Кеншілер мәдениет сарайында қазақ классикалық әнінің өкілі, республикалық байқаулардың лауреаты Ришат Шәбденовтің «Халқымның қалықтатсам ән мұрасын...» атты ән кеші өтті. Ришат шынымен де халық әнінің Арқадағы үлкен өкіліне айналған өнер иесі. Сонымен бекзада өнерді тамашалауға келген талғампаз тыңдарманның қарасы қалың болды. Осыдан-ақ, кештің келісті өтетінін аңғарғанбыз. Онымен қоса, қазақ әнінің жарық жұлдызы, Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев кешке құрметті қонақ ретінде қатысты.
Рамазан Стамғазиев – Ришаттың ұстазы. Ұстазы да мықты, өзінің талабы да тас жарып тұр, бүгінде ән биігіндегі талант. Қазақтың қара домбырасын бала кезден серік еткен жас талант көптің көзіне ертерек түссе керек. Жақын-жуығы жарқырағалы тұрған баланы өнерге баруға кеңестерін береді. Сөйтіп, 1996 жылы Жезқазған музыкалық колледжіне оқуға түседі. Негіз бар, білімін әрмен жетілдіру керек, Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясына аттанады. Ұлт өнерінің үлкен ұстаханасында 2000 жылдан 2004-ке дейін әйгілі әнші Рамазан Стамғазиевтен тәлім алады. Кіл мықтылардан ән айтудың, домбыра тартудың қыр-сырын меңгеріп келіп, 2005 жылы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік құрамындағы «Арқа сазы» фольклорлық ансамбліне қабылданады.
Осы уақытта шабыты шарықтайды. Қабырғалы өнер ұжымының қатарында жүріп республикалық байқауларға қатысады. Жүсіпбек Елебеков, Қасым Аманжолов, Дәнеш Рақышев және тағы да басқа тұлғалардың атындағы беделді конкурстардың лауреаты атанып, биыл ұлттық өнерге қосқан үлесі еленіп, облыс әкімінің «Жылдың үздік әншісі» сыйлығын алды.
Әнші кешінің шымылдығын Әсет Найманбаевтың «Қоңыр қазымен» түреді. Ә деген бетте көпшіліктің алдында көсіліп сала берді. Манарбек Ержановтың «Қойшының әнін» де шырқады.
Біршама әннен кейін кезек құрметті меймандарға берілді. Ақжарма тілектерін айтып, сыйлықтарын тарту етті. Шет ауданы әкімінің құттықтауын орынбасары Орал Зәмірбекұлы жеткізді.
Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров өз хатында былай деп жазыпты: «Сізді біз ұлтымыздың бекзада өнері – дәстүрлі ән мұрасын дәріптеп, халық әндерін кейінгі буынға насихаттап жүрген күміс көмей, жез таңдай әнші, ұлағатты ұстаз, талантты жерлесіміз ретінде танимыз әрі өнеріңізді жоғары бағалаймыз. Бүгінгі әсем ән кешіңіз тыңдарманыңызға деген ыстық ықыласыңыз бен өрнекті өнер әлеміне деген адал ұстанымыңыздың тағы бір көрінісі деп білеміз», делінген.
Кештің құрметті қонағы Рамазан Стамғазиев шәкіртіне ағалық лебізін білдіріп, әнмен шашу шашты.
– Бүгінгі ән кешіне келгеніме қуанып тұрмын. Өйткені әр диқан өзі еккен дәнінің жайқалғанын, өскенін, өнгенін көргісі келеді. Ришат Шәбденов те осыдан пәленбай жыл бұрын менен сабақ алып, қанатын қаққан еді. Бүгінде өнер өлкесінде көсіліп жүр. Шәкіртіме ұлы һәм қасиетті сапарда тек сәттілік тілеймін. Менің сыныбыма түскен шәкірттердің арасындағы бірегейі болды. Бүгінде өнерін сүйген халқына арнап жатыр екен. Халқының батасы тисін, – деді Р.Стамғазиев.
Кеш иесі де шығармашылық кешін түйіндер сәтте елінің алдында ағынан жарылды.
– Біздің асыл мұратымыз – ата-бабадан жеткен ұлы мұраны келешек буынға өз биігінде жеткізу. Сол үшін тынбай еңбек етіп келеміз. Қадірменді тыңдарман, ән деп соққан жүректеріңізден айналдым. Қазақтың өнері жасасын! Әніміз шарықтай берсін, – деді Р.Шәбденов.
Әншінің құшағы гүлге толды. Иығына түрлі шапан да жабылды. Бастысы, елінің риясыз қошеметінен рахат алды.