Қазір әлемде обыр дертінен опық жеп жатқандардың қатары азаймай тұр. Оның ішінде біздің еліміз де бар. Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтарға кедергісіз орта құру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Аталған жұмыстарды жетілдіре түсуге атсалысып жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл ХДПП» фракциясының мүшесі Таңсәуле Серіковке бірнеше сауал қойып көрген едік.
– Таңсәуле Ғабдыманапұлы, қоғамда мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «мүгедектігі бар адамдарға барынша жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек» деп, әр Жолдауында бұған баса назар аударып келеді. Соның айқын бір дәлелі – қазір мүгедектігі бар тұлғалар депутат болып отыр. Бүгінде Парламент ішінде құрылған 6 фракция құрамындағы инклюзивті Парламентте 6 депутат бар. Мұндай мүмкіндіктер өркениетті елдердің тәжірибесінде ғана кездесетін. Жаңа шақырылымның бір жаңалығы осы болып отыр. Қазір елімізде 720 мың мүгедектігі бар азамат өмір сүріп жатыр. Олардың мұң-мұқтажын біз жеткізбегенде кім айтады? Адам өз басына түспей, бір нәрсені түсінуі қиын. Алайда ауыл-аймақтарда бұл жағдай әзірге өзгере қойған жоқ.
– Онкологиялық және гемотологиялық ауруға шалдыққан балаларға қатысты мәселелерді көтеріп жүргеніңізді білеміз. Бұл салада қандай алға ілгерілеу бар?
– Халық – мемлекеттің басты байлығы. Әсіресе балалардың денсаулығы, қашанда басты назарда тұруға тиіс. Өйткені дені сау ұрпақ – ата-ананың да, мемлекеттің де болашағы. Қазір онкологиялық және онкогемотологиялық дертке шалдыққан балалар көп. Бұл дегеніміз – баланың өзін және оның отбасын естен тандыратын дүние. Мұны балалары ауыратын ата-ана түсінеді. Қазір елімізде обырмен ауыратын балаларға көмек облыстық және мемлекеттік деңгейде көрсетіліп жатыр. Бірақ елімізде бар-жоғы 39 маман, барлық өңірді қосқанда 222 орын ғана бар. Бұл – теңізге тамған тамшыдай ғана. Жалпы, мемлекеттік, республикалық деңгейде екі орталық жұмыс істейді – Алматы қаласы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Астана қаласы «University Medical Center» корпоративтік қоры. Мұнда да 139 төсек (оның ішінде күндізгі стационарда 5 төсек) онкологиялық және гематологиялық бейіндегі балаларға арналған. «UMC» КҚ-да онкологиялық және гематологиялық бейіндегі 147 төсек бар (оның 10-ы күндізгі стационарда). Бұл орталықтарда диагностика және диагнозды тексеру жүргізіледі, емдеудің барлық қажетті технологиясы қолданылады (химиотерапия, хирургиялық емдеу, гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау, сәулелік терапия). Астанадағы Ана мен бала орталығында бар-жоғы 150 орын ғана. Емделушіге орын жетіспеушілігі қатты сезіліп отыр. Сол себепті Астанада заманауи балалар онкология орталығын ашу керек. Мұның бәрі – соқыр адам көріп, саңырау адамның өзі ести алатын жағдай. «Көрмес түйені де көрмес» деп өтіп кетпеу керек.
2022 жылы екі республикалық медициналық ұйымда барлығы 4 909 бала емделді. Дәрігерлер үшін онкологиялық сақтану бойынша тұрақты оқыту модульдерінің нәтижесінде 1-2-кезеңдегі ісіктердің диагностикасы айтарлықтай өсті. Мәселен, 2014 жылғы 15%-дан 2022 жылы 49,4%-ға дейін жетті. Сонымен қатар 2022 жылдың қорытындысы бойынша ерте диагностиканың төмен көрсеткіштері Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы қалаларында байқалады. Елімізде жылына орта есеппен 500-600 баладан онкологиялық дерт анықталады екен. Қазір күніне 15-20 бала түседі. Бұл балалар мен ата-аналар үшін үлкен соққы, кесілген үкім сияқты. Өмір мен өлімнің арасындағы балалардың үміт күтіп жәутеңдеген көздерін көргенде жаның езіледі. Баласы үшін әр ата-ана неге болсын барады, басын тауға да, тасқа да ұрып, қолдан келгенін жасайды. Бірақ бәрінің шамасы, жағдайы келмейді. Ауыл-аудандарда тұратын адамдар баланың емін тұрақты түрде жасау үшін қалаға келеді. Қалаға келген оларға тұратын жер, азық-түлігі, тағы да басқа керек-жарақтар, емі үшін көптеген қаржы керек. Тіпті кезектерін айлап күтеді. Себебі маман аз, орын жоқ.
– «Маман аз, орын жоқ» деп жатырсыз. Ал оларды емдеуге арналған орталықтардың дайындық жағы қалай?
– Балалардағы онкологиялық және гемотологиялық ауруларын емдейтін орталықтар көпсалалы клиника болып салынғандықтан, ондағы жоспарлау, желдету жүйесі, материалдардың сапасы стандарттарға сай емес. Орталықтардағы орынның аздығынан, ауруы анықталған балалардың көптігінен және оларды күтетін ата-аналарын қосқанда, кезек көптігінен ол жерде эпидемиялық жағдай ушығып тұр. Орталықтарда КТ, МРТ, рентгендік аппараттар жетіспейді, ал бар аппараттардың сапасы сын көтермейді. Ауруды дер кезінде анықтай алмай жатады. Сонымен қатар молекулярлы генетикалық диагностика жоқ десе болады. Себебі қазіргі онкология мен гемотология 100 пайыз молекулярлы генетикалық әдіспен анықталады. Операция жасату үшін пациенттер хирургияда кезекте тұрады, бұл масқара және өте аянышты дүние. Операцияға кезекте тұрғандарды елестетіп көріңіздер. Олар үшін әрбір минут алтыннан қымбат. Маман аз болған соң уақыт жетпейді.
– Обырға шалдыққан балаларға мүгедектігі бар екенін растайтын құжаттарды рәсімдеуде қиындықтар бар сияқты...
– Онкологиялық ауруы бар балаларға мүгедектігін рәсімдеу үлкен қиындық туғызып, көп уақыт алып отыр. Онколог және гемотолог мамандарының өте аздығынан жас дәрігерлер мен орта санаттағы медициналық мамандарды елімізде және шетелдерде оқытса, елімізде білікті мамандар болар еді.
– Бұл мәселелерді қалай шешуге болады? Өз ұсынысыңыз бар ма?
– Бұл мәселелерді шешудің бірнеше жолы бар. Біріншіден, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы немесе «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоғамдық қорымен бірлесіп, алдыңғы қатарлы құрылғылары бар заманауи орталық құрылысын бастау керек. Екінші, онкология ауруы анықталған балаларға мүгедектігін бірден жедел беру механизмін қарастыру қажет. Үшінші, тұрақты негізде балаларда онкологиялық аурулардың пайда болу себептерін анықтау жүйесін құру. Осы шаралар қабылданса, балалар мүгедектігі мен өлім көрсеткіші төмендеп, олардың өмір сүру жағдайы жақсарады. Ел болашағын ойлайтын Үкімет балалар үшін бәрін жасайды деп үміттенеміз. Еліміздің ертеңі, болашағы дені сау ұрпақ екенін Президентіміз де айтып келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»