Ауыл-аймақты дамыту Мемлекет басшысының ерекше назарында тұр. Аграрлық секторды экономиканың драйверіне айналдыру туралы көптен айтылып келеді. Оның нәтижесі қандай? «Алтын бесік» деп бағалайтын ауылымызды «алтын көмбеге» қашан айналдырамыз? Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевпен сұхбатымызда ауылдық жердің ахуалын, жасалып жатқан жұмыстар мен қордаланған мәселелерді талқылаған едік.
– Әли Әбдікәрімұлы, қазіргі таңда ауылдардың жағдайы көңіл көншітерлік емес. Сіздер, депутаттар өңірлерге сапар барысында біраз мәселені көріп жүрсіздер. Осы орайда ауылды көркейту үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?
– Қазіргі уақытта ел халқының 38 пайызы ауылдық жерде тұрады. Кейінгі 3 жылда ауыл халқының саны 3 пайызға азайғаны байқалып отыр. Урбандалу, яғни халықтың қалаға топтасуы – дамыған және дамушы елдерде болып жататын қалыпты үдеріс. Бірақ қалыпты жағдай екен деп қол қусырып отыра беруге де болмайды. Парламент депутаттары жыл сайын бірнеше мәрте өзі сайланған өңіріне барып, сайлаушылармен кездесіп, ауылдағы жағдайды өз көзімен көріп қайтады. Мақсатымыз – ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге Сенат тарапынан атсалысу, қажет болса заңнамалық тұрғыда көмек көрсету.
Соның бірі ретінде Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын айтуға болады. Қазіргі уақытта барлық облыста жайылымдық алқаптардың тапшылығы байқалып отыр. Малдың 80 пайызға жуығы 90-жылдардың басында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін бөлінген елді мекендер шегіндегі және оның айналасындағы әбден тозығы жеткен жайылымдық жерлерде (21 млн га астам) жайылады. Аталған құжат қабылданған жағдайда ауылдық округтер аумағындағы жайылымдық жерлерді ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерінің қарауына беру, орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды пайдалану мүмкіндіктері, пайдаланылмайтын жайылымдардың параметрлерін нақтылау, жайылымдарды қорғаудың негізгі бағыттарын айқындау сынды бірқатар өзекті мәселе шешімін табады.
Сонымен бірге мақсатқа сай пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде айтар болсақ, Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін 10 млн га пайдаланылмаған немесе заңсыз берілген жерлер бойынша шаралар қабылдауды тапсырғаны белгілі. Осыған орай 2022 жылы 28 сәуірде пайдаланылмайтын және заңсыз берілген жерлерді қайтарып алу жөнінде жұмыс комиссиясы құрылды. Жалпы, былтырғы жылдың басынан бері мемлекетке 9,5 млн га (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылы – 4,1 млн га) ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 3,2 млн га жерді игеруге кірісті.
Егемен ел болғалы ауыл-аймақты дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама мен жоба қабылданғанын, соның бірі «Ауыл аманаты» жобасы екенін айта кетсем деймін. Бұл Президент тапсырмасымен «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Үкімет қаулысына сәйкес дәл қазіргі уақытта іске асып жатыр. Алғашқыда Жамбыл облысында сәтті жүзеге асқан болатын. Бүгінгі таңда жоба аясында еліміздің барлық облысында жеке шаруа қожалықтары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының басын қосқан 400 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Ауылды дамытуға 7 жылға 1 трлн теңге қаражат қарастырылып, биыл 100 млрд теңге бөлінді.
– Ауылдық жерде туу көрсеткіші жоғары болғанымен, кейінгі 3 жылда тұрғындар қатарының азайғанын айттыңыз. Бұның себебі, әрине, ауылдағылардың қалаға ағылуы. Бұған қалай тосқауыл қоя аламыз?
– Ол үшін алдымен ауыл халқын тұрақты жұмыспен қамтуды қолға алу керек. Одан кейінгі ең негізгі мәселе – ауылдардың әлеуметтік жағдайын, ауыз суын, инфрақұрылымын, жолдарын, интернет желілерін, тағы да басқа қала халқы көріп отырған игіліктердің барлығын дамытуымыз қажет.
Тұрақты жұмыспен қамтудың бір жолы – ауыл шаруашылығын дамыту. Ал ауылдарда ұсақ шаруа қожалықтары көп екені бәрімізге белгілі. Фермерлер жеке-дара жұмыс істеп үлкен табысқа жете алады деу қиын. Сондықтан ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру маңызды. Әрбір фермер кооператив арқылы мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Кооперативтер өздерінің үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, агрохимиялық, техникалық қызмет көрсету және жем дайындау бойынша бірнеше қызмет түрін көрсетеді. Мысалы, ауыл адамдарының малы үшін шөп қажет. Оның құны жазғы уақытта арзан, ал қыс мезгілінде екі есеге дейін қымбаттайды. Ал кооператив мемлекеттің қолдауымен лизинг арқылы сатып алынған трактор, шөп шабатын машиналарды пайдаланып, өздерін қолжетімді бағамен шөппен қамтамасыз ете алады. Өз өнімдерін нарыққа өткізуге қол жеткізеді.
Ауыл халқын тұрақтандыруға «Дипломмен – ауылға!» жобасы да септігін тигізеді деп есептеймін. Бұған қоса, аудан орталықтары үшін қолжетімді несие мөлшерін 2 500 АЕК-ке дейін және қалған ауылдар үшін 2 мың АЕК-ке дейін өсіру арқылы тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие мөлшерін ұлғайту бөлігінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл өзгерістер 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
– Ауыл инфрақұрылымын дамыту кезек күттірмейтін шаруа екенін айттыңыз. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Мемлекет тарапынан қолға алынған бірқатар бағдарлама бар. Соның негізгісі – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Бұл жоба 2019 жылдан бастап іске асырылып келеді. Оның аясында білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы нысандар, клубтар, мәдениет үйлері, мұражайлар, кітапханалар, спорт кешендері, әлеуметтік қамсыздандыру орталықтары, инженерлік инфрақұрылым (жабдықтар, жылу, электрмен жабдықтау нысандары және сумен, жылумен, газбен, электрмен жабдықтау желілері), көлік инфрақұрылымдары (кенішіндегі жолдар, көшелерді жарықтандыру) жөнделеді.
Жоба шеңберінде 2019-2022 жылдары 326 млрд теңге бөлініп, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысанын, 1 174 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын және 2,2 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы жобасын жаңғыртуға қол жеткізілді. Ал биылдың өзінде 771 ауылдық елді мекенде шамамен 1,8 мың жобаны іске асыруға 198,2 млрд теңге бөлінді.
Кейінгі жылдары ауылдарда, тіпті аудан орталықтарының өзінде интернет сапасының төмен екендігін байқадық. Әсіресе пандемия уақытында мектеп оқушылары мен студенттерді онлайн оқытуға көшкен кезде ауыл интернетінің жағдайы белгілі болып қалды. Тіпті 1 300-ге жуық ауылда интернет мүлдем жоқ екенін білдік. Қазіргі уақытта ауылдарға талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстары аяқталуға жақын, 20 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі салынады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 3G, 4G мобильді байланысын қосу бойынша байланыс операторлары мен уәкілетті министрлік меморандум жасап, тұрғындар саны 250-ден асатын ауылдарды мобильдік байланыспен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Экономиканың кез келген саласында ғылымды дамыту, өндіріске жаңа технологияларды енгізу – басым міндет. Аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің жағдайы қандай?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында экономиканың негізгі бағыттары бойынша тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде аграрлық ғылымды дамытуға ерекше назар аударып, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнологиялық хабқа айналдыру жөнінде міндет жүктеді.
Ауыл шаруашылығының экономика драйверіне айналуға әлеуеті мен мүмкіндіктері орасан зор. Алайда заманауи ғылымсыз агроөнеркәсіп кешені алға жылжымайды. Өндіріске соңғы үлгідегі технологияны енгізбей, инновацияны дамытпай, жаңа, сапалы өнім ала алмаймыз. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде де ғылымның рөлі үлкен.
Шыны керек, біз агроғылымға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге тиісті деңгейде көңіл аудармай жатырмыз. Бұл жөнінде Үкімет сағатында айтқан болатынбыз. Бізде 3 арнайы аграрлық университет, 34 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтары, тәжірибелік стансалар бар. Онда 2,5 мыңдай ғалым жұмыс істейді. Сонда да шаруаларға керекті тұқым, минералды тыңайтқыштар, техника мен заманауи технология да шетелден әкелінеді.
Дамыған елдерде аграрлық саладағы зерттеулерге жұмсалатын шығындар жылдық ішкі жалпы өнімінің 3-7 пайыз аралығын құрайды. Бізде 0,1 пайыз ғана. Бұл – тым төмен көрсеткіш. Бүгінгі таңда ғылымға жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізу туралы Президенттің тапсырмасы бар. Бұл бағытта Үкімет жұмыс істеп жатыр. Осы шаралардың барлығы кешенді түрде жүзеге асатын болса, агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5-3 есеге арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделу үлесі де төмен деңгейде тұр. Мәселен, ірі қара мал терісінің 13,4 пайызы ғана өңделеді де, қалғаны қоқысқа тасталады (2,5-3 млн тері). Оны теңгеге шақсақ, жыл сайын шамамен 14 млрд теңге желге ұшады деген сөз. Осы ретте бір қуанатын жайтты айта кетейін. Алматы облысында 2022 жылы құрылып, бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Бату агро» ЖШС теріні қайта өңдеп, одан мал жеміне қоспа шығарып жатыр. Химиялық қоспасы жоқ, экологиялық таза жем қоспасының құрамында малға қажетті қоректер: амин қышқылы, ақуыз, кальций, магний сияқты маңызды элементтер бар. Қазіргі кезге дейін 30 мың теріні қайта өңдеп, 5 мың тонна тауарды алыс-жақын шетелдерге экспорттап үлгерген. ТМД елдерінде мұндай кәсіпорын жалғыз сол ғана. Осындай жобаларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету керек деп есептеймін.
ؘ– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»