Биыл 1 қазандағы есеп бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 17,2 трлн теңгеден асты, бұл былтырғымен салыстырғанда 22,1 пайызға артық. Осы ретте Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 99,9 пайыз болды. Зейнетақы активтерін сақтау және табыстылықты қалыптастыру үшін Ұлттық банк өзінің инвестициялық портфелін үнемі әртараптандырады. Яғни активтер белгілі бір көлемде үйреншікті қаржылық құралдарға салынбайды, жағдайды ескере отырып жүйелі түрде өзгеріп отырады.
Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ инвестициялық портфелінің жалпы көлеміндегі мемлекеттік бағалы қағаздардың (МБҚ) үлесі бір жылда 61,10 пайыздан 64,98 пайызға (оның ішінде ҚР МБҚ – 47,18 пайыз), сыртқы басқарудағы активтердің үлесі 9,8 пайыздан 12,71 пайызға дейін өсті. Қазақстан Республикасы және шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигацияларының үлесі керісінше 19,08 пайыздан 15,56 пайызға дейін, депозиттер үлесі 7,36 пайыздан 4,12 пайызға дейін төмендеді.
Сонымен қатар портфельді әртараптандыру валютамен де жүзеге асырылады. 2023 жылғы қыркүйектің аяғында қаржы құралдарының инвестициялық портфелі валюта үлесі мынадай:
ұлттық валюта – 68,17 пайыз (бір жыл бұрын – 70,17 пайыз); АҚШ доллары – 31,8 пайыз (бір жыл бұрын – 29,75 пайыз); басқа валюталар – 0,03 пайыз (бір жыл бұрын – 0,08 пайыз).«Портфельдегі мерзімді өзгерістерге негізделген мұндай инвестициялық стратегия оң нәтижелерге әкеледі. Биыл тоғыз айда инвестициялық белсенділік нәтижесінде, сондай-ақ валюта бағамының тұрақсыздығына және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты таза инвестициялық табыс көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 91,1 пайызға артық», дейді Ranking сарапшылары.
БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық қызметтің мұндай оң нәтижелері бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс, турбуленттік экономикалық жағдай және ақша-несие саясатының қатаңдауы кезеңінде болғанын атап өткен жөн дейді сарапшылар. Сонымен қатар Қазақстанның бұл мәселедегі ұстанымы басқа елдермен салыстырғанда қолайлы және әсерлі.
«Мысалы, Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры (GPFG), әлемдегі ең ірі тәуелсіз әл-ауқат қоры 34 млрд доллар көлемінде үлкен шығынға ұшырады. Жалпы, Thinking Ahead Institute (TAI WTW) 22 зейнетақы нарығын қамтитын зерттеуі (P22) 2022 жылдың соңында зерттелген елдердің зейнетақы активтерінің жалпы көлемі бір жыл ішінде 15,4 пайыз, яғни 47,9 трлн долларға дейін төмендегенін көрсетті. Бірден 22 елдің ішінде дамыған және дамушы 17 ел шығынға ұшырады», дейді Ranking.
Табыстылық деңгейіне келетін болсақ, жағдай мынадай: 2023 жылдың екінші тоқсанының соңында зейнетақы активтерінің кірістілігі АҚШ-та – 4,1 пайыз, Канадада – 1,3 пайыз, Еуроаймақта – 1,2 пайыз, Швейцарияда – 1,7 пайыз, Ұлыбританияда – бірден минус 6,3 пайыз. Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық қызмет нәтижелері оң деп сеніммен айта аламыз: жаһандық жағдайға қарамастан, ел азаматтарының зейнетақы активтерін сақтап қана қоймай, көбейтіп жатыр.