• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қараша, 2023

Әке институты: Құндылық пен қағидат

457 рет
көрсетілді

Ұрпақ алдындағы аманатты атқаруға келгенде отбасындағы қарым-қатынастың жібі үзіліп қалғаны туралы жиі айтылады. Үзілді дейміз-ау, қазақ ұғымында алып бәйтерекке теңелген төрдегі әкенің рөлі босағада сығалап тұрғалы қашан. Бұрын бала әкенің мейірімін, ананың аялы алақанын сезіну керек десек, қазір өз туғанынан күн сайын жәбір көріп жатқан өскелең ұрпаққа отбасындағы әкенің рөлін түсіндіруде тіліміз күрмеліп қалатыны белгілі.

Биыл елімізде көз жұмған 25 баланың 6-уы ет жақын­дары­ның қолынан қаза тапқан. Осының өзі отбасы құндылы­ғының құлдырап, бала болашағына бас ауыртатын емес, балта шауып жатқан отбасындағы жағдай­дың ушығып тұрғанын көрсетеді. Бұл мәселе төңірегін­де айтпаған ұсыныс, өзгертілмеген заңнама, қолға алын­баған жоба қалмады. Сол себептен бала тәрбиесін­дегі ата-ана жауапкершілігі мен әке институтын қалыптас­ты­ру тақырыбына жиі оралуға мәжбүрміз. Бүгінгі дөңгелек үстел­і­мізде де «Әке институтын қалыптастыру отбасындағы зорлық-зомбылықты азайтып, ұрпақ тәрбиесін ұқыпты­лықпен қарауға шақыра ала ма?» деген сауалды қойып отырмыз. 

Мақсұтбек АЙТМАҒАНБЕТ,

«Әкелер одағы» РҚБ төрағасы:

Бүгінгі балалар үшін әке қаһарман емес

– БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры­ның бірнеше жыл бұрын жасаған зерт­теу­лерінде тек 6 пайыз әке балаларының тәрбиесімен белсенді түрде айналысатыны көрсетілген. Ал еліміздегі қоғамдық даму институттарының зерттеулерінде 4/1 ғана әке балаларымен белсенді түрде жұмыс істейді. Өкінішке қарай, бүгінгі әкелердің баласының сабақ үлгеріміне, тәрбиесіне, қызығушылықтарына назар аударуы жеткіліксіз. Қоғамда әкесіз өсіп келе жатқан қаншама бала бар.

Көпке топырақ шашуға болмайды. Баласының дені сау әрі тұлға болуына атсалысып жүрген әкелер бар. Біздің мақсатымыз – осындай әкелер институтын қалыптастыру. Үйдегі анасы баласына әкенің өсиетін әрқашан айтып жүру керек. Түзде жүрген әкесі де заманның мүмкіндіктерін пайдаланып, бір телефон соғып, Whatsapp-пен жазысып, балалармен қарым-қатынасты үзбеуге тиіс. Бала психологиясын түсінбейтіндер көп. Бірақ бала тәрбиесіне қатысты кітап оқып, өз-өздерін тәрбиелеуге жұмыс істеуге мүм­кін­дік жетерлік. Біздің ұсыны­сы­мыз­бен қабылданған Әкелер күні тек тойлату емес, отбасын нығайтуға жұмыс істейтін мереке болса екен деймін.

Бүгінгі балалар үшін әке қаһарман емес. Олардың қаһарманы гаджетте. Өйт­кені олар балаларымен әртүрлі әлемде өмір сүреді. Құндылықтары басқа. Жалпы, бұл – тек әке мен баланың арасындағы мәселе емес, қоғамның бас ауруы. Егер қазір отбасында қорғаушы, жауапты адамды тәрбиелемесек, ертең елдің жоғын жоқтап, барын бағалайтын әке тәрбиелей алмаймыз. Өйткені отбасын тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелейміз.

 

 

Жақып АСАНОВ,

Парламент Сенаты төрағасының орынбасары:

Отбасы – қиын құрылыс

– Ұрпақ тәрбиесі, зомбылықпен күрес, әке институтын нығайту – Орталық Азия елдеріне ғана емес, әлемге ортақ мәселе. Бұл мәселені еңсеру үшін өмірде көрген-түйген оқиғалардан сабақ алуға шақыру маңызды. Оның тиімді құралының бірі – нақты кейстермен бөлісу. Солар арқылы ұтымды шешімдерге келуге болады. Өмі­рім­де болған үш кейсті айтқым келеді.

Бір күні інім мен келінім «Қызымыз тұрмысқа шыққысы келеді. Сізден бата сұраймыз», деді. Жігітті де, отбасын да мүлдем танымаймын. Батаны қалай беремін? Жауапкершілік қой. Уақыт сұрадым. Түнімен ұйықтамай, жігітке хат жазғанды жөн көрдім. Хатта: «Қалай өстің, қандай тәрбие алдың, еңбекқорсың ба, мақсатың қандай, мақтанатын 3 жетіс­ті­гіңді, өкінетін 3 қатеңді айтсаң, неге біздің қызды таң­да­дың, отағасының мін­детін түсінесің бе, қалай қамқор бола­сың?» деп сұрақты жаудырдым. Қызымызға да «Басында батыр болып, қиындық көргенде тайып кететіндер аз емес. Оған толық сенуге бола ма? Өзіңді жігіттің жұртына игілік, ізгілік апаруға дайынмын деп санайсың ба?» дедім. Күйеу жігіт 11 параққа сауат­ты, жан-жақты жауап берді. Келінім: «Көрдіңіз ғой, дұрыс жігіт, мейрамханаға тапсырыс берейік, батаңызды беріңіз», деп тағатсызданды. «Тұра тұр, мүмкін хатты ол емес, басқа біреу жазып берген шығар», деп мен де берілмей жатырмын. Екінші сынақ ұсындым. «Жақсы жұбай, жақсы әке, жақсы күйеубала шыға ма?» Осы туралы 3 адам өз ойын видеоға айтып беруін сұраттым. Жігіт бұл сынақтан да өтті. Сөйтіп, үшінші сынаққа көштік. Алматыдағы «Подруги» деген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы орталықтың иесі Надежда Гладырьге «Жігітпен сөйлессеңіз, ертең жұбайына қол көтеріп жүрмей ме, зорлыққа бейім емес пе, соны анықтап көрсеңіз», деп өтіндім. Одан да өтті. Соның арасында келінім шырылдап жүр. Ал төртінші сынақта екі жасты психологтің алдынан өткіздік. Ол да оң баға берді. Бесіншісі – денсаулық тексеру болды. Осы жағынан да некеге зиян келуі мүмкін. Келесі сынақты ойлап отырғанда бауырларым мен келінім жабылып «тоқтасаңыз» деп өтініш айтты. Бірақ қызым арқылы жігітке «Сынақтар намысыңа тиді ме, өкпе бар ма?» деп хабарлама жібердім. «Жоқ, сынақтар маған пайдалы болды. Қадамым дұрыс екеніне одан сайын көзім жетті», деп жауап жазды. Сөйтіп, екі жасқа бата бердім.

Екінші кейсім – прокуратураны бас­қар­ғанда бір күні «Әріптестер үйге неге өте кеш қайтады?» деген сұрақ туды. «Бала тәрбиесі  – басты байлығың, кешіксең көретінің – қайғы-мұң» деп Абай атамыз айтпақшы, брейн-шторминг жасап, халыққа, қоғамға, елге пайдасы жоқ бюрократиядан, артық қағаздан құтылдық. Сөйтіп, қызметкерлер түнгі онда емес, кешкі жетіде үйіне кететін болды. Жігіттер үйге ерте келсе, баламен сөйлесуі керек, тәрбиелеу керек. Бірақ көбі оны да білмейді екен. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген сөз бар. Осыны ескеріп, тренинг өткіздік. Коучты шақырдық. Сабақтан қалмай, көп қызметкер қатысып жүрді. Қазір Ұлы дала көшесінде прокурорлардың 3 биік үйі тұр. 300-ге жуық пәтер. Әр отбасында кемінде 3 бала бар. Мүмкін ол да ерте қайтқанның нәтижесі шығар

Қазір біз екі жас үйленсе сыйлық іздеп сабыламыз. Мысалы, өзім жақыныма ұзақтығы 40-50 сағаттық отбасылық өмірге дайындық курсын сыйлаймын. Өйткені отбасы – қиын құрылыс. Оны өмір бойы соғу керек. Ол – жатқан маңдай тер, үлкен еңбек. Үйді дұрыс салмасаң, төбеден су ағады, жылу тұрмайды. Отбасы да сол. Сондықтан жігіттерді отбасын құрудың нағыз маманы, майталманы, шебері болуға үйретуіміз керек. Ешкім дайын отағасы, отанасы болып тумайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдар жыл сайын қатайып келеді. Одан әрі қатайтатын заңды депутаттар дайындап, жақында Мәжіліске енгізбек. Бірақ жан түршігетін жағдайлар азаяр емес. Жалпы, кез келген азаматтың қалыптасуына ықпал ететін үш фактор – отбасы, ортасы, мемлекет. Осы үш факторға қатты әсер ететін тағы бір күшті фактор бар. Ол – қоғамдық пікір. Жақсы ұл мен жақсы әкенің образын жұрттың санасына сіңірсек, одан бәріміз ұтар едік. Алайда сол жақсы әкенің қандай болу керегін әркім әртүрлі түсінеді. Конституциямызға, ұлттық кодымызға сай келетін бір үлгі, бағыт-бағдар беретін портрет жоқ. Мүмкін әкенің сондай үлгі-образын жасармыз. Соған қарап жас­тарымыз да ұмтылып, бой түзер.

 

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі:

Жұдырық – әлсіздердің қаруы

– Біз бүгінгі қоғамға, билікке адал адам керегін айтамыз. Ал адал адам қай­дан шығады? Бұл өз ісіне, өз отбасына адал адам. Бала отбасындағы адалдықтан тәлім алады. Отбасындағы адалдықты, құндылықты сезіп өскен бала Отанына да адал болып өседі. «Отан отбасынан басталатыны» секілді, әр адамның бойындағы адалдық жарына, отбасына деген адалдықтан басталады. Мәселен, біздің қоғамда азамат­тық неке заманға сай дамып, дәстүрге енді. Бір қарағанда ешкімнің құқығы тапталып жатқан жоқ секілді. Бірақ бала дүниеге келгеннен бастап бұл отбасы заңды некеде емес. Мемлекеттен уақытша игі­ліктерді алу үшін жалған ажырасып, некеге тұрмау үрдісін қолдайтын көпбалалы отбасылар көбейді. Осы уақыт аралығында азаматтық некеде дүниеге келген балалардың барлығы шешесінің тегінде болады. Яғни «жалғызбасты ана­ның баласы» деген мәртебе беріледі. Құжатта «Әкесі» деген жер бос тұрады. Әкесімен бір шаңырақта тұрады. Бірақ бала өзін толық отбасының мүшесі ретінде сезіне ал­майды. Кеудесін көтеріп тік жүре ал­майды. Міне, осындай отбасыларда тәрбиеленген балаларда әкеге деген құрмет болмайды. Әке баласын, баласы әкесін мойындамайды. Өз тегін беруге асықпайтын, алимент төлемейтін еркек­тер­ді «намыссыз адам» деп айтар едім.

Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық белең алды. Кез келген нәрсені сөзбен шешуге болады, ал жұдырық ала жүгіру – әлсіздердің қаруы. Қол көтеру – надандық. Мәселені сөзбен шеше алмай, жұдырық ала жүгіру білімсіздік пен тәрбиесіздіктен келеді. Бұрын біз тұрмыстық зорлық-зомбылық біресе арбасы сынып, біресе өгізі өліп жатқан тұрмысы төмен отбасыларда болады деп ойлайтын едік. Қазір бақуатты, біз «үлгілі» деп санайтын отбасылардан да тирандардың шығып жатқанын көріп жатырмыз. Себебі кейінгі 10-15 жыл­да қоғамның имиджі өзгерді. Біз балаларымыздың жан-жақты, білімді, өнерлі болғанын қалаймыз. Бірнеше университетті бітіріп, жақсы қызметке орналасса деп тәрбиелейтін болдық. Мансапқа қалай орналасуды, қиыннан қиыстырудың жолын үйреткенімізбен, ана мен әке болу жауапкершілігін жадымыздан шығарып тастадық. Білімді азамат тәрбиеленгенімізбен, бір үйдің түтінін түзу ұстап, шаңырақты шаттыққа бөлеудің кілтін ұстата алмадық. «Осы алған білімің мен тәжірибеңді, қаржыңды отба­сыңды асырауға, оларға дұрыс жол көр­сетуге тиіссің» деп бағыттауды ұмыт­тық.

 

 

Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,

«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы:

Қаталдықты қатыгездікпен шатастырып алдық

– Біз үшін әке басында мұзы мен қары бар асқар тау болатын. Оның тұлғалық болмысы алыстан менмұндалап тұратын. Қазақ ұғымында әкенің орны Алатау еді. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген нақыл осыдан келіп шығады. «Әкенің өзі – бір мектеп» дегендей, өздері қатқан тәртіппен қасқайып өскеннен болар, біздерге қатал қарайтын. Қарсы келмек түгілі, алдынан шығуға сескеніп, қас-қабағын аңдысақ та, бет-жүзіне қарап сөйлей алмаушы едік. Қазір ойлап отырсам, әкелеріміз нағыз әке болған екен. Ал бүгінгі қазақ қоғамында осындай әкелер бар ма? Бар болуы да мүмкін, бірақ қаталдықты қатыгездікпен шатастырып алдық. Желіде жекеме жазған жігіттер мен қыздардың әкеден жеген таяқтарынан жүректерінде өшпей қалған іздерді оқыған кезде мұны тәртіп те, тәрбие де емес, әкенің қатыгездігі деп білдім. Бүгіннің әкелері осынша қатыгез болатындай не көріп өскен екен деген ойға қаламын. Мен де әкемін, бірақ ұл-қыздарыма ел алдындағы абыройымды емес, жүрегімдегі мейірімімді беремін. Әлбетте керек жерінде қаталдық танытамын, керек жерінде түзетіп отырамын, бірақ қатыгездікке тіліммен де, қолыммен де, таяғыммен де бармаймын. Балаларыма бала деп емес, өсіп келе жатқан ұрпағым, жеке бір тұлғам деп қараймын. Не нәрсені болсын ақылмен жеткізіп, мәмілемен түсіндіремін. Себебі қазіргі қоғам онсыз да қатал, бұрынғы жағасы жайлау мекен жоқ. Соған қарай бүгінгі әкелердің отбасындағы басты рөлі – балаларына мейіріммен қарап, әділ­дікпен қарым-қатынас жасап, өтірік айтпайтын тәртіпті орнатса екен деймін.

Отбасында, Отанда тақ­тай­дай тәртіп болмаса, тәрбие де жүген­сіз кететінін бабалар ғасыры дәлелдеп берген. Сондықтан үй ішіндегі тәртіпті тәрбиенің басы деп білемін. Ал баласына өзі оңынан ақыл айтып, ол ақылды терісінен көрсетсе, баланың алдында әкелігін бірден жоғалтып алады. Неге? Өйткені қазіргі балалардың қабылдау сезімі бізден біршама жоғары, ойлары ұшқыр, абайсызда көздері әкенің теріс қылығына түсіп кетсе, әкені ойша құлата салады. Сондықтан баланың алдында әке тәртіпті болмаса, болашақтан тәрбиелі ұрпақ күтпесін.

Қай заманда болсын, бала алдын­да­ғы әкенің жауапкершілігі күшін жоймайды. Әлбетте бұрынғыға қарағанда әке­нің жауаптылығы сәл қиындады, алай­­да бұл себеп емес. Өйткені баланы мате­риалдық тұрғыда қамтамасыз ете алмаса да, тәрбие беруіне қауқары әбден жетеді. Кейінгі кездері әкелерге «Балаң­ды емес, өзіңді тәрбиеле» деген қағиданы үнемі айтумен келеміз. Бірақ оны кейбір әкелер қабылдамайды, тіпті тыңдамайды да. Мәселен, бүгін баласы алдында аузына келгенді құсып, ертесінен одан өзіне құрметті талап ететін әкелер баршылық. Жалпы, баладан құрмет көру үшін «Балаға не бердік?» деген сұрақ қояйық. Жауапкершіліктен қашқақтап тұратын әкелер бар, өйткені өздерінде тәртіп жоқ, ұят жоқ, ар жоқ, балаға қандай тәрбиені мұра етсін? Ұрпақ алдындағы аманатын орындауда кейбір әкелер тиіп-қашып, кейбір әкелер мүлдем қашып жүреді. Өйткені жауапкершілікте өздерін әлсіз, әлжуаз сезінгісі келеді, баласы түгілі өзін де жарына ысырып тастайды. Осындай күйеулерге шыдап бағып, бала-шағаның қамы үшін, елден ұялғаннан барлық жауапкершілікті амалсыздан өзіне алып, үйлерінде тілдерін тістеп, бармақтарын шайнап отырған әйелдер бар. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің де біржақты болуы осыдан.

Бауыржан Момышұлының «Дүниедегі ең қорқынышты нәрсе – ар-ұждан мүгедегі, адамның азғыны» деген сөзі бар. Ендеше балалары мен олардың анасына зорлық-зомбылықтың атасын танытып отырған әкелер сана­тындағы еркектерді білеміз бе? Біл­се­ңіз­дер қазіргі таңда осындай тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзімі таусылғаннан бала-шағасы мен өздерін қорғау үшін озбыр күйеулерін байқамай өлтіріп алған әйелдердің 68%-ы түрмеде отыр. Біз жетпіс жыл бойына қыздың тәр­бие­сімен айналысып, өзімізге яғни ер-азаматтарымызға көңіл аудармай келген екенбіз. Бауыржан батырдың «От өзі қайнатқан сумен де сөндіріледі» дегеніндей, аналарға аздау, бірақ әкелерге көбірек шағымданатын жеткіншектер мен бойжеткендер бар. Өзінен шыққан баладан өз тарапына шағым естуі – әке үшін өліммен тең дүние. Кейде айтар сөз таба алмай қалатын кездерім болады. Хазіреті Омардың (р.а.) мына бір айтқан сөзі бар: «Баланың ең үлкен дұшпаны кім десеңіздер, оған Алланы танытпай, бұл дүниеде мәңгі өмір сүретіндей тәрбие беретін әке-шешесі», дейді. Сондықтан балаларымызға дүниені айта беретін әке-шешелерден болмай, бұл дүниеде ұрпағымыздың, о дүниеде Алланың алдында ұялмайтын әкелерден болғанымыз абзал.

 

 

Айман ОМАРОВА, құқық қорғаушы:

Баланы ата-ана тең тәрбиелеуі керек

– Көпке топырақ шашпаймын, алайда кейбір озбыр еркектердің әрекеті қоғамдағы әкенің келбетін теріс мағынада қабылдауға әкелді. Қазіргі әке біз үшін әйеліне қорлық көрсететін, азаптап өлтіретін, өз баласын қорлайтын, зорлайтын тиран ретінде елестейді. Ал сол әкелерді де әйел дүниеге әкелді. Анасы, қа­рын­дасы, әпкесі бар. Неге біз осындай деңгейге түстік? Оның жауабы адамның өз отбасында алған тәрбиесіне келіп тіреледі. Ең өкініштісі, сол көрген тәрбиені бүгін өздері балаларына көрсетіп жатыр. Бұл ертең ұрпақ сабақтастығына айналып, ұлттың болашағына әсер етеді. Анасын ұрып-соққанын көрген ұл әкесіне ұқсағысы келмесе де, бейсаналы түрде әкесінің образына өздігінен еніп кетеді. Себебі әкеге қарап ұл өседі.

Әке өзінің рөлін атқарып жатқан жоқ. Балалардың дені ана тәрбиесінде қалды. Ал тәрбиенің тізгінін алған аналардың өзі жан тыныштығында жүрген жоқ. Біздің қоғамда әйелді құлдыққа алатын секілді. Озбыр күйеудің тепкісінде жүріп тірнектеп ақша табады, барлық жауапкершілік сол әйелдің мойнында. Содан кейін ол балаға қандай тәрбие береді? Кейбір әкелер алимент төлемейді. Заңда көрсетілген баласының әл-ауқатын қамтамасыз ет­пейді. Жақында бір зерттеуді оқыдым. Ба­лаларға мектепте жақсы дүние­лер­ді үй­ре­теді екен, бірақ үйіне келгенде зор­лық-зомбылықты көреді. Нәтижесі жоқ. Ал екін­ші топта бала мен ата-аналарды қатар тәр­биелегенде өзгеріс болған. Сондықтан баланы ата-анасымен бірге тәрбиелеу керек.

ТҮЙІН. Халқымызда «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөз бар. Шындығында, бүгін «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» баланың өн бойына отбасындағы құндылық тал бесікте берілуге тиіс. Ал ол қандай құндылық? Біз қандай құндылықтар «ұлықталатын» қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Тобықтай сөздің түйіні сол, адалдықты ту етіп, жауап­кершілікті жалау еткен құндылықты ғана бойға сіңіріп, болашақ ұрпаққа ама­нат­тағанда ғана отбасы берік, шаңырақ шаттыққа толады. Бақ орнаған отбасында бақытты бала өсіп, Отанына адал азамат шығары анық. 

 

Дөңгелек үстелді жүргізген –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»