Жетісуда білім саласын жүйелеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір өңір кәсіпорындарының нақты тапсырыстары бойынша 13 колледжде 501 адам білім алады. Олар оқуларын аяқтаған соң, тапсырыс берген кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. Осыған байланысты колледж, студент және өңірдің 45 кәсіпорны арасында үш жақты келісімшарт жасалды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Оқу-ағарту министрлігі өткен оқу жылында кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадр даярлауды енгізген болатын. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында сұранысы бар мамандықтарға маман даярлауға мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмыс берушілер өз кәсіпорындарының базасында студенттердің тәжірибеден және тағылымдамадан өтуіне жағдай жасап, оқуын аяқтаған соң жұмысқа қабылдау міндетін алып отыр.
Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес колледждерді бейіндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 15 колледждегі бейіндері сәйкес келмейтін 91 мамандықтың 45-і жабылды және өңірдегі 13 колледжде «Ландшафты дизайн», «Кинолог», «Логопед», «BIM-техник», «Киім дизайны», «Графикалық және мультимедиалық дизайн» және тағы да басқа еңбек нарығында сұранысқа ие 17 жаңа мамандық ашылды.
Мемлекеттік тапсырысты жұмысшы мамандықтарына қайта бағдарлау жұмыстары атқарылды. Соның нәтижесінде биыл жұмысшы мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 268 орынға ұлғайды. Сол сияқты 2024 жылға тағы бірқатар жаңа мамандықты ашу жоспарланып отыр. Олардың қатарында балық шаруашылығы, жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру, кран машинисі, мал шаруашылығы кешендері мен механикаландырылған фермалардың операторы, пилотсыз ұшу аппараттарының операторы, ұнтақтау-сұрыптау жабдығының операторы, түту өндірісінің машиналары мен жабдықтарының операторы, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану секілді мамандықтар бар.
«Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман даярлау – әрбір оқу орнының басты міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Сапалы білім беру «Білімді ұлт» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік білім берумен толық қамту көзделген. Осы жылы мемлекеттік тапсырыстың ұлғайғанын ескеріп, жастарды колледждерде 9-сынып негізінде тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 84,4 пайызға жеткізілді. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп жоспарланған», дейді облыстық білім басқармасының мамандары.
Сондай-ақ облыста 14 колледжде дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Онда 25 мамандық бойынша 2734 білім алушы даярланып жатыр. 249 кәсіпорынмен 262 келісімшарт жасалды. Яғни түлектер практикадан өтіп, әрі қарай жұмысқа тұра алады. Дуальды оқытуды енгізуде және кәсіпорындармен табысты бірлескен іс-қимылдың тиімді үлгісін Талдықорған сервис және технологиялар колледжі, Текелі кәсіптік колледжі, Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжі көрсетіп отыр. Осы орайда колледждің ірі бизнеспен тығыз қарым-қатынасы білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға мүмкіндік берді.
Осы мақсатта колледждің әрбір түлегінің бизнес дағдыларына ие болуының маңыздылығын ескеріп, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің базасында кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерін тарта отырып, студенттік бизнес-инкубатор құрылды. Сол сияқты «Жас маман» жобасы аясында 7 мемлекеттік колледжде 11 құзыреттілік орталығы ашылып, олардың базасында «WorldSkills» чемпионатына дайындық алаңдары, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің базасында «Startap» академиясы құрылды. Орталықтарда академиялық ұтқырлық шеңберінде ауылдық колледж студенттеріне практикалық сабақтар өткізіледі, арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне біліктілігін арттыру, қайта даярлау курстары ұйымдастырылады.
Еске сала кетейік, облыста 27 колледж жұмыс істейді, онда 14 773 студент білім алып жатыр. Оқу орындары ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, құрылыс, машинажасау салалары, сондай-ақ техникалық, педагогикалық, заңгерлік, экономикалық, медициналық бағыттарға 61 мамандық және 102 біліктілік бойынша маман даярлайды.
Жетісу облысы