Қысқамерзімді кәсіптік оқыту арқылы мамандықты ауыстыруға болады. Қарағанды облысында 571 адам кәсіптік білім алуға жіберілген. Оның көпшілігі жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, жұмысқа да орналасқан.
Бүгінгі таңда кәсіптік оқуды 435 маман аяқтап, 317-сі жұмысқа орналастырылды. Оқу кезінде мемлекеттен 32 685 теңге көлемінде шәкіртақы алады және жолақысы төленеді. «Өңірімізде кәсіпорындар базасында орналасқан 20 оқу орталығы бар. Олар тігінші, аспаз, кондитер сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар дайындайды», дейді облыстағы еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Дәурен Қошқаралиев.
Саран қаласындағы «A.V.Group» компаниясында осы жоба аясында еңбекке араласқандар саны көп. Аталған компания 2013 жылы құрылған болатын. Биыл 10 жылдығын атап өтті. Кәсіпорын тек жеңіл өнеркәсіппен шектеліп қалмай, бірнеше өндірісті дамытып отыр. Аймағымызда алғашқылардың бірі болып полиграфиялық өндірістің толық циклін құрған. Алдағы жоспарлары да ауқымды. Қазақ тілінде Брайль шрифтімен түрлі дүниелер басып шығарумен айналысатын еліміздегі жалғыз кәсіпорын атанбақ. Жобасы әзір. Келесі жылы іске қоспақ ниетте. Бұған қоса, жол белгілерін жасайтын цех та бар. Компания жиһаз өндірумен де айналысады, арнайы киімдер мен тұтыну тауарларын шығарады. Қазіргі таңда кәсіпорындарында 150 адам жұмыс істейді.
– Кәсіпорындағы 70 адам біздің оқу орталығының базасында қысқамерзімді кәсіптік оқудан өтті. Саран қаласының мансап орталығымен тығыз байланыстамыз. Олар бізге жұмыссыздарды жібереді. Біз оларды 3 айдан 6 айға дейін оқытамыз, содан кейін жұмыс орнын ұсынамыз. Өзіміз үшін мамандар дайындаймыз, сондықтан олардың біліктілігіне сенімдіміз. Болашақта осы бағдарлама бойынша тағы 200-ге жуық адамды жұмысқа орналастыруға дайынбыз. Сондай-ақ біз арнайы киімнен алыстап, көпшілік тұтынатын киім тігумен де айналысқымыз келеді, – дейді «A.V.Group» ЖШС бас директоры Владимир Алескеров.
Саран қаласының тұрғыны Эльмира Волкова ұзақ жыл мектепте информатика пәнінен сабақ берген. Бір жыл бұрын мамандығын ауыстырғысы келіп, қысқамерзімді курстарға тіркелген.
– Жұмыспен қамту орталығына жүгіндім, маған «A.V.Group» серіктестігінің оқу орталығының базасында түптеушіге оқуды ұсынды. Үш ай оқыдым, тәжірибеден де өттім, содан кейін жұмыс істеймін деп шештім. Курстар кезінде стипендия алдым. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы – жаңа мамандықты тез меңгергісі келетіндер үшін жақсы мүмкіндік. Өйткені білім толыққанды беріледі. Қазір менің сүйікті ісім бар, блокнот және де басқа да кеңсе өнімдерін жасаймын. Сонымен қатар жұмыс орным дәл үйімнің жанында, – дейді Эльмира.
Қысқамерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасының түлектері жаңа мамандықты игеріп, кепілді жұмысқа орналасып қана қоймай, мемлекеттік үлгідегі сертификаттарды да алады. Сонымен қатар кейбір курстарды онлайн оқуға да болады. Олардың тізімі enbek.kz сайтында көрсетілген.
Қарағанды облысы,
Саран қаласы