Елімізде электрондық коммерция секторы сыртқы факторларға бейімделудің жоғары деңгейін көрсете отырып, жедел қарқынмен өсіп келеді. Былтыр нарық көлемі 2 трлн теңгеге (4,2 млрд доллар) жақындап, саланың өңірдегі көшбасшылық позициясын нығайта түсті.
Жібек жолының сауда торабында стратегиялық орналасуымен Орталық Азия тарихи тұрғыда түрлі экономикалық ландшафтарға ие. Табиғи ресурстарға ‒ мұнай мен газға бай өңірде шикізат пен энергия тасымалдаушылар экспорты ұлғая беретіні айқын. Дегенмен инфрақұрылым тапшылығы, экономиканы әртараптандырудың жеткіліксіздігі секілді факторлардың кері әсері де жоқ емес. Орталық Азия нарығында ұсынылған дәстүрлі ритейлдің жоғары деңгейіне, сондай-ақ цифрландырудың баяу дамуына байланысты интернет арқылы сатудың үлесі айтарлықтай төмен болып қалуда. Соған қарамастан Қазақстанның көрсеткіштері әлемдік деңгейге сай келеді.
Еуразияның қақ ортасында орналасқан еліміз Шығыс пен Батыс арасындағы көпір саналады. Бұл ерекшелік республикамызды аймақтағы кең тұтынушылық базаға қол жеткізгісі келетін компаниялар үшін тартымды етіп отыр. Цифрлық төлемдердің жаппай қолданылуы, интернеттің ауқымды ену үрдісі (2022 жылы 89,2%) және смартфондардың кең таралуы онлайн сатып алулар жасау үшін қолайлы жағдай туғызып, нарықтың серпінді экожүйесін қалыптастыруға әсер етті. Сонымен қатар трансшекаралық электрондық коммерцияны, халықаралық компаниялардың неғұрлым кең Еуразиялық өңірге шығуын қамтамасыз ету арқылы Қазақстан өз ықпалын елден тысқары жерлерде де байқата бастады.
Биылдың бірінші жартыжылдығындағы ірі нарық ойыншыларының өсу қарқыны мен соңғы жылдардағы үрдістерге негізделген Baker Tilly болжамдарына сәйкес 2023 жылы e-commerce нарығының көлемі 2,4 трлн теңгені (5 млрд доллар) құрауы мүмкін. Өсудің негізгі драйвері маркетплейстер болып қала бермек. Өнімдердің кең түрі мен оларды бөліп сатып алу мүмкіндігінің болуы бұл сегментті жылдан-жылға өзекті етуде. Электрондық коммерцияның белсенді өсуінің басталуымен маркетплейстер үлесінің өсу үрдісі байқалады (2022 жылы – 60%), бұл басқа сегменттер үлесінің төмендеуіне әсер етеді. E-grocery (азық-түлік жеткізу) сегментінде айтарлықтай өсу болжануда, өйткені интернет арқылы қажетті тауарларды сатып алу ірі қалалар тұрғындары үшін қолайлы болып қалуда. Алайда ірі қалаларда электрондық коммерцияның қарыштауы байқалса, шалғай аймақтардың ресурстарға қолжетімділігі шектеулі. E-grocery мен дарксторды дамыту ‒ нарықтағы ерекше назар аударарлық үрдіс. Соңғы жылдары азық-түлікке онлайн тапсырыстар көлемінің айтарлықтай өсуі байқалды. Сұраныстың артуы тауарды 15-30 минут ішінде жеткізетін ойыншылар үшін де елеулі серпіліс болды.
Қазақстандағы e-com нарығы стандартты емес жағдайларда қалыптасты. Мысалы, тұтынушылардың бір жерде әртүрлі қажеттіліктерге қол жеткізуін жеңілдете отырып, электрондық коммерцияның қаржылық және қаржылық емес қызметтерінің аралас экожүйесін ұсынған екінші деңгейдегі банктер нарықтағы негізгі ойыншылар болды. Бірегей географиялық міндеттерді шешу үшін отандық e-com секторы маршруттарды оңтайландыру технологияларына, нақты уақыт режімінде қадағалауға, қоймалар жұмысының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ E2E және жеткізу пункттерінің логистикасын кеңейтуге ден қоя отырып, инновациялық логистикалық шешімдерді енгізіп жатыр.
Сарапшылар қауымы кейбір ойыншылар еліміздегі үдерістерді оқшаулай бастайтынын, халықаралық компаниялар қоймаларды, фулфилмент-орталықтарды және беру нүктелерін белсенді түрде ашатынын болжайды. Бұл логистикалық сегмент арқылы электрондық коммерцияның дамуына ықпал етіп қана қоймай, халықты жұмыспен қамту үшін де мол мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ нарықтың жалпы дамуымен бірге тұтынушылық мінез-құлық та өзгереді. Өсіп келе жатқан көпарналы үдеріс тұтынушылардың физикалық және цифрлық арналармен бірыңғай тәжірибеге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру, сонымен бірге ыңғайлылықты арттыру және жекелендірілген сатып алу тәжірибесін қамтамасыз ету арқылы компаниялардың тұтынушылармен өзара әрекеттесуін өзгертеді.
Жасанды интеллект, VR/AR технологиялар, жетілдірілген логистика және көпарналы бөлшек сауданың әлеуетті интеграциясымен, неғұрлым серпінді, тұтынушыға бағдарланған нарықтың дамуымен отандық ойыншылар Орталық Азия елдерінің нарықтарына шығып, бүкіл Еуразиялық өңірдің экономикалық қарым-қатынасына әсер ете алады. Бұл ретте еліміздің трансшекаралық электрондық коммерция және сауда саласындағы өңірлік ықпалы арта бермек.