• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 16 Қараша, 2023

Қуаныш Мақсұтов: Ақындар айтысының болашағы зор

390 рет
көрсетілді

Қазақтың «Сары тентегі» ретінде танылған ақын, бард Қуаныш Мақсұтов асқаралы белеске қадам басты. Өнерге, өлеңге, мәдениетке деген жанашырлығы оны қайраткер етті. Шертпе күй өнерінің үлкен жоқтаушы өкілі де. Жақында айтыскер шығармашылық кешін өткізіп, халыққа есеп бермекші. Осы іс-шара қарсаңында ақынды әңгімеге тартқан едік.

– Қуаныш Мә­жі­кен­ұлы, жақында шы­ғар­машылық кешіңіз өтпек екен. Көпшілікпен жүздесуге да­йын­дығыңыз қа­лай? Кө­рер­мен қауым үшін қан­дай жа­ңалықтар болмақ?

– Әуелі осы қарсаңда қолдау білдірген Жүрсін Ерман ағамыз бас­таған азаматтарға алғысымды біл­діремін. Шығармашылық кеш С.Сей­фуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өтеді. Дайындығымыз жаман емес. Әрине, шахтадағы апат жанымызды жабырқатты. Дегенмен жабырқаған елдің жанарына жылылық сыйласақ деген ниетіміз бар. Көрермен қа­уымды жағымды жаңалықтың куәсі қыл­ғымыз келеді. Қалыптасып қал­ған шығармашылық кештің қа­лыбын бұзып, біз осы жолы жаңа пішінде өткізбекпіз. Әдеби-му­зыкалық авторлық әндерімнің, шан­сондарымның, бардтық ту­ын­­дыларымның, поэзиямның не­гізінде жасалған үлкен моно-спек­такльді сахналамақпыз. Әри­не, бұл шығармашылық жұ­мысқа қазақтың белгілі театр режиссерлері, сценаристері тартылды. Бірнеше ай бойы кештің сценариін жаздық. Осының бә­­рін қолдап, мүмкіндік берген облыс әкімдігіне, мәдениет бас­қармасына, тілеулес жандарға рия­сыз риза­шылығымды біл­діремін.

– Дәл сол күні «Құт» атты кі­табыңыздың тұсау­кесері өтпек екен. Әуелі, оқырманның қо­лында тозсын деген тілек айт­қымыз келеді. Жаңа жи­на­ғы­ңыз туралы айтып өтсеңіз...

– Оқырманға, халыққа арнал­ған бірнеше кітап шығаруды жоспарлап отырмын. Оның ішінде ақындар айтысының жинағын шығармақ ниеттемін. Өзімнің қоғам, заман жайлы ойларымды жеке кітап арқылы жеткізбекпін. Онымен қоса, замандастарымның мен жайлы ойларын, естеліктерін топтастырғым келеді. Жаңа жа­зылған жыр­ла­рымның негізінде поэзия кіта­бын ұсынбақпын. Ол енді уақыт ен­шісіндегі дү­ние. Осы қарсаңда Қара­ғанды облысының әкім­дігі қолдап, он жылдан бері ойға алып жүрген екі жобамды жүзеге асырып отырмыз. Бі­рін­шісі, өзіңіз айтып отырған «Құт» кітабымның жарық көруі. Түрлі түсті, өте сапалы болып басылды. Жақында жас мамандар әлемдік стандартта Еуропаның, Азияның, Американың ірі м­узы­калық платформаларына менің бардтық туындыларымның, шан­­сондарымның альбомын қойған болатын. Жаңа кітапта сол ең­бектерімнің тек мәтіні ғана болмайды. QR код арқылы оны тыңдай да алады. Тағы бір ерекшелігіне тоқтала кетсек, кітапты кәдесый ретінде әсем, тартымды болу үшін былғарымен қаптап, арнайы суреттер салғыз­дық. Кітап үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – поэзи­я, екін­шісі – бард­тық, шансондық туын­ды­ларымның мәтіндері. Үшін­шісі – көсемсөздерім. Кітап шығару – мақтан емес. Бұл – халықтың, тыңдарманның алдындағы есебім. Тағы бір ерекше дүние деуге болады, кітап соңына «Youtube» арнамның QR кодын қойдық.

– Ал «Youtube» арнаңызды қалай жүргізіп отырсыз?

– «Youtube» арнамызды енді іске қоспақпыз. Құдай қаласа, келер жылдың сәуір, мамыр айында дайындап бітеміз деген жоспар бар. Ол жерде «Сары тен­тектің оқығандары», «Сары тентектің естігендері», «Сары тен­­тектің көргендері», «Сары тен­тектің айтқандары» деген сияқ­ты бірнеше бағыттағы интеллектуалды мәдени, тарихи, рухани ақпараттар болады. Сонымен қа­тар ескеркіштер, тарихи орындар, қарапайым еңбек адамдары туралы да, туристік әлеует жөнінде де сонда салып отырмақпын.

– Жаһанданудың ықпа­лымен құндылықтарға деген көзқарас өзгеріп жатыр. Осы­дан 20-30 жыл бұрын жалпы­халықтық сипатқа ие болған кейбір дәс­түрлі дүние­лерімізге көптің ықы­­ласы солғын тарт­қаны бай­қа­лады. Ал­дағы уа­қыт­та айтыс­тың тағ­дыры қа­лай болады деп ойлайсыз?

– Ақындар айтысының бо­лашағы зор. Жер бетінде қазақ деген халық тұрғанда ақындар айтысы ешқашан жоғалмайды. Ол – үлкен рухани қазынамыз. Кінә әзірге ұйымдастырушылардан болып отыр. Және де асыл өне­рімізді бизнеске айналдырып, саяси экономикалық, діни мақ­сатқа пайдаланғысы келген белгілі бір топтардың кесірінен бүгінгі айтыстың қадірі ептеп кетті. Айтыс тоқырап тұр. Алайда жақында өткен айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің ха­лықаралық одағының құрыл­тайында айтыстың сәні мен салтанатын қайтару жөнінде, ұлттық мәйегін, суырыпсалмалықты сақ­тап, толығымен дамыту туралы біраз әңгіме айтылды. Одақтың осы мақсатта бірлесіп, жұмыс істейміз деген жоспары бар. Ал енді ақындар айтысын қалай да­мытамыз десек, бір­тіндеп-біртіндеп жаңарту керек. Мәйекті мұрамызды ойын-сауық деңгейіне түсіріп, күлдіргенге ғана мәз болып жүрген жандардан арылған жөн. Ақындар өзінің жауапкершілігін жете түсінетін, қоғамдағы ағартушылық рөлі артатын айтысқа келеді деп ойлаймын.

– Шертпе күйді дәріптеу бойынша жобаны қолға алға­ныңызға да көп болды. Бұл ба­ғытта қандай іс-шаралар жүзеге асты?

– Ең алдымен, шертпе күйге мемлекет деңгейінде назар аударылды. Қазір жер-жерде шертпе күйдің фес­тивальдары, конкурстары өткізіліп жатыр. Оқу орындары да шертпе күй сабағын оқытып жатыр. Жақында облыс әкіміне жазған хатымда Қарағандыда дәстүрлі түрде өтетін шертпе күй фестивалін ұйымдастыруды, кеншілер астанасында шертпе күй шебері Тәттімбетке ескерт­кіш қоюды ұсындым. Бұл мәселені жергілікті азаматтар бұған дейін де көтерген. Өздеріңіз куә­сіздер, Түркияда күйші ба­ба­мызға ескерткіш қойылды. Енді, Астанада, Қарағандыда бой көтереді дегенге сенеміз. Ал шертпе күйдің дамуы жөнінде айтатын болсақ, біз әлі науқаншылдықтан аспай жа­тырмыз. Домбырашылар, музыканттар бар. Бірақ нағыз шертпе күйдің мәйегін сақтап қалған күйшілердің қатары кө­беймей тұр. Менің болжауы­м бо­йынша қазір он ғана күйші қалды. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «amanat» партиясының басшы­ларымен кездесіп, шертпе күй фестивалін ұйымдастыру қа­жет­тігін жеткіздік. Оны Ре­сей­­дегі Чайковский, Глинка атын­дағы фестиваль деңгейінде дүрілдетіп өткізуіміз керек. Біз Құр­ман­ға­зының, Тәттім­бет­тің фес­тиваль­дарын ұйымдас­тыр­масақ, күй мәдениетінен айы­рылып қалу қаупіміз бар. Қара­ғандыда келер жылы өтіп қалуы мүмкін үл­кен халықаралық фес­тивальдың құжаттарын дайындап, жобасын ұсындым. Мұны ел болып қолдау керек. Оны жо­ғары деңгейде өт­кіз­бесек, күй өнерінің обалына қала­мыз. Күй өнерін сақтау, оны зерт­теу, кадрларды даярлау, әсіресе, нағыз күйшілерді қол­дау жұмыс­тарын жүзеге асы­руға тиіс­піз. Әйт­песе, қазақы құн­ды­лықтарды құлдыратып жібе­реміз.

– Арасында уақыт тауып, Алаш қайраткерлерін де насихаттап жүресіз...

– Иә, оныңыз рас. Шығарма­шылығыммен қатар, Алаш ұлы­ларын ұлықтап жүремін. Бұл – борыш. Үлгі болсын деген ниет­пен айта кетейік. Биыл Әлім­­хан Ермековтің зиратына абат­­тандыру жұмыстарын жүр­гіздік. Қарағанды қаласының бюд­жетінен қаражат бөлінді. Сонымен қатар қазақтың үлкен қайраткері Темірбек Жүр­геновтің жұбайы Дәмеш Ермекова-Жүргеноваға байланысты насихат жұмыстарымен де айналысып жатырмыз. Жақында ғана Дәмеш апайымыздың Ағрипа өлкесінде киіз үй тігіп, ұзатылған жерін таптық. Қасиетті жерді бей­нетаспаға түсіріп алып, халыққа жарияладық. Дәмештің әкесі Әмірханның қыстауын тауып, таспаға түсіріп алдық. Қы­зылорда қаласында Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы қарса­ңында өткен, Дәмеш апайы­мыздың құрметіне ашылған көшенің салтанатты рәсіміне қатысып қайттық. Қазір осы төңіректе біраз жұмыстар жүріп жатыр. Осы тақырып тө­ңірегінде, қайраткерлік жөнінде әңгімемізді былай түйіндейін. Ақын болсын, жазушы болсын, журналист болсын, ұстаз болсын қайраткер болу керек. Сонда ғана ұлтымыздың рухы асқақ болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы