2023 жылдың басты спорттық іс-шарасы – Жазғы Азия ойындары. Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өтуге тиіс болған ірі спорттық бәсеке биыл 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығына ауыстырылған еді. Байрақты бәсекеге өз тарихында сегізінші мәрте қатысқан Қазақстан құрамасы алғаш рет Азия ойындары арқылы Париж Олимпиадасының лицензиясына да таласты. Дүбірлі додаға біздің елдің атынан 524 спортшы қатысып, спорттың 30 түрінен бақ сынады. Олар 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлдеге ие болды. Жалпы, медаль саны көп болғанымен, сапасы жағынан бұл тарихтағы ең нашар Азия ойындары екенін де естен шығармаған жөн. Азия ойындарында тоғыз спорт түрі бойынша Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынып, Қазақстан сапынан Қамшыбек Қоңқабаев, Карина Ибрагимова (бокс), Георгий Борода-Дудочкин, Елена Потапенко (қазіргі бессайыс) жолдама алды.
Бокстан мамыр айында Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төрт алтын (Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай) олжалады. Мұндай нәтижеге Қазақстан тек 2013 жылы Алматыдағы әлем біріншілігінде ғана қол жеткізген-ді. Ташкентте Мырзағали Айтжанов баптайтын құрама 13 салмақ бойынша 4 алтын, 1 күміс медаль еншіледі. Бұл тарихи жеңіс екені сөзсіз.
Кейінгі жылдары футболдан ұлттық құрамамыздың жігерге толы жеңісті жолын айтпай өту мүмкін емес. Еуро-2024 турнирінің іріктеу кезеңі аясында жерлестеріміз финалдық кезеңге шықпаса да, алғаш рет 18 ұпай жинады. Өз алаңымызда Даниядан жеңісті (3:2) тартып алуымыз, Асхат Тағыбергеннің қақырата тепкен соққысының UEFA-да үздік гол атануы әр жанкүйердің есінде. Футболшыларымыздың жанкештілігі де жанкүйердің бойына сенім ұялатып, стадионға оралтты. Финляндияға қарсы ойында 30 019 жанкүйер жиналса, бірер айдан кейін Сан-Мариномен болған кездесуде 30 100 жанкүйер матчты тамашалап, рекордты жаңартты.
Футзалдан ұлттық құрамамыз іріктеу кезеңінде алты ойында да жеңіске жетіп, қатарынан 3-мәрте әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Енді отандастарымыз 2024 жылы Ташкентте чемпиондыққа таласпақ. Естеріңізде болса, 2021 жылы жерлестеріміз әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жеткен еді.
Еркін күрестен еліміз дербес құрама ретінде 1993 жылдан бері әлем чемпионатына қатысып келе жатса да, тек 27-әлем біріншілігінде ғана топ жару бұйырған екен. 92 кило салмақта өнер көрсеткен Ризабек Айтмұхан топ жарды.
Семсерлесуден шілде айында Италияның Милан қаласында өткен әлем чемпионатында 32 жастағы Руслан Құрбанов 243 қатысушының арасынан ел тарихында алғаш рет қола жүлдеге қол жеткізгені де толайым табысымыздың бірі екенін тілге тиек ете кетейік.
Спорттық гимнастикадан қыркүйек айының соңында Бельгияның Антверпен қаласындағы әлем чемпионатында Милад Карими көпсайыс бағдарламасында 3-орынға тұрақтады. Ел тарихында 26 жылдан кейін жүлде алған жерлесіміз Париж Олимпиадасының лицензиясын иеленді.
Кәсіпқой бокстан Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 KO) WBO және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Бұйырса, келер жылы ол танымал боксшыларға қарсылас атануы әбден мүмкін.
Спорттың көлеңкелі тұстарын да айтайық. Латвия мен Финляндия тарапы өз жерінде өтетін әлем чемпионатына Ресей мен Беларусь азаматтығы бар хоккейшілер мен бапкерлерді кіргізуге тыйым салды. Салдарынан Қазақстан құрамасының бапкері Андрей Скабелка (Беларусь), қос азаматтығы бар Дмитрий Шевченко, Алексей Маклюков, Егор Петухов, Антон Сагадеев сынды хоккейшілер әлем біріншілігіне бару құқығынан айырылды. 2004 жылдан бері Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынғандықтан, құрамадағы швед, канадалық спортшылар да орнын босатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде, Универсиадада жақсы өнер көрсеткен, ел чемпионы атанған «Номад» клубының жаттықтырушысы Ғалым Мәмбетәлиев ұлттық құраманың тізгінін ұстады. Ол өзіне жақсы таныс Максим Мухаметов, Батырлан Мұратов, Максим Мусоров, Мәди Диханбек, Данил Бутенко, Әлихан Өмірбеков, Артем Королев, Абай Маңғысбаевты ұлттық құрамаға шақырды. Легионерлердің орнын «Барыс» сапынан қосылған Тамирлан Гайтамиров пен 19 жастағы Дінмұхамед Қайыржан да жоқтатқан жоқ. Осылайша, Әлем чемпионатында 10 хоккейшіміз дебюттік ойынын өткізді. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы үш ойында жеңіліп жатып, жеңіске жетті (Норвегия 4:3 (Буллит), Словакия 4:3 (Б), Словения (4:3).
Келер жылы хоккейден Қазақстан құрамасынан бөлек, жастар мен жасөспірімдер құрамалары да жоғары элиталық дивизионда өнер көрсететінін мақтан етіп айтуға болады.
Шахматтан Польшада өткен қыздар арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғаш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Командалық әлем чемпионатына еліміздің рейтингтегі №1 шахматшысы Жансая Әбдімәлік пен үшінші орындағы Динара Сәдуақасова түрлі себепке байланысты бара алмады. Олардың орнына Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Әсел Серікбайға үміт артылды.
Міне, бұл жыл осындай жеңістермен есте қалды.