Мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп жатқан үш негізгі зауытта мұнай өңдеудің жиынтық номиналды қуаты – жылына 17,5 млн тонна. Дегенмен S&P Global халықаралық рейтингтік агенттігі 2023 жылғы Ұлттық энергетикалық баяндамасында МӨЗ-дердің нақты қуаты бұл көрсеткіштен жоғары екенін жазған.
Мұнай өнімдерінің көлемін ұлғайту жоспарына сай Шымкент МӨЗ-де өңдеу қуаты екі есеге ‒ 6-дан 12 млн тоннаға дейін арттырылмақ. Өйткені отынға ішкі сұраныстың өсуі негізінен елдің оңтүстігінде байқалады. Ал сол өңделетін шикізаттың қайдан алынатыны түсініксіздеу. Оған қарағанда «ҚазМұнайГаздың» шикі мұнайын өндіретін Павлодар мен Атырау зауыттарының жай-күйі біршама қанағаттанарлық. Павлодар зауыты «Роснефть» компаниясы жеткізетін Ресей мұнайымен қамтамасыз етілсе, оның орнына ҚМГ Қытайға отандық мұнайдың баламалы көлемін жөнелтеді. Ал Шымкент МӨЗ-де өңделетін шикізат ҚМГ-ға тиесілі емес кен орындарынан ‒ негізінен Ақтөбе және Қызылорда облыстарының бірлескен кәсіпорындары мен тәуелсіз өндірушілерінен жеткізіледі. Былтыр ірі жеткізуші «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ үлесіне осы зауытқа берілетін шикі мұнайдың жиынтық көлемінің үштен бір бөлігі тиесілі болды. Бұл ретте осы өңірлердегі кен орындарында мұнай өндіру қорлардың табиғи сарқылуына байланысты төмендеген. Зауыттың дәстүрлі жеткізу көздерін жедел ауыстыруға мүмкіндік беретін әзірге баламалар жоқ. Мұнай Шымкентке Атырау облысынан жеткізіледі деп жоспарлануда, бірақ бұл қашықтыққа байланысты шикізат құнын біршама қымбаттатады. Болашақта дәстүрлі жеткізушілер өндірісінің төмендеуіне байланысты шикізат тапшылығына Павлодар мен Атырау зауыттары да тап болуы мүмкін. Бұл – ішкі өндірістің сенімділігін қамтамасыз ету үшін жауапты органдар шешуге тиіс маңызды мәселенің бірі.
Зерттеушілер 2050 жылғы кезеңге дейін үш МӨЗ-дегі өңдеу көлемі шамамен 24%-ға, 22,3 млн тоннаға дейін ұлғаятынын болжап отыр. Алайда жыл санап өсіп келе жатқан ішкі сұранысты толығымен өтеу қиынға соғады. Өйткені талдау көрсеткендей, бұл кезеңде мұнай өнімдеріне ішкі сұраныс та шамамен 43%-ға, 22,8 млн тоннаға артады. S&P Global базалық сценарийіне сәйкес, 2045 жылға қарай Қазақстан мұнай өнімдерінің нетто-импорттаушысы болады, ал 2050 жылы таза импорт шамамен 0,5 млн тоннаны құрайды. 2023-2050 жылдары негізінен дизель отыны импортталады. Бұл ретте болжамды кезең ішінде еліміз бірқатар мұнай өнімдерінің, әсіресе бензиннің экспортын ұлғайтады. Дизель отынының өндірісі ұлғайған кезде бензин өндірісі де артып, оның артық мөлшері шетелге жіберіледі.
Мұнай өнімдерін тұтынудың өсуінің негізгі көздерінің бірі ‒ көлік саласы. Өңірлік жоспардағы мұнай өнімдеріне сұраныстың өсу құрылымы 2020-жылдардың аяғында немесе 2030-жылдардың басында Шымкент МӨЗ шикі мұнайын өңдеу бойынша жылдық қуаттылықты 3-9 млн тоннаға ұлғайту қажет болатынын көрсетеді. Бұл ретте Павлодар және Атырау зауыттарында жекелеген өндірістік шектеулерді алып тастау, пайдалану тиімділігін арттыру есебінен қуаттарды сәл ұлғайту жеткілікті. Кез келген сценарий бойынша республикамыздың оңтүстігінде мұнай өнімдеріне сұраныс ұсыныстан асып кетуі мүмкін. Осылайша, тұтастай алғанда оңтүстікте мұнай өнімдерінің өңірлік тапшылығы сақталып, ол басқа өңірлерде және басқа зауыттарда, негізінен Атырау МӨЗ-де бар артық өнімдермен жабылуы ықтимал. Бұл ретте солтүстік пен орталықта бензин мен дизель отынының таза тапшылығы пайда болады деп күтіліп отыр.
Дизель отыны біздегі МӨЗ жиынтығының және ішкі тұтыну теңгерімінің ең ірі бөлігін құрайды. Отынның бұл түрінің ірі тұтынушысы ‒ көлік саласы (жүк көлігі). Ішкі нарыққа дизель отынының негізгі жеткізушілері дистрибьюторлар рөлін атқаратын Petrosun және ҚМГ болып саналады. Сұраныс негізінен ішкі өндіріс есебінен қанағаттандырылса да, кейінгі 5-6 жылда еліміз жыл сайын салыстырмалы түрде аз көлемде дизель отынын нетто-импорттаушы болып қала берді. 2022 жылы дизель отынын өндіру 8,5%-ға, 5,4 млн тоннаға дейін, ал сұраныс 7,2%-ға, 5,5 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте импорт 47,4%-ға, 178 мың тоннаға дейін қысқарып, экспорт 46,7%-ға 119 мың тоннаға дейін төмендеді.
2022 жылы дизельге деген ішкі сұраныстың өсуі пандемиядан кейінгі қалпына келтіру, негізгі экономикалық өсудің жоғары қарқыны және трансшекаралық тасымалдау көлемінің артуы сияқты факторлардың жиынтығымен түсіндіріледі. Сұранысқа Қазақстан арқылы жүк тасымалының өсуі де ықпал етті. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық МӨЗ-де дизель отынын өндіру көлемі ішкі сұраныстан артта қалуды жалғастырды. Осы жылдың қаңтар-маусымында өндіріс небәрі 2,7%-ға, 2,8 млн тоннаға дейін өссе, ішкі тұтыну 10,3%-ға, 3,0 млн тоннаға жетті. Өз кезегінде импорт алғашқы алты айда бірнеше есеге ‒ 232 мың тоннаға дейін ұлғайды, ал экспорт 18,4%-ға 53 мың тоннаға дейін артты.
S&P Global базалық сценарийіне сәйкес 2023-2050 жылдары дизель отыны өндірісі едәуір артып, 2050 жылы 90%-ға 10,3 млн тоннаға жетеді. Алайда тұтыну шамамен 126%-ға, 12,3 млн тоннаға дейін артады. Болжамды кезең ішінде импортқа қажеттілік өсіп, ал 2050 жылы дизель отынының таза импорты 2,1 млн тоннаны құрауы мүмкін. Сарапшылардың болжамы бойынша, дизель отынына ішкі сұраныстың артуының негізгі драйвері автомобиль жүк тасымалы (транзитті қоса алғанда) болады, бұл ІЖӨ-нің базалық өсуіне және тауарларды тасымалдау қажеттілігіне байланысты. Ал ауыл шаруашылығы немесе өнеркәсіп секілді басқа сұраныс көздері баяу өсуді көрсетеді. Сонымен қатар қуаттылықтың жалпы кеңеюімен жекелеген мұнай өнімдерінің сапасын одан әрі арттыру қажет. Қазір отандық МӨЗ негізінен К-4 (еуро-4) және К-5 (еуро-5) стандарттарының отынын өндірсе, алдағы уақытта барлық мотор отыны К-5 стандартына сәйкес келуге тиіс. Бұл күкірт шығарындыларын 50 миллион үлестен (К-4 стандартының отынын пайдалану кезіндегі деңгей) 10-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.