Дәстүрге айналған Жұмабек Тәшенов жүлдесі биыл да өз үздіктерін анықтады. Алғашқыда жылдың үздік ақынын ғана ардақтауды мақсат еткен игілікті шара қанатын кеңге жайды. Биыл он аталым бойынша үздіктерін үкіледі.
Достық үйінде өткен іс-шара шымылдығы Жұмабек Тәшенов туралы қысқаша бейнефильммен түрілді.
Қарап отырсақ, осы бір жыл үздіктерін анықтайтын айтулы шараның Арқа жерінде ұйымдастырылып келе жатқанына он бес жылға жуықтапты. Дәстүрден жаңылмай, жыл өткен сайын түрленіп өтуіне айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов еңбек сіңіріп жүр. Ал бұған жолынан жығылмай, жомарттық танытып, демеушілік көрсетіп жүрген алтын жүректі азамат, «Жыл меценаты» Сапар Ибкеевтің де атын атап өткеніміз жөн.
– Ел тонауға, жер талауға түскенде туған елі үшін астындағы тағын тәрк еткен текті тұлға, Алаш арыстарының аманатын орындаған Жұмабек Тәшенов болатын. Біз қаһарман ұлдың өнегелі істерін, қайраткерлік жолын, асыл мұрасын дәріптеу мақсатында жыл сайын өткізіп келеміз. Жастардың шығармашылығын шыңдап, оларға қамқорлық көрсетіп жүрміз. Және де елге адал еңбек етіп жүрген қоғам қайраткерлері мен белсенділерін марапаттап отырамыз, – дейді ұйымдастырушы Айтбай Ботпайұлы.
Кештің қадірлі қонағы, Ж.Тәшеновтан бата алған дәулескер күші Мұхамеджан Тілеухан сахнаға көтеріліп, тұлға жайлы естелігімен бөлісіп, күй шертті.
Мұхамеджан Қанайұлына, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы, доцент Елдос Ерғазыұлына және әнші Жана Қуанышбекқызына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов Алғысхат табыстады.
Сонымен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Құрман Қалымов «Жылдың үздік қайраткері» атанды. Аймақтық, республикалық жыр додаларында топ жарып жүрген жас талант Бекарыс Оспанов «Жылдың үздік айтыскер ақыны» аталымымен марапатталды.
Қазақ поэзиясында айшықты қолтаңбасы бар Серік Сағынтай «Жылдың үздік ақыны» аталымында үкіленді. «Жылдың үздік қаламгері» аталымында Ернар Кейкин, «Ғылым мен білімге және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» Рашит Каренов құрметке бөленді. «Оқу-ағарту және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» терең тарихшы Тұңғышбай Мұқан марапатталды.
«Жылдың үздік мәдениет және өнер қайраткері» Сәуле Шибаева, «Жылдың үздік тілшісі» Жанабек Нар, «Жылдың атымтай жомарты» Арман Абеуов, «Жылдың үздік белсендісі» аталымымен Ернат Мэлсұлы атанды. Жыл үздіктеріне арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.
Марапаттау рәсімінен соң Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Досымжан Таңатаров әннен шашу шашты.
Қарағанды облысы