1923 жылы қайраткер, елші, қаламгер Нәзір Төреқұлов «Темірқазық» журналының алғашқы нөмірін баспадан шығарды. Міне, биыл осы тарихи басылымға 100 жыл толып отыр.
«Күншығыс елдеріне саясат кіндігі, жол көсемі, іс көсемі, ел тәрбиешісі болып тұратын әдебиетке негіз салатын, елге білім кілтін ашатын журналдың керектігі көптеп сезілетін. Ел жоғын білетін, ел тілегіне, ел мұңына құлақ салатын журнал елге тура жол сілтейтін, терісін, қисығын тергейтін журнал елдің шын қамқоры, шын досы болып көрінбек», деген тілек сөзін «Темірқазыққа» арнаған Нәзір Төреқұлов сол басылымның дүниеге келуіне аянбай тер төгіп, еңбек етті.
Бар-жоғы үш-ақ нөмірі шыққан «Темірқазық» журналы өз оқырмандарының көзайымына айналып, сол тұстағы белгілі қалам иелері осы журналға қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге байланысты мақалалар жазды.
«Темірқазықтың» алғашқы нөмірі шыққанда ауыл қазағы өзінің тілегін өлең шумақтарымен жолдаған. Міне, сондай ел қазағының бірі Ескендір Шынтасұлының жүрекжарды өлеңі журналға арналғаны – соның айғағы. Өлең жолдарында ауыл азаматы:
«Қайырлы, құтты болсын, «Темірқазық»,
Саналы аңсағанға бұл бір азық.
Етеді жолбасшылық, жөн көрсетіп,
Адассақ бағыт ауып, жолдан азып.
Қазақтың кемдікте өскен айнасы бұл,
Өзімнен өзіңе айтар тергеп-қазып.
Аз сөзбен елден көңіл білдіремін
Сүйелді қолдарыммен өлең жазып»,
– деп қуана жолдаған өлеңі ауыл қазағының журналға тілекші екенін көрсетеді.
Cол кезеңде Мәскеудегі Алаш зиялылары «Күншығыс баспасы» айналасында топтасқан еді. Баспа туралы ХХ ғасырдың 20-жылдары баспасөзде жиі айтылған. Қазақша ресми аты – «КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөлімі». Оның тарихы 1922 жылдан басталады. Дәл сол жылы автономиялық республикалар мен облыстарға арналған кітаптар, мерзімді басылымдар шығаратын КСРО Орталық атқару комитетінің Шығыс баспасы негізінде ашылды. 1922-1928 жылдары Нәзір Төреқұлов КСРО Орталық атқару комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы, қазақ секциясының басшысы қызметін атқарған. 1924 жылы КСРО халықтарының орталық баспасы ретінде қайта құрылған. 50 тілде кітап, аударма, саяси әдебиет, 12 тілде газет-журнал шығарған. Баспа саны аз ұлттардың ең алғашқы әліпбиін жасап, оқулықтарын жариялаған. Халық арасында «Күншығыс баспасы» деп айтылып кеткен. Тегеурінді «Темірқазық» журналы да осы баспадан шыққан.
«Темірқазық» журналының 2-3 саны бүгінде Алматы қаласындағы Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы сирек кездесетін кітаптар мен материалдар қорында сақтаулы.
Мәскеуде жарық көрген «Темірқазық» журналы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің PhD Алтын Ақынбекованың ізденісінің нәтижесінде араб қарпінен кириллицаға ауыстырылып, ғылыми айналымға еніп отыр.
Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Халықаралық «Нәзір Төреқұлов» қайырымдылық қорының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор