтады. Кейін ұлының сүйегін жеткізіп, ол әкесі Адырбайдың қасына жерленеді.
Торғайдың Шәкәрімі атанған үлкен тұлға, ірі ақын Файзолла ишан Сатыбалдыұлының «Дауылда ұшқан жас қыран» дастаны батырдың рухына арнап мүсінделген бірден-бір ескерткіш және ерлігінің алғаш хатқа түскен айғағы. «Осындай ұлт азаттығы үшін жан қиған батыр сарбаз Назарбектің есімі қастерленуге тиіс деп ойлаймыз. Бірақ әлі күнге дейін оның аты-жөні Торғай көтерілісіне қатысушылардың тізімінде де жоқ. Боздақтың есімі Арқалық қаласының мұражайынан және Амангелді ауданының орталығындағы Амангелді Иманов мұражайынан лайықты орын алса деген тілегіміз бар. Әрі Амангелді кентінің бір көшесіне Назарбек Адырбайұлының есімі берілсе деген тілегіміз бар», дейді Ә.Адырбаев.
Назарбек батырдың туған інісі Дүйсенбек Адырбайұлы әкеден алты айлығында, қамқор ағадан жеті жасында айырылып, анасы Бозжеткеннен отыз екінің нәубетінде көз жазып, тағдыр тауқыметін көп көреді. 1932 жылы Ташкент құрылыс техникумына оқуға түсіп, бітірген соң Шыршық құрылысына жолдама алады. Тас қалаушылықтан бастап, көп ұзамай құрылысшылардың бригадирі болады. Ашаршылыққа ұшырап, тарыдай шашырап кеткен Торғайдағы ағайындарды жұмысқа тұрғызып, қол ұшын созады. Дүйсенбектің бригадасы үсті-үстіне толығып, озат құрылысшы ретінде бүкіл Өзбекстан бойынша танылыпты.
1936 жылы Әліби Жангелдиннің көмегімен бес вагонға артынып-тартынған 42 отбасы, күллі бригадасымен елге қайтып, Ақмолаға көшіп келуі де аңыз болған оқиға. Сөйтіп, Дүйсенбек Адырбайұлының Қазақ теміржолындағы алғашқы ұлттық құрылысшы кадр ретіндегі ұзақ жылдарға созылған жемісті қызметі басталады. Оның ысылған бригадасы Ақмола, Бурабай курорты, Тайынша, Қызылжар стансаларында жауапты нысандар мен тұрғын үйлер тұрғызады. Бригада 1940 жылы атақты Ақмола-Қарталы теміржол бойының құрылысына шақырылады. 1941 жылдың желтоқсанында Ақмола-Қарталы теміржолы еңбек майданы болып жарияланады. 1948 жылға дейін 680 шақырымдық теміржол төсеп, стансалар мен көпірлер, депо салады. Бригадасымен бірге Дүйсенбек Адырбайұлы үлкен абыройға жетеді.
Ал 1955 жылдың қыркүйегі Дүйсекең үшін тарихи сәт болғаны рас. Амангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Бодамбаев, экспедицияның саяси бөлімінің бастығы М.Бүркітов және Дүйсенбек Адырбайұлы үшеуі болашақ Арқалық қаласының орнын белгілеп, алғашқы қазығын қақты. Сол жерде оның бригадасы салған алғашқы төрт үй бой көтерді.
Зейнетке шыққан кезінде де ғибратты, саламатты істердің басы-қасынан табылды. Өзі құрметті азаматы атанған Арқалықта мешіт ашылуына ұйытқы болды. «Көзі тірісінде-ақ «қазақтың қара нары» атанған жанның мұндай өнегесін ұмытуға бола ма? Өзі алғашқы қазығын қағып, бастап салған Арқалықтың бір көшесі осы кісінің атына неге берілмеске? Мұражайын да неге ұлықтамасқа?» дейді ұлы Ә.Адырбаев.
Оның айтуынша, жергілікті әкімге аймақтың елге сыйлы азаматтары қол қойған өтініш хат бірнеше рет жазылған. 2019 жылы Арқалық қаласы әкіміне жолданған хатқа жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы, қалалық мешіттің бас имамы, басқа да ел үмітін арқалаған азаматтар қол қойған. Биыл да Әшім Адырбаевтың өзі әкімдікке өтінішпен шыққан. Алайда әзірге қайран болмай тұр. Халқына қызмет еткен қос қыран да – туған елі мен жерінде құрметке лайықты тұлғалар.