• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қараша, 2023

Волонтер жүйесінің мәдениеті

204 рет
көрсетілді

Әлемде және елімізде волонтерлер қозғалысы қарқынды дамып келеді. Волонтерлік – қоғамда пайдалы қызмет ретінде өтеусіз негізде жүзеге асырылатын көптің көмегі. Оған қоса, бұл игі іс мейірімділік, адалдық, достық, еңбекқорлық секілді қасиеттерді бойға сіңіреді. Мұны еліміздегі волонтерлердің қайырымдылығы мен ұйымшылдығынан көруге болады.

Әдепті адамдар үшін мәдениетті болу қоғамға табиғи түрде енуге мүмкіндік беретін әдеттердің бірі болғанымен, ризашылықтың мағынасы әлдеқайда кең. Алғыс айту – көрсетілген жақсылық үшін ризашылық білдіру. Бұл өмірді және оның барлық ғанибетін бағалаудың жалғыз жолы. Егер алғыс болмаса, біз бір-біріміз үшін ештеңе жасамас едік. Еліміздегі және әлемдегі волонтерлік қозға­лыс­тың белсенді дамуы, біртіндеп танымал бола түсуі осыған дәлел.

Еліміздегі волонтерлер мұқ­таж жандарға әлеуметтік көмек, экобелсенділік, мәдени жобалар және спорттық іс-шара секілді қоғам өмірінің түрлі саласында көмек қолын созып келеді. Бүкіл әлемді әбігерге түсірген пандемия кезінде волонтерліктің белсенді көрінісі байқалды. Волонтерлері­міз коронавирустың таралуына қарсы күреске және оның жалпы халық үшін де, әлеуметтік осал топтар үшін де жағымсыз салдарын азайтуға елеулі үлес қосты. Осылайша, пандемия кезінде волонтерлер қатарына 500 мыңға жуық азамат қосылып, 1 миллионға жуық халыққа көмек көрсетілді.

Оқыс жағдай мен апаттың айтып келмейтінін біз жақсы білеміз. Қостанай және Абай облы­сын­дағы өрт, Екібастұз қала­сын­дағы төтенше жағдай кезін­де зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Ұлттық волонтерлер желісі қайырымдылық акция­сын бірден жариялады. Еліміз­дегі волонтерлік пен қайырымды­лықтың тағы бір жарқын мысалы – Түркияға көрсетілген көмек.

Волонтерлердің ауқымды үлесін ескере отырып, мемлекет тарапынан да шаралар кешені іске асырылды:

Мемлекет басшысының бас­тамасымен 2020 жылды Волон­тер жылы аясында өткізу, сондай-ақ интернет және әлеу­меттік желілер арқылы волонтерлер қызметінің мүмкіндіктері туралы ақпарат таратылды. Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы қолға алынды. Жол картасы Мемлекет басшысының Волонтер жылы шеңберінде бе­ріл­ген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар кеше­нін көздейді. Аталған шаралар азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын жандандыруға, олардың күнделікті игі істерге ұмтылуына ықпал етуге, сондай-ақ бұл бағытты одан әрі жүйелі дамыту үшін жағдай жасауға арналған. Республикалық фронт-офис және 20 өңірлік фронт-офис атынан волонтерлік инфрақұрылым құрылды, олар волонтерлік топтарға, ұйымдар мен волонтерлерге консультациялық көмек көрсетеді. Волонтер болуға ниетті әрбір азамат Qazvolunteer.kz онлайн платформасына тіркелу арқылы қайырымды ісін бастай алады. Қазіргі уақытта 56 мыңнан астам белсенді волонтер, волонтерлер үшін мыңнан астам жоба ұсынатын 3,5 мыңнан астам ұйым тіркелген. Волонтерлік ұйымдармен бірлескен жобалар шеңберін­де түрлі әлеуметтік іс-шараларға – 6 700-ден аса, экологиялық ак­ция­ларға 7 300-ден аса волон­тер қатысты. Денсаулық жағдайын жақ­сарту мақсатында 7 339 адам­ға көмек көрсетілді. «Күміс волон­терлікке» 1 000-ға жуық азамат қосылды. Волонтерлердің ынталандыру мәселесі – ең маңызды әлеуметтік құбылыс. Жыл са­йын үздік отандық және шетелдік волонтерлерді көтермелеу үшін «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. Осы уақыт ішінде (2020-2022 жылдар) Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан 141 волонтер сыйлық алды. Сондай-ақ, волонтерлер жыл сайын мемлекеттік наградалармен және алғыс хаттармен марапатталады. Халықаралық волонтерлік те қарқынды дамып келеді. БҰҰ Даму бағдарламасымен жұ­мыс аясында 7 отандық волон­тер БҰҰ-ның Иордания, Кения, Тайланд және Түркиядағы түрлі құрылымдарда жұмыс істеді. 2023 жылы отандық волонтер­лердің БҰҰ құрылымдарындағы жұмысын жалғастыру туралы келісімге қол қойылды.

Волонтерлік әлем бойынша кең таралып, жалпы ғаламдық қозғалыс пен белсенді күшке айналды. 2022 жылы Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түрік­менстан, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан волонтерлерінің қаты­суымен Орталық Азия волонтерлер форумы, шілде айында волонтерлердің халықаралық форумы өтті. Форумның мақса­ты – волонтерлік қозғалысты қол­дау және дамыту, еріктілер­дің мәр­тебесін арттыру, ынтымақ­тас­тық пен өзара әрекеттесуді ны­ғайту. Форум аясында волон­тер­лер­дің қызметіне қатысты түрлі сала, атап айтқанда 34 елдің 40 білікті спикері волонтерліктің қыр-сырын талқылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында волонтерлік ұйымдардың – 3 (2020 жылы – 224, 2023 жылы 680-нен аса), белсенді волонтерлердің 4 есеге (2020 жылы – 50 мың, 2022 жылы – 200 мыңнан аса) өскені байқалады.

Адами байланыс түрлі ұлттық ерекшелік пен адами қатынас­тардың алуан түрлігіне сәйкес өзгеше болады. Адам жақсы сөз, жақсы іске өте сезімтал. Бұл әсіресе жоғары гуманизм қа­рым-қатынасын ұстанатын, үлкен­дерге құрметпен, кішілерге ізет­пен қарап, өскелең ұрпаққа ұқып­ты қарайтын қазақ халқының өне­гесі. Қазақ – қайырымдылық сөзі­нің этикасы мен эстетикасына үлкен мән берген ұлт. Ал қайы­рым­дылық мәдениетін қалыптастыру – біздің алдымызда тұрған үлкен мақсаттардың бірі. Елімізде әр волонтердің алдағы уақытта керемет жобаларды іске асырып, бастама алуына сенім мол.

 

Ақбілек ТАҒАБАЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму

институтының сарапшысы