• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қараша, 2023

Шағын жәрмеңке шарапаты

110 рет
көрсетілді

Таяуда Теміртаудағы «Экспресс» базарында шағын ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Онда Бұқар жырау, Осакаров аудандарының шаруашылықтары әкелген мал мен құс, бау-бақша өнімдері қала тұрғындарына нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзанға саудаланды. Осылайша, қысқы азығын қамдап алған қала жұрты шағын жәрмеңкенің шарапатын сезінді.

Жәрмеңкеде Бұқар жырау ауданының шаруа­шы­лықтары 8,5 тонна мал етін, 1,3 тонна құс етін, 1,5 тонна сүт өнімдердін, 50 мың дана жұмыртқа, 8 тонна картоп, 1,5 тонна сәбізді саудаға шы­ғарды. Ал Осакаров шаруалары 6,5 тонна ет, 20 тонна картоп, 2 тон­надан сәбіз, орамжапырақ, сүт өнімдерін сатты.

Дала дәмі базардағы бағадан әлдеқайда төмен саудаланды. Мәсе­лен, сиыр етінің әр килосы – 2 300, жылқы – 2 600, картоп – 100, жұмыртқаның 10 данасы 430 теңгеден сатылып, темір­тау­лықтар оларды молынан сатып алып, қоржындарын толтырып жатты.

Жәрмеңкеге 2 сиыр мен 1 жабағының ұша­сын әкел­ген Осакаров фермері Байболат Үрім­ханның жа­бағысы ертемен өтіп ке­тіп­ті. Қала тұр­ғы­ны Райхан Қайырбекова сиырдың жарты етін өлшетіп алды.

«Ауылдан келген азық-түліктің құнары мол, экологиялық таза деп санаймыз. Міне, семіз сиырдың жарты етін сатып алдым. Бір қысқа жетеді. Бағасы да базардағыдан арзан», дейді Р.Қайырбекова.

Ал Бұқар жырау ауданының сөрелерінен тор қалталарын толтырып алып жатқан жұрттың көңілі тоқ, жүзі шат. Саудагер де мәз, дала дәміне қарық болған қала жұрты да қуанышты. Оны­мен қоса қаланың ұлттық-мәдени орталықтары өнерпаз­да­рының жәр­меңке басындағы концерті де көп­ші­лік­тің көңілінен шығып жатты.

Таңертеңнен қызған жәрмең­кенің саудасы мен думанының ішінде Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков бастаған әкім­дік қызметкерлері осын­дағы сауда тәртібі мен ветсанитарлық талап­­тар­­дың бұзылмай, қатаң сақталуын жәрмеңке аяқ­тал­­ғанша қада­ғалап, бақылауда ұстады.

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы