• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Желтоқсан, 2023

Ерекше балалар киімі: Кәсіпкердің игі бастамасы

104 рет
көрсетілді

Өскеменде бір кездері атағы алысқа кеткен «Рассвет» деген тігін фабрикасы жұмыс істеген. Кейін қаржылық қиындықтарға ұшырап, шаруасы тұралап қалады. 80-жылдары сол фабрикада еңбек еткен Әлия Адамова 2018 жылы әйгілі фабриканы «Рауан» етіп жаңғыртып, нарыққа қайта алып келді. Бұл ретте шығыс өңіріне белгілі кәсіпкер, Әлияның ағасы Рустам Адамовтың да адамгершілігін айтпай кетуге болмайды. Кәсіпорын қызметіне ерекше еңбегі сіңген, бұрынғы басшы Гүлімхан Накужанованың өзі Рустамды іш тартып, осында келуге шақырған екен. Екеулеп жүріп қызметкерлердің миллиондаған жалақысы мен кәсіпорынның шығындарын төлегеннен кейін, фабрика қайта еңсе тіктей бастайды. Қазір өндіріс орны тұтас өңірдің қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Алайда негізгі мақсат – тіпті басқа.

Қазір кәсіпорынның бүкіл қарызы өтеліп, цехтар жөнделіп, кабинеттер ретке келтіріліп, терезелер ауысып, желдеткіштер орнатылған. Сондай-ақ жаңа тігін машиналарын да сатып алды. Кәсіпорынның негізгі бағыты – арнайы киімдер. Бұл ретте шаһардағы титан-магний комбинаты, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауы­ты», «Каравай» нан за­уы­ты, «Регистан» қоғамдық тамақ­тану желісі, «InVivo» зертханасы «Рауан» ӨСК-нің тіке­лей тұтынушыларына айнал­ған. Кәсіпорын негізінен өнді­рістің әр алуан түріне арнал­ған арнайы киімдер, транспорт құралдарына арналған қаптамалар, бронежилет қапта­малары, перде, асүй қолора­мал­дары, басқа да тоқыма бұйым­дарын тігеді.

«Біз әрқашан ел игілігіне жұмыс істегіміз келеді. Пан­демия кезінде де қыз­меткерлер ешқан­дай демалыссыз бетперде, халат, дәрігерлерге арналған кос­тюм тігумен айналысты», дейді кәсіп­орын басшысы.

Әлия Адамованың негізгі маман­дығы – педагог. Сондық­тан болар жастарды оқытуды жаны қалап тұрады. Кәсіпорын жанынан ашылған оқу орталығы әлеуметтік осал топ санатынан шыққан қыз балаларға тігін шебер­лігін үйретеді. Сондай-ақ Жұмыс­пен қамту орталығымен де тығыз қарым-қатынас орнатып­ты. Орталық мұнда «Жастар тәжі­рибесі» және «Алғашқы жұ­мыс орны» жобалары бойынша жұмыссыз азаматтарды жіберіп отырады. Қазір фабрикада 23 адам жұмыс істейді. Оның үшеуі – мүмкіндігі шектеулі жандар.

«Біз – әлеуметтік жауап­кер­шілікті сезінетін кәсіпорынбыз, сондықтан кім-кімге де есігіміз ашық. Мәселен, жақында ғана бір қызбен келісім жасастық. Мар­кетплейске шыққаннан кейін ол интернетке қатысты жұмыстарды жүргізумен айналысады», дейді Ә.Адамова.

Міне, осы жерде тақырыпқа қойылған ой тізбегін әрі қарай тарқататын сәт келген секіл­ді. Кәсіпорын биылдан бас­тап ерекше бастаманы қолға алды. Енді «Рауан» кәсіпорны даму ерекшелігі бар балаларға арнал­ған киімдерді тігіп, нарық­қа шығаруға кірісті. Ә.Ада­мо­­­ваның айтуынша, елі­мізде бірде-бір кәсіпорын ерек­ше балаларға арнап киім тік­пей­ді, ал сұраныс деген тым жо­ғары. Сау балаларға кез ке­л­ген типтегі киімді оңай табу­ға­ болады, ал ерекше бала­лар­­дың жағдайын кім ойлайды? Біз осы олқылықтың орнын­ тол­тыр­ғымыз келді дейді кәсіпкер.

«Біз біраз уақыт бұрын ­«аутизм», «церебралды сал ­ауруы» диагнозы бар балалармен жұмыс істейтін «Мархабат» орталығының қызметкерлеріне (тәрбиеші, педагог, қызмет көрсетуші персонал) арнап киім тіккен едік. Ал ол қыз­мет­кер­лердің барлығы дерлік – ерекше балалардың аналары. Сол кезде олар «менің балама арнап арнайы киім тігіп бере аласыздар ма?» деп бізге өтініш қыла бастады. Олар мұндай киімді сатып ала алмайды. Себебі қымбат. Мәселен, арнайы киім­дер Қазанда тігіліп, сатылады. Бірақ бағасы біздікінен үш есе жоғары. Біздің бағамыз да қолжетімді, сапамыз да ресейлік киімнен жоғары. Расымен, сол балалардың өздеріне бейімдеп неліктен киім тікпеске деп ойланып қалдық. Көп ұзамай, қолға алдық. Алғашқы топтаманы балалардың өзіне тегін тарту еттік. Мұндай көмекті ішінара әлі күнге жалғастырып келе жатырмыз. Біз расымен көмектескіміз келді. Ата-аналармен ақылдасып, олардың қажеттіліктерін анық­тап барып осы іске кірістік», дейді.

Әлияның айтуынша, өз бетін­ше киініп, қимылдай алмайтын балалар үшін бұл киімдер топтамасы өте ыңғайлы болмақ. Әсіресе ерекше балаларды күзгі және қысқы мау­сымда киіндіру біршама қиындық тудырады.

«Өйткені қазіргі шығарылып жатқан киімдер ол балалардың қажеттіліктерін ескермейді. Біздің мамандар бейімделген топтаманы әзірлеп шықты. Киімдер толықтай сырмамен жабдықталған. Бастан аяққа дейін жапсырмалы түймелер қадалған. Тіпті памперсті ауыс­тыру үшін де бүкіл киімді қайта шешу қажет емес. Сондай-ақ матаның 80-90 пайызы мақтадан тұрады, бұл баланың дұрыс тыныс алуына және айналасынан еш қымсынбай қимылдауына мүмкіндік береді. Іші жылы, қыстық аяқкиімдеріміз де бар. Бала­лардың қолдануына аса ыңғайлы арнайы қолғаптар шыға­руды да ұмытқан жоқпыз. Бұл балалардың қоғаммен ара­ла­сып, әдемі, киімі жарасымды болып жүргенін қалаймыз. Сол себепті осы топтаманы ерек­ше ықыласпен, ерекше махаббатпен дайындап жатырмыз», дейді маман.

Фабриканың алға қойып отыр­­ған мақсаты айқын әрі ауқым­­ды – олар еліміздегі ерекше­ қажет­­тілігі бар әр баланы қам­та­масыз етуді қалайды. Бала­лар­дан бөлек, дамуында ерек­ше­лігі бар жастар мен ересек адамдар үшін де арнайы киім­дерге тапсырыс қабылдай бас­тапты. Бұл да – қуантарлық бас­тама.

«Ерекше балаларға арналған киімдерге деген сұраныс тым көп. Біз қаламызда осын­ша­лықты көп ерекше бала тұрады деп ойламаған да екенбіз. Ал бүкіл ел бойынша олардың саны қанша десеңізші. Өкінішке қарай, ешқандай мемлекеттік қолдау алып отыр­ған жоқпыз. Сондықтан болар, киімдерімізді айналымға түсіру, көпшілікке таныту да біршама қиынға түсіп жатыр. Қазан айында көрме болып, сол кезде облыс әкімі біздің киім­дерімізге назар аудар­ды. Тіпті мұндай киім­дерді сату ісін жолға қою бо­йынша тапсырма да берген еді. Өйткені мұндай балалар жекелеген отбасыларда ғана емес, балалар үйінде де өте көп қой», дейді кәсіпкер.

Балаларға арналған киім­дер­ді ерекше балалардың аналары тігеді дедік қой. Соның бірі – Айтол­қын Мұқашева. Ол өзі осы фабрикада және «Марха­бат» орталығында тәрбиеші болып жұмыс істейді.

«Менің балам – 5 жаста, ол сөйлемейді, әлеуметтен жырақ, шағын моторикасы­ зақымданған. Сондықтан оған өз бетінше киіну қиын. Әдеттегі киімдегі сырмалар өте кішкентай, ашып, жабуға біраз қиналады. Ал әрбір ата-ананың мақсаты – баласын өз бетінше әрекет етуге үйрету. Әлия Марат­қызы балаларымызға арнап киім тігуге ұсыныс жасаған кезде өте қатты қуандық. Біздің барлық ұсынысымыз ұсақ-түйегіне дейін ескерілді. Ол ұсыныстар сырмалардың өлшемі, қалталардың орналасуы, мате­риал таңдауға да қатысты болды. Сонымен қатар біздің бала­лар киім түсіне де ерекше сезім­талдықпен қарайды. Көбіне бір­келкі, қарапайым түстерді ұна­та­ды. Бұл да ескерілді», дейді ол.

Кәсіпорын айрықша ынты­мақ­тастық орнатқан «Мархабат» түзету балабақшасының жетек­ші­сі Жанна Тукубаева осындай керемет және әлеуметтік ма­ңызы бар жобаға қолдау жаса­ға­нымызға қуаныштымыз дейді.

«Рауан» ЖШС-мен таныс­тығымыз бен ынтымақ­тасты­ғы­мыз біздің қызметкерлерге арнайы біркелкі киім тігуге тап­сы­рыстан басталған еді. Олар сапалы матадан ыңғай­лы етіп, уақытылы тігіп бер­ді. Балабақшамызда тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, жүйке-психикалық ауытқуы бар 80 бала тәрбиеленіп жатыр. Ата-аналарымыз Әлия Маратқызының бастамасымен қолға алынған ерекше балаларға бейімделген киім тігу жобасы аясында киімдердің үлгісін бір­лесе жасауға атсалысты», дейді орталық басшысы.

Кәсіпорын тұтынушысының бірі саналатын Demey сауық­ты­ру орталығының басшысы Мәдина Әуренова да – ерекше бала­ның анасы.

«Ә.Адамова мен оның ұжы­мы­на ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап арнайы киімдер тіге бастағаны үшін алғысымды білдіремін. Церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға киім табу да, киіндіру де оңай емес. Бұрын тек Ресей, АҚШ, Еуропадан ғана тапсырыспен алдыруға болатын еді. Енді өзіміздің Өскеменнен табатын болдық. Киімдері өте жеңіл әрі жылы», дейді ол ерекше алғысын білдіріп.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, қойма қазір мұндай киім­дерге сықай толып тұр. Тек жарнамасы жетіспей жатқан­дық­тан, көпшілікке тарала қой­мады. Әйтпесе ел аумағында тап осындай киімге мұқтаж болып отырған отбасылар қаншама. Әзірге тапсырыс Қостанайдан ғана келіп жатыр екен.

«Маркетплейске мүлде шыға алар емеспіз. Қазір осы мәселе бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жуық арада арнайы қосымшаларға шығу бойынша нәтиже болып қалар. Ozon-мен де келіссөз бастадық. Бірақ бұл ресейлік алаңқай болғандықтан, отандық өндірушілер үшін аса тиімді бола қоймайтын сияқты. Тиісті маркетинг жұмыстары жүргізілгеннен кейін біз туралы бүкіл Қазақстан біледі, сол кезде киімдерімізге деген сұраныс та көбейеді деген ойдамыз. Ерекше балалар қауым­дас­тығының директорымен де кез­десіп, қолдау жайлы айттым. Ол еңбегімізді бағалап, көмек­тесетінін жеткізді», деді Ә.Ада­мо­ва бізбен әңгімесін түйін­деп.

Көңіл шіркін қай баланың да ауырмағанын тілейді ғой. Бірақ еліміз бойынша ерекше қажеттілікпен өмір сүретін 98 мың­нан аса бала бар екенін ста­тистика растайды. Қазір олар­ды емдеу мәселесі өткір тұр. Осыншама баланың киіну мәсе­ле­сіне қолғабыс еткелі отырған кәсіп­орынның игілікті бастамасы қол­дауға, жария етіп таратуға тұрар­лық.

Қазір кәсіпорын маусымдық және қыстық киімдерді тігу­мен айналысып жатыр. Олар­дың­ ішінде боди, спорттық костюмдер, комбинезондар бар.