Абылай хан мен Анна Иоанновна арасында «Орысия қазақ хандығы шекарасынан аттап енбейді, қазақтан солдат алмайды» деген келісім бар еді. Қазақ жұрты тек салық төлеу жөнінде міндеттенген. Уәли ханның тұсында осы келісім қасақана бұзылып, ақ патша әскері қазақ даласына дендей еніп, бекіністер сала бастады. Бір кездегі емін-еркін жайлаған өзен-көлдер мен жайылымдарға енді казак-орыстар ұлықсатсыз аттап бастырмады. Тіпті қазақтар тұз алып жүрген қайраңдарға да бара алмай қалды. Осыған шамданған Қасым сұлтан бауыры Уәли ханға арыз айта келді. «Әкеміз Абылай ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ даланы жайлаған қазағымның басын қосып, іргелі ел етіп еді. Ел – жермен ел, жерден айырылу – елдіктен айырылу» деген уәжіне ағасының дәрменсіздігін көрді.
Ханнан лаж болмаған соң өзі бастап атқа қонды. Бұған Уәли ханның ұлы Ғұбайдолла қосылды. Қасымның ержеткен қос ұлы Есенкелді мен Саржан шықты. Бұл уақта Кенесары ес біліп қалған 7-8-дегі бала еді.
Ел шетіне емексіне енген дұшпанға айбат шеге дүбінген Ғұбайдолла мен Саржан бастаған жасақ дүрк көтерілді. Аузы түктілердің ұйлыққан слободкаларын шауып, атамекеннен тықсыра қуды. Ақ патшаның үстемдігін көздеген губерния басшылары қарулы отряд шығарып, Қасым аулын ұлардай шулатып, үйінің шаңырағын ортасына түсірді. Іштесері бар мылтық кезенген қаскөйлерден тайынып қалмай, қазақтар қайта орыстарды шапты. Алма-кезек шайқас жиілеп, орыс пен қазақтың арасы ушықты.
Қасым сұлтан көтерілістің көсеміне айналды да атығай-қарауыл, уақ-керей, қанжығалының сұлтаны Ғұбайдолла қол бастап, Есенкелді мен Саржан оның оң қолы мен сол қолы болды. Осы шайқастарға Қасым ұлдарының ат жалын тартып міне алатындарының бәрі қатысты. Бала болса да Кенесары да шет жағын байқады.
1819 жылы Уәли дүние салды. Әкелерінің көзі тiрiсіндегі өсиеті бойынша оның орнына мұрагерлiкпен үлкен ұлы Ғаббас ақ киізге көтерілуі тиіс еді, көп ұзамай Ғаббас сұлтан да төтеннен келген науқастан көз жұмды. Ата-баба жолымен ендiгі шаруаны жалғастыру Ғұбайдолланың пешенесіне бұйырды. Уәли ханның асынан соң ежелгі салт бойынша сөз ұстаған билер, беделді рубасылар мен ақсақалдар кеңесе келіп, Ғұбайдолланы таққа отырғызған. Сөйтіп, ол 1820 жылы хан сайланды. Алайда бұған отаршыл ақ патша үкiметi мүлде қарсы ниет танытты. «Ақ патшаның боданындағы жұрт мұндай елдік істерді орысияның мақұлдауымен ғана жүзеге асырады. Ал қырғыздың (қазақ) хан сайлауына рұқсат жоқ» деп кесіп айтты.
Осы арада қазақтағы хандық жүйені біржола құртуды көздеген патшалық империя арнайы құжат әзірлеп жатқан еді. Ол 1822 жылы «Сiбiр қырғыздары туралы устав» деген атаумен қолданысқа еніп те кетті. Оны ел іші «ұстап» деді.
Отарлаушылар көздеген істі нәтижелі жүргізу үшін Сібірді шығыс және батыс деп екіге бөлді. Батыс Сібірге – Тобыл, Томбы, Омбы өңірлері және оның құрамына орта жүздің дені, кейінірек ұлы жүздің жартысына жуығы енді. Әрі бұл аймақ «Сібір қырғыздарының облысы» деген атқа ие болды.
Патша билігі отарлау саясатын қарқынды жүргізетін қазақ даласын реформалаудың амалына қызу кірісті. Ұстапты мейлінше жылдам іс жүзіне асыруға барын салды. Орта жүзді 8 дуанға бөлді. Осы отаршылдық құжаттың негiзiнде Қазақ хандығында ең алғашқы орыстың басқару аумағы болып, 1824 мешін жылы 8 ақпанда Қарқаралы өкірігi ашылды. Оның аға сұлтан басшылық лауазымына подполковник Тұрсын Шыңғысов отырды. Бұл уақта орыстардың жымысқы саясатының «салқынымен» хан әулетінің бірқатар төрелері олардың айтқанына әбден көніп, ықпалынан шыға алмайтын халге жеткен. Сол жәреукелердің қолдап-қолпаштауымен қазақ жұртындағы екінші болып құрылған дуан – Көкшетау сыртқы өкірігінiң 1824 жылы 29 сәуiрдегi салтанатты ашылуында Ғұбайдолланы аға сұлтан етіп сайлады. Ондағылары – хандыққа ұмтылған сұлтанды орыс билігінің пәрменімен дуанбасы жасасақ, ашуы басылар, өкпесі тарар деп қорытқан. Бірақ еркін өскен түз тағылары мен Қасым бастаған төрелер ата-баба жолы мен дәстүрін жаңғыртпақ ниеттерінен қайтқан жоқ. Аға сұлтан Ғұбайдолла хандық билiктiң күйрегеніне, тұтас елдің қырық құрауға айналғанына қатты қапаланды.
Сөйтіп, дешті даласындағы хандық дәуір жойылып, орыс әкiмшiлiк тәртiбі енгiзіле бастады. Отаршылдық бағыттағы әрекеттер халықтың бытыраңқылығынан қарқынды жүрді. Көптеген ру басылар тәтті сөз бен «жарқын» болашаққа алданып, бодандыққа мойынсұнды. Орысша оқыған төрелердің бәрі ақ патшаның дайын кіші офицерлері болды. Шені жоқтарына казак-орыстың хорунжий оқасын берді.
Есенкелді мен Саржан жазалаушы отрядпен бiрнеше дүркін ұрыс жүргiзiп, ақыры Түркiстан төңiрегiне өткенде Ғұбайдолла қызметiнде қала бердi. Көтерiлiске қолдау білдіріп, көмек беруден де тайынбады. Осы кезде Саржан сұлтан: «Ғұбаш көке, Абылайдың ұрпағының бәрі сендей емес, сен ата-баба аманатына адалдығыңды көрсеттің. Біз атажұртта ұзақ тұра алмаспыз. Бірақ қандай заман болса да, Абылай ұрпақтарының арасынан Көкшетауда, яғни Абылай туын тiккен Ақ орданың маңында біреуіміз қалуымыз керек. Ол – сен боласың, сондықтан тікелей ұрысқа араласпа. Ресей бодандығына қарсы күреске біз жетеміз», деді.
Бір кезде тұтас Қазақ хандығының дәргейінде болған дешті даласы заманның аумалы-төкпелілігінен екіге қақ жарылды. Алатаудың етегі Ілеге дейін, Мойынқұм, Қарақойын, Қашырлы, Сарысу, Ұлытауға дейін, Сырдария, Арал тегіс Қоқан хандығының ықпалына өтіп кеткен. Терістігі мен батысы русыздар езгісінде жатыр. Елді азат етемін деп Саржан Ташкент құшбегі Мәметәлімді Арқаға екі қайтара қолымен ертіп келіп, екеуінде де нәтижесіз тірлікке ұшырады. Ақырында Қаратауға қоныс аударған әкелерінің соңынан аттанды. Олардың оңтүстікке келуі уағында Абылайдың алмас қылышы кескілеген қоқандықтарды шошындырып, «Абылайдың өзі болмаса да, көзі келді, ту көтерер кезі келді», деп үрейленді. Қоқан ханы Мәделі мен Ташкент құшбегі Бегдербек «орысқа шабу жайын ақылдасамыз» деп алдап шақырып алып, екі төрені 18 төлеңгітімен өлтіріп жіберді. Міне, осы кезде кәрлі төре Қасым Кенесарыға батасын беріп, ел басқару жолы енді сенікі деді. Кісесінен күміс қынды сапысын шығарып ұлына ұсынды. Сонда Кенесары сапыны қынынан суырып алып, маңдайына тигізіп, жүзінен сүйді. «Осы от пен суға суарылған алмастың жүзіндей қас-жауларымды аямай бауыздауға ант етемін!». Қос жанары кек пен өшпенділікке тұнып, семсердің жүзімен серттесті.
Қасіретті Қасым дәл сонда «Абылайдың ендігі айбынын сырт жауға таныта алса, халқы үшін жанынан кешкен, тәуелсіздікті тәңірідей тәу еткен тарлан ғана танытпақ. Басқыншының шылауына түсіп кеткен өзіммен кіндіктес жұртқа үміт артпаймын, үміт – халықтың өзінде. Қара нардай қабырғасы қайыспас қайсарлар туады әлі. Тек солардың қолына туған жердің туын ұстатып, дербестік дегеннің дәмін татыру керек» деген ой үстінде тұр еді. Әттең, өзі де аңдушылардан қапыда мерт болып, Кенесары бір жыл қоқандықтардың қолында зынданда отырды. Ташкентте абақтыда отырып, елді азат етудің, жеңіске жетудің жолдарын ойлады. Ақыры құтылып шығып, елін Шу бойынан Ұлытау жаққа көшіріп әкетті.
Жаңа өңірге жетіп, жиылған жұртқа «Енді менің алдымда, жалпы Абылай ұрығының алдында қазақ халқын бодандыққа бермейтін, басын біріктіретін, есесін қайтарып, несібесін түгендейтін іс тұр. Соған біржола бекініп келдім. Абылай атамның ақ туын қайта көтерем, халқыма теңдігін әперем!» деді. «Ой, айналайын, дегеніңе жет! Алла жар болсын!» деп халық дүркірей қолдады.
Бұл уақта Арқа мен теріскей, батыс аймақтар сегіз дуанға бөлініп, орыстардың боданына айналып кеткен кез. Ақмола өкірігінен Төртұғұл болысының сұлтандары – Күшік, Жадай, Жанай Айшуақовтар, билері – Сейдалы Жанмурзин, Аққошқар Кішпентаевтар Қасымұлының қайсарлығын қызу қолдады. Көкшетау өкірігінен өзінің жақындары Ниген Уәлиұлы, Таны Тортайұлы, Қанқожа Уәлиұлы, ханша Айғаным аталары Абылай көтерген ақ тудың астына жиылды. Баянауыл өкірігінен Маман, Тоқтамыс, Таймас, Дүйсенбі, ағайынды Абылаевтар мен Рүстемовтер, Жәнібек Абылпайызов сұлтандар Кенесары қолына қосылды. Барлығы он сегіз сұлтан, он сегіз би, жеті старшын Қасым ұлдарының ұйғарымын мақұлдап, жандарынан табылды. Өзге де көптеген халық батыры, тұтас ел бірікті. Әрине, билік құлағында отырған қарсыластар одан да көп еді. Әуелгіде қосылып, тайып кеткендер де болды.
Осы жерден қол құрап, азаттық арпалысын Көкшетау өңірінен бастады. Ақтау бекінісін екі қайтара шапты. Бекініс коменданты, әскери старшина Симоновтың отрядын талқандады. Келесі жолы мұздай қаруланған командир хорунжий Рытовты отрядтымен жойып жіберді. Қараөткел мен Қызылжар арасында Чириков пен Карповтың жасақтарын қырғынға ұшыратты, ырқына көнбеген кейбір сұлтандардың аулын шапты. Ең берік қамал Ақмола дуанының кірепісі болып тұрған Қараөткелді басып алып, өртеп жіберді. Әрі бұл майданының атын «Ұлы ту» деп атап, атасы Абылайдың туын Ақмолаға тікті. Қазақ даласына жер аударылып келген поляк ақыны Адольф Янушкевич әлгі оқиғадан соң араға бес-алты жыл салып, «Ақмола – ұлы даланың болашақ астанасы» деген сөзін қағазға түсірді.
Кенесарыға ақ патша билігімен қатар соларға берілген күллі төре тұқымы қарсы болды. Ақырында Торғай, Ырғыз жаққа ауып, 1841 жылы 1820 жылы құлап қалған Қазақ хандығын Ұлытауда қайта құрды. Оған үш жүздің баласы қатысты. Ақ киізге көтеру шарасын Шақшақ Жәнібектің жиені кіші жүздің Шеген биі, орта жүзден атығай-қарауылдың әз Бөгенбай биі жүргізіп, өзге де халық батырлары мен белгілі тұлғалары ханды алқалап, таққа отырғызды. Таққа отырысымен Қоқанға жорыққа аттанып, ежелгі Қазақ хандығының ордасы Созақтан бастап, Сыр бойындағы қалаларды тазартып, Ташкентке дейін елді азат етті. Жолшыбай кенезелері кеуіп келе жатып, іркінді қара судан шөл қандырған сыпайлар ақтышқаққа ұшырап, қаланың өзіне шабуыл жасай алмады. Бірақ Қоқан ханы Мәделі аяғына жығылып, бодандықта жүрген біраз жұртты Арқаға көшірді.
Одан кейін Орынбор губернаторы, артиллерия генерал-майоры Обручевтің қолымен үш жыл соғысып, бірде-бір жеңілмеді. Керісінше заманауи қаруланған әскерге ұдайы соққы беріп, орыс форпостарын талқандап кетіп отырды. Екатерина станицасының күл паршасын шығарды. Бүгін бір жерден соққы берсе, ертең мүлде ат аяғы жетіп үлгермейтін тұстан лап қойды. Осы ұтқырлығына қарай оны «Қара құйын» (Черный вихрь) деп атады. Еш жеңілуді білмеген қол тек қазақтың алауыздығы мен ішмерездігінен жеңіліп, Жетісуға қарай қонысын аударды. Онда да Қоқан хандығы билеп тұрғандықтан, ақ патшаның құрығы жете қоймаған ұлы жүз бен қазақтың бір ұлысы болып келген қырғызға арқа сүйеймін бе деп ойлады. Арғы хандық дәуірлерді айтпағанның өзінде қазақ-қырғыз Тәукені ортақ хан санаған, Тәуке хан мен Тиес манапты бөлмей, «Тәуке-Тиес» деп атайтын еді. Тіпті Жолбарыс Абылайға Тиес 14 жаста Зерен деген қызын беріп, күйеу еткен. Көркем Уәли – қырғыздың жиені. Ал одан Абылай хан туады. Абылай хан өмірінің соңында 1779 жылы Кебек би бастаған қырғыз жұрты Алатаудың етегінде ант-су ішіп, тағы да қырғыздың қазақтың бір ұлысы екенін, Қазақ хандығына мойынсұнғанын мағұлымдады. Ақүйліге адам береді. Оған дейін де талай берген. Сарыарқадағы Есіл мен Нұраның бойындағы «бай қырғыз», «жаңа қырғыз», «қырғыз» рулары әр кезеңде кепілдікке келгендер болатын.
Осыны көкейіне тұтқан Кене хан Қазақ хандығының бір пұшпағы қырғыз еліне бет алды. Алайда ол кезде Қоқанның шылауына оралған манаптар өзгерген еді. Әрі Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковтың приставы, подполковник С.Абакумов, есаул Т.Нюхаловтардың үйлестіруімен ұлты татар Мұхамед Тагиров деген жансызы ақ патшаның жақсылығын шора мен шоңның төбесіне үйіп-төгіп арнайы хат тапсырған. Ал ұлы жүз төрелері Сібір қырғыздары облысы шекара басқармасының бастығы генерал Н.Вишневскийдің алдына барып, ақ патшаға ант беріп қойған еді.
Осындай жағдайда Жетісуға келген хан тұтқынға түсті. Оның басын шауып өлтіруге шынжырмен жетелеп халықтың алдына алып шыққанда, айналасын шола қарап, әдемі қоңыр даусымен ән бастады. Бұл қоштасу әрі аманат жыры еді.
«... Аман болса ұрпағым,
тартпай қоймас тегіне,
Азаттық үшін алысып,
жетпей қоймас сертіне.
...Орындалмаған арманым,
аманат болсын сендерге,
Шайнауда кетер бармағым,
теңдікке елім жеткенше.
Рухымды менің оятар,
қара жер-бесік тербетсе,
Сендермен бірге жүрегім,
заманың қысып, шерлі етсе.
Азаттық үшін алысып,
ұл-қызың өсіп, ержетсе,
Батырлық болсын тірегің.
Қош болыңдар, қазағым!»
Адам біреу үшін жақсылық жасаса, ең мықтағанда оның жолында шыбын жанын қиғаннан артық ештеме істей алмайды. Ал арыстар өзге үшін одан да артық дүние істей алады. Ұлтының болашағы үшін шыбын жанын қия тұрып, өшпес рух қалдырады. Кенесары хан қазаққа еркіндіктің нұрын көрсетіп, тәуелсіздіктің рухын қалдырып, бостан болашақтың бағытын сілтеп беріп кетті.
Тағдыр әр кез өз дегенін жасай алады, тек екі нәрсеге құдіреті жүрмейді: ол – біздің еркін рухымызды ауыздықтауға қауқарсыз және жалған сөйлей алмайды. Сондықтан 260 жылдай басы бұғауда болса да, азаттық үшін арпалысқан қазақ халқының перзенттері шынжыр бұғауды бұзып, қызыл империяға қарсы бас көтере алды. Ақырында үзілмей жалғасқан күрескерлік тұтас бір құрлықты алып жатқан темір құрсауды тас-талқан етті. Кенесары ханның өлер сәтінде:
«Рухымды менің оятар,
қара жер-бесік тербетсе»,
деп айтқанындай, шырқырап елінің болашағын қорғаған Желтоқсандағы жастардың азалы үні қара жерді тербеді. Оның «Сендермен бірге жүрегім» дегеніндей, халқының жүрегіне жерленген қайсар тұлға, үш ғасырдай езіп-жаншылған қазақтың санасына тәуелсіздік сәулесін себезгілетті. Абылай ханның түсінде бақа-шаяннан қашып, айқайлай шошып оянатыны қазақтың өмір тарихында 1986 жылға тұспа-тұс келді. Қабірде тыныш жатпаған Абылайдың аруағы, Кенесарының киесі сол күні қазақтың қалғып кеткен рухын оятты.
...Әлеуетті қызыл империя билігіне қарсы алғаш қазақ жастары бас көтеріп, осыншама қанды кесапат орнатқан кеңес одағы араға бес жыл салып күйреді. Басы бір үстемдікке бағынған он бес республика дербестігін алып, өз төтелі өмірін сүре бастады. Қазақ жұрты да тәуелсіздікке қол жеткізді. Еркіндіктің жолы өте ауыр әрі ұзақ еді. Осы қиын жылдар мен қиыр жолдарда қаншама арыс, қаншама қаһарман, қаншама аяулы ару қыршын кетті.
Ел-жұрт есін жиып, арғы-бергі тарихын түгендеп, елдіктің жолындағы асыл мұратқа қол созған халық перзенттерін атай бастады. Оның басында Кенесары хан мен Наурызбай сұлтандар, Сыздық пен Тайшық төрелер, Алаштың арыстары, Желтоқсанның жастары тұрды...
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты