• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Қараша, 2023

Қаржы саласының оқулықтары таныстырылды

107 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде төл теңгенің 30 жылдығына арналған «Ұлттық валютаның тұрақтылығы мемлекеттің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету факторы ретінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. ЕҰУ ғалымдары шараға қатысушыларға қазақ тіліндегі «Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қызметін ұйымдастыру» оқулықтарын ұсынды.

Іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары, Ұлттық банктің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров, экономика саласындағы сарапшылар, профессор-оқытушылар құрамы және ЖОО сту­денттері қатысты.

Конференцияға қатысушылар ұлт­тық валю­таның тарихы, Қа­зақ­стан Республикасының қар­жы жүйесінің қазіргі жағдайда жұ­мыс істеу мәселелері, елдің ор­­нықты және табысты даму құ­­ралы ретіндегі ұлттық валю­та­ның рөлі туралы баяндамалар жа­сады.

«Ұлттық валютаны енгізу елі­­міздің тарихындағы маңызды ке­зең болып табылады. Теңге – тәуелсіздік пен экономикалық тұ­рақтылықтың символы. Үш он­жылдықта қазақстандық валюта қалыптасу және даму жолынан өтті. Қазіргі жаһандық өзгерістер жағ­­дайында Қазақстанның қар­жы­лық қауіпсіздігі мен эконо­микалық тұрақтылығын қамта­ма­сыз етудегі теңгенің маңыз­ды рөлін атап өту қажет. Конфе­рен­­ция тәжірибе алмасып қана қоймай, қаржылық тұрақтылық, қаржы-несие саясаты және әлем­дегі ұлттық валютаның рөлі тура­лы егжей-тегжей талқылауға мүмкіндік береді деп санаймын», деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Конференция барысында Ұлт­тық бан­кінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров ва­лю­та­ның құрылу тарихы, қаржы жүйесінің қа­лып­тасуындағы қиындықтар мен жетістіктер туралы айтып бер­ді. Оның айтуынша, ұлт­тық валютаның 30 жылдығы – хал­қы­мыз­дың өмірін­дегі елеулі оқиға.

«Өздеріңізге белгілі, 1992 жылы Қазақстанда ұлттық валю­таны және нарықтық эконо­ми­каны құру басталды. Бұл жылдар ерекше болды, өйткені әлемдік негізгі үрдістер өзгерді, әлемдік жүйеде өзгерістер болды. Бұл уақытта елде нарықтық эко­номиканың классикалық теориясын ешкім зерттеген жоқ, ешкімнің жұмыс тәжірибесі болған жоқ, сонымен қатар 1992 жылы инфляция деңгейі 2 960% құрады. Сол кезде ұлттық валюта болмаса, Қазақстан эконо­ми­касы дағдарыстан шыға алмас еді. Теңгенің болашағы керемет болады. Мен АҚШ дол­лары Қазақстан үшін инвес­тиция құралы емес, біздің теңге болады деп сенемін», деп қорытындылады экономист.

Депутат Берік Бейсенғалиев Парламент Мәжі­лісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттық­тау сөзін оқып берді. Ол тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстанның қаржы-несие жүйесі құрылған күннен бастап небәрі 30 жыл өткенін, бірақ осы кезеңде қар­жы секторы экономикалық өр­леулерден, жаңа қаржы инс­титут­тарының пайда болуы жолында дағдарыстар мен сынақтарды бас­тан кешкенін айта кетті.

Сондай-ақ төл теңгеміздің мерей­тойы қарса­ңында Л.Н.Гуми­­лев атындағы ЕҰУ-да «Қа­­зақстан Республикасының қар­жы жүйесі» және «Қа­зақстан Рес­публикасы Ұлттық Банкінің қыз­метін ұйымдастыру» деген атпен жарық көрген оқулықтардың тұсаукесері өтті.

«Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі» оқулығын Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ экономика факультетінің ғалымдары дайын­даған. Қазақ тіліндегі жаңа басылым Қазақстан Респуб­ли­касының қаржы жүйесінің қалып­тасуы мен дамуы­на арнал­ған және 9 тараудан тұрады. Оқу­лықтың теориялық материа­лы бақылау сұрақтарымен, ұсы­нылған әдебиеттермен және глос­сариймен толықтырылған. Ең­бек көпшілік оқырман қауымға ар­налған.

«Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Банкінің қызметін ұйым­дас­тыру» оқулығында Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ авторлар ұжымы мен Esil университеті Ұлт­тық банктің қалыптасуы мен даму жолдарын қарастырады. Кі­тап­та елдің ұлттық ақша жүйе­сін қалыптастыру ерекшеліктері туралы тарихи материалдар ұсы­нылған, ұлттық валюта – тең­­гені әзірлеу, жоспарлау және ай­налымға енгізу кезінде туын­да­ған қиындықтар көрсе­тіл­ген. Сондай-ақ, авторлар орталық банктің ақша-кредит саясатын жүргізу саласындағы тәжірибесін ұсынды.

Оқулықтар Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров пен экономика ғылымдарының докторы, ЕҰУ академиялық мәсе­ле­лер жөніндегі проректоры, про­фес­сор Серік Мақыштың жал­пы редакциясымен жарық көрді.