• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Ғылым 28 Қараша, 2023

Ғалымдарға грант табысталды

131 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жыл сайынғы «JANA ASU» грант байқауының қорытындысын шығарды. 11 ғалым сәулет, медицина, ауыл шаруашылығы, ІТ технологиялар және экология саласындағы инновациялық әзірлемелерін коммерцияландыруға қаржылай гранттар иеленді.

Университет ғылыми жұмыс нәти­желерін коммерцияландыруды қолдау мақсатында «Jana asu» гранттарын бөледі. Биыл ашық байқауға жоғары оқу орнының ғалымдары 50 жоба жолдаған.

– Қазіргі таңда отандық ғылым­ның алдындағы басты мәселе – ғалым­дардың ғылыми-техникалық қызметі нәтижелерін коммерцияландыру. Мем­лекет басшысы өндіріс пен ғы­лым тығыз байланыста жұмыс істеуі кере­гін үнемі айтып келеді. Ғылыми жетістіктердің барлығы халқымыздың әл-ауқатын, өмір деңгейін жақсартуға тиіс. Сондықтан біз былтырдан бері университет есе­бінен коммерцияландыруға әлеуеті бар ғылыми жобалар мен идеяларды қолдауға бағытталған «JANA ASU» жобасын бастадық. Биыл гранттар санын көбейттік әрі бұл дәстүрді болашақта жал­ғастыруды жоспарлап отырмыз. Университетті ғылыми-зерттеу уни­верситетіне айналдыру аясында ірі компаниялармен ынтымақтастыққа және қол­данбалы ғылымды дамытуға, сондай-ақ ғалымдарымыздың ғылыми әзірлемелерінің нәтижелерін өндіріске енгізуге көп көңіл бөлінеді, – деді университет ректоры Ерлан Сыдықов.

Мемлекеттік елтаңбаның авторы, университеттегі сәулет кафедрасының оқытушысы Жандарбек Мәлібеков инно­вациялық киіз үйдің модульдік үлгі­сін жасауды жоспарлап отыр. Ол күн батареяларымен, байланыспен, интернетпен және басқа да мүмкіндіктермен толық жабдықталады. Ғалымның пікі­рінше, заманауи киіз үй туристер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, тө­тенше жағдай және басқа да саланың қыз­меткерлері арасында үлкен сұранысқа ие болады. Әсіресе төтенше жағдайларда пайдалануға мүмкіндік бар.

Көлік-энергетика факультетінің оқы­тушысы Нұржан Болатов көпқабатты ғимараттарда қоқысты басқарудың ин­новациялық жүйесін әзірлеп жатыр. Ғалым қалдықтарды жинау, сұ­рып­тау және ғимараттың төменгі деңгейіне тасымалдау үшін қоқыс шы­ғарудың демонстрациялық моделін құру­ды жос­парлап отыр. Ғылыми идея қал­дық­тарды сұрыптауға және өндірістік кәсіп­орындарда екінші мәрте шикізат ретінде қолдануға мүмкіндік береді.

Университет ғалымы Асылтас Қал­тенова қазақ тілін шетелдіктер үшін ба­рынша қолжетімді жасауға ниетті. Ол ағылшын тілінде сөйлейтіндер үшін қазақ тіліндегі негізгі диалогтер ұсынылатын «Sana» мобильді қосымшасын әзірлеуге кірісті. Асылтас өз идеясын университет грантының көме­гімен жүзеге асырады.

Жаратылыстану факультетінің оқы­тушысы Қазбек Дүйсембаевтың эколо­гиялық жобасы да оқу ордасының қар­жылай гранттық қолдауына ие болды. Ғалым алма ағаштарының саңырауқұлақ ауруларын ПЦР тесті арқылы тез әрі дәл анықтаудың жолын тапты.

Ғалым Мұратбек Арпабеков пен магистрант Кәрім Мазманов цифрлық мамандарды жұмысқа қа­былдау­дың инновациялық платформасын әзір­леді. Олар компаниялардың кадр­лар­ды іріктеу үдерісін жеңілдетуге және жақ­сартуға ниетті.

– Біздің жоба шағын және орта бизнесті қолдауға мүмкіндік береді. 100-ден аса бизнес өкілдерінің арасында сауалдама жүргіздік. Оларда маркетплейс арқылы көп мамандарға қолжетімділік бар болғанымен, автоматтандырылған жұмысқа қабылдау мәселелері туындайды, маманның жұмыс сапасын тексеру қарастырылмаған. Біз жасанды интеллект көмегімен мамандардың жұмыс сапасын 3 кезеңде тексеретін боламыз, – дейді Кәрім Мазманов.

Университеттің аға оқытушысы Нұр­зада Амангелді қазақша ым-ишара тілін танудың алғашқы автоматты жүйесін құру бойынша бірегей жобаны жалғастыруға мүмкіндік алды. Жоғары оқу орны ғалымға екінші рет ақшалай грант бөлді. Ғылыми жоба жасанды интеллектке негізделген және сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған адамдарға бағытталған. Оның ғылыми жобасын Дүниежүзілік банк те қолдады.

Айта кетейік, Еуразия ұлттық уни­верситеті «Jana asu» ішкі грантын 2022 жылы бекітті. Өткен жылы 4 ғалым байқау жеңімпазы атанып, грант иегері болған еді.