• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Инфографика 30 Қараша, 2023

Ішкі жалпы өнім өсе ме, құлдырай ма?

248 рет
көрсетілді

Әртүрлі сарапшылар 2023 жылдың қорытындысы бо­йынша ішкі жалпы өнім көрсеткішінің шамамен 5 пайызға тақау қалыптасатынын айтып жатыр. AERC 4,6 пайыз десе, Халықаралық валюта қоры 4,8 пайыз болады деген болжам береді. Halyk Finance аналитикалық орталығының мәлімдеуінше, ІЖӨ өсімі жоспар бойынша жылжып келе жатыр.

«Мұнайдың қымбаттауы, мұнай өнді­рісінің іс жүзінде екі таңбалы өсуі және төмен базаның айқын әсері егін­нің жетіспеушілігінен ауыл шаруа­шы­лығындағы өндірістің төмендеуін біл­дірмей жіберді. Нәтижесінде, 2023 жылдың 10 айында экономика өсімі қайтадан 4,9 пайызға дейін жеделдеді. Сонымен қатар негізгі факторлардың қо­лайлы үйлесуі қараша айында эко­но­­ми­каның 5 пайызға өсуіне қол жет­кі­зуге мүмкіндік береді. Өйткені қазан айында Ұлттық қордан қосымша 500 млрд теңге тартылды және жыл со­ңы­на дейін тағы да 800 млрд теңге түсім күтіліп отыр. Экономикаға жаңа ақ­ша­ның мұндай ерекше құйылуы, әри­не, іс­кер­лік белсенділікке серпін береді және инфляцияға кешіктірілген әсерін тигі­зеді», дейді орталық сарапшысы Асан Құрманбеков.

Сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы құлдырау екінші ай қатарынан экономикалық өсімді тежеп тұр. Бұл сауда секторының көр­сет­кіштерінде көрініс табады. Мәсе­лен, биылғы он айда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секторындағы жылдық өсім небәрі 3,8 пайыз болса, саудалық емес секторда (қызмет көрсету) өсім 5,4 пайыз болған. Қызмет көрсету секто­рындағы мұндай жоғары динамика 2014 жылдан бері байқалып отыр. Ол кезде барреліне 100 доллардан асқан мұнай бағасы ішкі сұранысқа қатты қолдау білдірген еді. Өткен жылдың қазан айындағы төмен базалық әсер де ІЖӨ-нің жалпы көрсеткіштеріне маңызды үлес қосады.

«Екінші тоқсанның басынан бас­тап қазан айында инвестициялық бел­сенділік өсіп шыға келді. Бұл 2023 жыл­дың 10 айындағы өсім көр­сет­­кі­шінде көрінді. 2023 жылдың 9 айындағы 12,1 пайыздық көр­сет­кіш­тен 2023 жылдың 10 айында 12,6 пайызға дейін жоғарылады. Негізгі капиталға салынған инвестиция негі­зі­нен транспорт (+58 пайыз), ден­саулық сақтау (+40 пайыз), сауда (+38 па­йыз) салаларына бағытталды. Біршама тежелген динамика сауда секторында – өнеркәсіпте (+8,3 пайыз) және ауыл шаруашылығында анығырақ байқалды (+8,7 пайыз). Мұнай бағасы екінші ай қатарынан барреліне 90 доллардан асты. Бұл қазан айында мұнай өндірудің екінші тоқсанның басынан бергі ең жоғары деңгейге дейін ұлғаюымен бірге жалпы өнеркәсіп өніміне оң әсер етті», делінген орталық сараптамасында.

Олардың жорамалынша, осы жыл­дың 10 айында экономика өсімінің 4,9 пайыз деңгейінде болуы ішкі жалпы өнімге қатысты позитивті болжам жасауға жол ашады.

«Көтеріліп жатқан мұнай котировкалары іскерлік белсенділіктің жақ­сар­уына қолайлы жағдай жасап отыр. Соңғы тоқсанда бюджет шығыны да ре­кордты болады және экономиканы қолдайтын қосымша факторға айна­лады. Нәтижеге өткен жылдың қарашасындағы жоғарғы емес база да әсер етеді. Жоғарыда айтылғандарды сара­лай келе биылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 4,9 пайызды құрауы мүмкін», дейді.

Экономикалық зерттеулер инсти­ту­тының сарапшысы Тоқтасын Бақ­бер­геннің айтуынша, ІЖӨ елде бел­гілі бір уақыт ішінде өндірілген тауар мен қызмет көлемін бағалауға және оны ақшалай бірлікпен көрсете алуға мүм­кіндік береді. Бұл өз кезегінде эко­номикалық деректерді әлдеқайда түсінікті етеді.

«ІЖӨ есеп айырысуын жүргізе бастаған алғашқы ел – АҚШ. Эконо­ми­ка­да­ғы өндірілген тауар мен қызмет құнын есептеу идеясын америкалық экономист Саймон Кузнец 1930 жылы ұсынды. Ұлы депрессияға жауап ретінде және экономиканың ахуалын бағалау қажеттілігіне орай экономист ұлттық табыс пен өнімді есептеу әдістемесін ойлап тапты. 1934 жылы АҚШ алғаш рет ІЖӨ бойынша ресми деректерді жария етті», дейді Т.Бақберген.

Еліміз кейінгі 12 жылда номиналды мәндегі жылдық өсімді көрсетіп келеді. 2022 жылы елдің ІЖӨ-сі 103,8 трлн теңге болған. Бұл 2011 жылғы ІЖӨ көрсеткішінен (21,8 трлн теңге) 4,8 есе көп.

«Орташа алғанда, 2010-2022 жылдар аралығында жыл сайынғы ІЖӨ номиналды өсімі 14,1 пайыз болды. Кейінгі 12 жылда ІЖӨ құрылымының айтарлықтай өзгермегенін және негізгі үлес қызмет көрсету саласына тие­сі­лі екенін айта кету керек. Қызмет көрсету саласының үлесі 54,5 пайызды құрайды, ал тауарлар өндірісінің үлесі – 39 па­йыз. Қызметтер үлесінің ұлғаюын эко­но­миканың шикізат ресурстарына деген тәуелділіктен арыла бастағанынан байқауға болады. Бұл елдің шикізат ба­ғасының ауытқуына осалдығын тө­мен­дететін оң фактор болуы мүмкін. Егер білім, денсаулық сақтау, қаржы, ақпараттық технология және ойын-сауық қызметтерінің үлесі мен сапасы өсетін болса, онда сыртқы экономикалық дағдарыстардың Қазақстан экономикасына әсері шынымен төмендейді. Бұл ретте ІЖӨ құрылымы 2013 жылдан бері ІЖӨ-нің негізгі саласы «көтермен және бөлшеу сауда» екенін көрсетіп береді», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта «транспорт және қаттау» саласымен бірлесе отырып сауда секторы тек өсім көр­сете бермек. 2022 жылдың қо­ры­тын­дысы бойынша екі саланың ІЖӨ-дегі үлесі 16,4 және 6,2 пайыз болған.

«Бұл цифрлар елде негізінен бизнес­тің сауда типінің қаттырақ дамып жатқанын аңғартады. Әрине, ол тауар мен қызметтердің сатылуына байланысты бұл жағдай белгілі бір деңгейде ел дамуы жолында үлкен тәуекелдер де тудырады», дейді институт сарапшысы.

2011-2022 жылдар аралығында елдегі жылдық өсімнің орташа деңгейі 3,8 па­йыз деңгейінде болған. Ең қатты өсім таңдап алынған уақыт аралы­ғы­ның бас кезіне тиесілі. 2020 жылы пандемияға байланысты ІЖӨ өсімі теріс аймаққа кеткен.

«Қазақстанның әлеуметтік-эконо­ми­­калық дамуы туралы болжам­ға сәйкес 2023 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ 119 123,7 млрд тең­ге­ні құрайды. Бұл 2022 жылмен са­лыс­тырғанда 14,8 пайызға жоғары. Шы­найы мәнде елдің өсімі 4,7 па­йыз­ға тоқталмақ. Осылайша, тұ­рақты құрылым кезінде қызмет көр­сету өн­ді­рісінің экономикалық өсу­ге қос­қан үлесі бұрынғыша жоғары болып қалады. Бұл болашақта сыртқы эконо­микалық оқиғаларға байланысты тәуе­кел­дердің жоғарылауын тудырады. Өңдеу өнеркәсібі қосқан үлестің өсімін оң фактор деп бағалауға болады. 2019 жылдан бері өңдеуші өнеркәсіптің ІЖӨ нақты өсіміне қосқан үлесі тау-кен өнеркәсібінен асып түседі. Бұл біртіндеп экономиканың әртараптана бастағанын және шикізат бағытынан алшақтай бастағанымызды көрсетеді. Уақыт өте келе әртараптанған экономика сыртқы шоктарға қарсы тұрып, фискалды және монетарлық саясат жұ­мысының тиімділігін арттыруға мүм­кіндік береді», дейді Т.Бақберген.