Білікті кадрлардың шетке кетуінен мемлекет айтарлықтай экономикалық, мәдени, кейде саяси зиян шексе, оларды қабылдап, қамтамасыз ететін елдер мықты әрі арзан зияткерлік капиталға ие болады. Кейбір дерек бойынша, соңғы бес жылда бізден 300 мыңға жуық адам шетел асса, олардың үштен бірі – жоғары білімді.
Кейінгі жылдары «милардың жылыстауы» бас ауыртар мәселеге айналып бара жатқаны жасырын емес. Шетелдік жоғары оқу орындарын бітірген және дамыған елдерде жұмыс істейтін қазақстандықтар көбіне сол алған білімі мен дағдысын туған жерінде жүзеге асыра алмайды. Өйткені олардың зияткерлік әлеуетін қолдануына, өзін өзі дамытуына толық мүмкіндік жоқ. Ғылым мен технологияда болашағынан үміт күттіретін көптеген жас оқудың озық мүмкіндіктерін саралап, дамыған елдерге көз салады. Бюрократия мен сыбайлас жемқорлық ‒ азаматтардың өзге елдерге қоныс аударуының тағы бір себебі. Биік мақсаттарға қол жеткізу заңсыз әрекеттер арқылы жүзеге асырылған кезде, бұл адамдарды неғұрлым сенімді, әділ орын іздеуге итермелейді. Бұл жерде лайықты өмір сапасы, тартымды жалақы сияқты факторлар да таңдаудан тыс қалмайтыны рас. Сөйтіп, өз отанының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосуға тиіс азаматтар білімі мен білігін өзге елдің гүлденуіне жұмсап жүр.
Осы тектес проблемаға жуырда депутаттар да зейін қойды. «Ақ жол» партиясы Президенттің Үкіметті озық технологиясы бар халықаралық компанияларда жұмыс істеген, тәжірибелі отандастардытарту бағдарламасын іске қосу жөніндегі «KPMG» компаниясының бастамасын қолдауға шақырғанын еске салды. Фракция мүшелері «осы бағдарлама қабылданды ма, талантты жастарға қандай жағдай жасалған, олар қанша және қандай компаниялардан елге оралды?» деген сауалдарға ақпарат беруді сұраған. Айтуларынша, шетелдің жоғары оқу орындарында білім алып, дардай маман болып шыққан дарынды жастарымызды сол елдің компаниялары тұрақты жұмыс орнымен, жоғары жалақымен, әлеуметтік пакетпен қызықтырып, өздерінде қалдыруға тырысады. Мысалы, Ресей университеттері мен колледждерінде біздің мектептердің 70 мыңдай түлегі бар екен. Бұл жағынан көрші елдегі шетелдік студенттер арасында бізден барған жастар бірінші орында тұр. Ол туралы Ресейдің ресми тұлғалары да мақтанышпен ашық айтуда. Егер жоғары оқу орындарында оқитын отандастарымыздың жалпы санымен салыстырсақ, онда Ресейге оқуға кеткендердің үлесі 10 пайыздан асады. Оның нақты себептерінің бірі ‒ елдің жоғары оқу орындары қазақ талапкерлерін Ұлттық бірыңғай тестілеусіз (ҰБТ) қабылдап, грант, стипендия, жатақханамен қамтамасыз етеді, білім алып шыққаннан кейін жұмыс орнын, тіпті азаматтығын ұсынады. Ал оған көптеген қаракөзіміз қызығушылық танытуда. «Жүріп жатқан соғыс салдарынан демографиялық және жұмыс күші проблемаларын шешу үшін Ресей біздің жастарымызды өзінде қалдыруға мүдделі және бұл бағытта барынша жағдай жасауы әбден мүмкін», деп алаңдаушылық білдіреді депутаттар.
Ұлттық статистика бюросының деректері көрсеткендей, қазірде кадрларға деген ең үлкен қажеттілік өнеркәсіп, көтерме және бөлшек сауда, автомобиль мен мотоцикл жөндеу, көлік және қоймалау, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету, сондай-ақ денсаулық сақтау салаларында сезіліп отыр. Экономикалық қызметтің осы түрлері бойынша қызметкерлерге күтілетін жалпы қажеттіліктің жиынтық үлесі 66,2%-ға жеткен. Өңірлер бойынша қызметкерлерге ең көп күтілетін қажеттілік Алматыда (4 776 адам), одан кейін Астанада (2 975 адам), сонымен бірге Алматы облысында (621 адам) байқалды. Техникалық дағдылар мен білімнің өзектілігі төмендейтін үрдіс белең алғанда үздіксіз оқытудың қажеттілігі артады. Бұрын техникалық-кәсіптік білім беру шеңберінде алынған білім біліктілікті арттырусыз 10 жылға жеткілікті деп саналса, қазір көптеген мамандық бойынша дағдылардың өзектілігі тек екі жылдың көлемінде ғана сақталады. ЭЫДҰ талдауына қарағанда, елдегі жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне оқудан өтуді белсенді түрде ұсынбайды. Сөйтіп, бізде қызметкерлердің тек 3,4%-ы ғана қосымша оқудан өткен. Көріп отырғанымыздай, кадр әлеуеті орнықты экономика қалыптасқан жағдайда ғана нығая алады.
Білікті кадрларды елге қайтаруға ынталандыру туралы айтар болсақ, алдымен бұл шараға әлеуетті қатысушылар қандай белгілер бойынша таңдалатынын нақты анықтау қажет. Экономикалық зерттеулер институты (ERI) өңірлік зерттеулер орталығының директоры Ерлан Кәрімовтің пайымдауынша, бірінші кезекте QS World University Rankings деректері бойынша соңғы 5 жыл ішінде әлемнің үздік 100 университетінде ғылыми дәреже алған немесе «Fortune 100» компанияларында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі бар отандастармен байланыс орнатқан жөн. Бұл тұста білікті мамандардың эмиграциясының себептерін зерделеу бойынша әлеуметтану зерттеулерін жүйелі түрде жүргізу, бірлескен жұмыстар мен зерттеулер жүргізу үшін елге білікті кадрларды тартуға отандық диаспоралардың мүмкіндіктерін пайдалану, елде үздіксіз білім беру жүйесін белсенді енгізу қажет.
Е.Кәрімов елге қайтып жатқан отандастарды тұрғын үй субсидияларымен, жеңілдетілген автонесиемен қамту қажеттігін айтады. Зерттеушінің пікірінше, қайтару үдерісін азаматтықты ұзатпай беру, олардың балаларын балабақшаға, мектепке орналастыру, қосымша қаржыландырудың белгілі бір пайызы шетелдік ғылыми қызметкерлер мен кеткен отандастар арасынан профессор-оқытушылар құрамын тартуға жұмсалған жағдайда, жоғары оқу орындарын қаржыландыруды ұлғайту қажет. Сонымен қатар бірлескен жобаларға қатысу немесе жоғары оқу орындарында дәріс оқу үшін шетелдік ғалымдар мен мамандардың Қазақстанға қысқамерзімді сапарларын ұйымдастыру оларға еліміздегі оң өзгерістерді көріп, түйсінуге мүмкіндік береді. Шетелдік ғылыми қызметкерлер қызығушылық танытқан жағдайда отандық ЖОО жанынан кәсіпкерлік инкубаторлар немесе зертханалар құру, сондай-ақ жабдық сатып алуды және техникалық персоналды жалдауды қоса алғанда, өз зертханасын ашу үшін гранттар бөлу қажет. Бұдан бөлек, ірі отандық компаниялардың елден кеткен білікті қызметкерлерді мемлекет бәсекеге қабілетті жалақы төлеуді ішінара жаба алатын жұмысқа жалдауға көңіл бөлгені дұрыс.