Жақында елге есімі белгілі, заң саласының белді өкілі Балапан Әбеновті еске алуға арналған шағын футбол турнирі Кеншілер астанасына алыс-жақыннан доп додасының өрен жүйріктерін жинады. Бұл жолы республикалық доп додасы 2010-2011 жылы туған жеткіншектер арасында ұйымдастырылды. Турнирдің ашылу рәсіміне Балапан Әбеновтің достары мен туыстары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Балапан Әбенов 1960 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1977 жылы Н.Әбдіров атындағы кеңшарда токарь болып бастаған. 1983 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, заңгер атанды. 1988-1999 жылдар аралығында Қарағанды облысының прокуратурасында жұмыс істеді. Қатардағы тергеушіден Теміртау қаласы прокурорының орынбасары қызметіне дейін жоғарылаған. 1999-2005 жылдар аралығында облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары, кейін облыстың соттар әкімшісі болды. Облыс әкімінің кеңесшісі қызметін де атқарған. 2016 жылы 26 желтоқсанда Арқа жұрты ардақты азаматынан айырылды.
Тіршілігінде әділдігімен, тура сөзімен жұрттың жүрегіне жол тапқан азамат. Заң саласында шенді қызметтер атқарып, елге шапағатын көп тигізген. Тіршілігінде сыйласқандар «бүгінгінің биі еді» деп тебіреніспен есіне алады.
Б.Әбеновті еске алуға арналған бұл турнир 2018 жылдан бастап өтіп келеді. Биылғы турнирдің ашылу рәсіміне Жоғарғы соттың судьясы Досжан Әміров пен мемлекеттік және қоғам қайраткерлері Ералы Тоғжанов, Камалтин Мұхамеджанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рымбала Омарбекова, Жақсыкелді Кемалов, ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, қалалық мәслихаттың төрағасы Алтынтөре Бөкенов, заңгердің ұстазы Нұрсахан Бейсенбекова және өзге де қадірлі қонақтар қатысты. Меймандар қадірлі азамат туралы есті естеліктерімен бөлісті. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев бұл турнирдің маңызы мен мәні зор екенін атап өтті.
– Б.Әбеновтің ғұмыры келте болса да, халқына көп пайдасын тигізіп, жақсылық жасап кетті. Жұлдыздай жарқ етті. Атпалдай азаматтың кешкен ғұмыры талайға үлгі. Елімізде Б.Әбеновтей азаматтар көбейсе деген тілек бар. Осы турнирдің маңызы зор. Себебі оның есімі ел жадынан өшпеуге тиіс. Марқұмды еске алып, осындай доп додасының өтуіне ықпал жасап жүрген достарына, бауырларына, туған-туысқандарына алғыс. Жақсының жақсылығы айтылғаны абзал. Мына жастар да өз ісінің шеберлеріне айналып, келешекте ел намысын әлемдік деңгейде қорғаса дейміз, – деді Т.Абылаев.
– Арқада Б.Әбеновтің жақсылығын көрмеген адамдар өте аз. Марқұм тіршілігінде талайға шарапатын тигізді. Қиналғандардың қасынан табыла білді. Парасат пен ақылдың иесі еді. Мәрт, жомарт еді. Бәріне ақылшы болды. Ел тізгінін ұстаған небір шенділер Балапан марқұмнан келіп ақыл сұрайтын. Әділдікті жақтаған, мемлекет мүддесі үшін аянбай тер төккен халқының асыл перзенті. Мұндай азаматтар жүз жылда бір туады, – деп әділ азамат жайында тебірене сөйледі ақын Серік Ақсұңқарұлы.
Турнирде Абай ауданынан келген команда шебер ойын көрсетіп, 1-орынды қанжығалады. Биылғы турнирге тыңғылықты дайындалыпты. Алаңда прессингті көп жасап, қарсыласқа артық қадам жасатпады. Түрлі комбинацияларды жүзеге асырды. Доп додасында жасындай жарқыраған футболшыларға медаль мен кубок және ақшалай сыйлық табысталды. 2-орын Қарағандыға бұйырса, 3-орын – Теміртаудың қоржынында.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы Нұрлан Дулатбеков білім ордасының атынан арнайы жүлделер табыстады. Турнирде ерекше ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар да ескеріліп, оларға сыйлықтар тарту етілді.
Қарағанды облысы