Кейде әуенмен-ақ жүректің кілтін табуға болады. Сөзсіз, эмоциясыз, тіпті мимикасыз-ақ нотаға түскен саз көңіл көгершінін еркін самғатады. Әртүрлі аспаптың толқынынан туған тамаша туындылар – көрерменнің жан азығы. Осы аяулы әсерді Талдықорғанда өткен классикалық музыка кешінен алдық. Адамның жан әлеміне еркін бойлаған көркем шығармалар шынайы өнердің құдіретін сезіндірді.
«Қазақтың ән әуездерінің тамаша бір қасиеті — оның шын жүректен шыққан эмоциялық сезімталдығы мен сезгіштігі». Өнертанушы Борис Астафьевтің осы бір оймақтай ойына иланбасқа болмас. Тағдыр арқалап жүрген әрбір адамның өнерден алар өзіндік сезімі болады десек, жалпы адамзаттық іңкәрліктің нәзік пернесін бебеулетіп жіберетін құдіретті өнердің бір парасына музыканы жатқызамыз. Ал осынау саз әлеміндегі биіктікті өркениет өрінен табылған елдер классикалық музыка деп білетіні даусыз.
Күлдір-күлдір кісінер тұлпармен жанын үндес деп білетін, өзін жылқытекті халықпын деп санайтын қазақтың классикалық музыка өнерден алған үлесі жоқ емес. Кешегі ғасырдың алыбы саналған М.Төлебаев бастаған композиторлар классикалық музыка тұғырына ту ілді. Осылай деп ой тұжырып отырғанмен Талдықорған төрінде жаңаша леп ескенін байқағандай күйге бөлендік. Өйткені осы жылдың мамыр айында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың тікелей қолдауымен алғаш рет облыстық филармония жанынан эстрадалық-симфониялық оркестр құрылған-ды. Осы бір қысқа мерзім ішінде өзіндік сүрлеу-соқпақ тапқан өнер ұжымы жетісулықтарға музыкалық кеш ұсынды.
Қос бөлімнен турған рухани шара тыңдармандарды тәнті еткені анық. Елімізге танымал «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі, Халық әртісі Гауһар Мырзабекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бекболат Байсағатов қонақ болған кеш көңілді көкжиекпен астастырғандай әсер қалдырды.
Шынымен де, Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрі құрылғалы саз қоржынын толықтырып, өнерпаздарының кәсіби шеберліктерін шыңдауда үлкен жұмыстар атқарғаны кеш барысында көзге шалынды. Арнайы келген қонақтармен бірлесе өнер көрсеткен оркестр еңбегін тамашалауға жетісулық зиялы қауым өкілдері молынан жиналғанын да айта кеткен жөн. Аймақ басшысының өзі көрермен қатарынан табылған рухани кеште «Времена года», «Концерт для флейты», «Мелодия для флейты», «Симфония 29 финал» «Happy new year», «Айттым сәлем Қаламқас», «Piece in jazz-rock», «Chi-mai», «Le lecon partticuliere», «You raise me up», «Vibaldiana», «Lay al your love on me», «Күндер-ай», «Отан таңы», «Шутка», «Вальс» сынды танымал музыка туындылары орындалды.
Қазақ саз әлемінде есімі ерекше ықыласпен айтылатын еліміздегі тұлғалар мен өңіріміздің мақтаныштары бірлескен концерт өнерсүйер көпшілікті рухани қазынамен кенелткен де болар деп пайымдаймыз. Сан аспаптан шыққан әсем үнге елтіген біздің көңіл осы пайымға ұласып сала бергені де анық. Десе де композитор Серік Еркімбектің концертке арнайы жазылып, алғаш рет І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы сахнасында орындалған Тәттімбеттің «Саржайлау» күйінің тақырыбындағы jazz and rock авторлық шығармасынан тартып, автордың өзі, жоғарыда аталған өнер жұлдыздары, жетісулықтардың мақтанышы «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Әли Алпысбаев, халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Есбергеновтермен жалғасқан өнер шеруі көңіл шалқытты.
Қазақтың ақсұңқар ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров «…біздің қазақ әнқұмар халық… Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады», деген пікірі әлі де өз қасиетін жоғалтпағандай. Біз соған тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Жетісу облысы