Теміртау қаласында тұңғыш рет Жастар орталығы ашылды. Жыл соңында құрыш қала жастары үшін бұл айтарлықтай жаңалық болды.
Бұрын 1965 жылы салынған екі қабатты ғимарат Е.Бөкетов атындағы университеттің колледжі бөлімшесіне тиесілі болатын. Ол бес-алты жыл қаңырап, бос тұрғаннан кейін қала әкімдігі былтырдан бері қалпына келтіруге кіріскен. 666,8 миллион теңге қаражат жұмсалып, құрылыс жұмыстарын «Балқаш Жібек жолы» ЖШС атқарып шыққан. Аумағы 2201,78 шаршы метрден тұратын нысанның айналасы да асфальтталып, абаттандырылып, сырты сайдингпен қапталып, іші қажетті құрал-жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз етілген. Енді, теміртаулық жастар осында келіп, бос уақытын мазмұнды өткізе алады. Олар коворкинг, экология, КВН, тіл үйрену, жас отбасыларды қорғау, медиа сауаттылық, саз студиясы, инклюзивті білім кабинеттерінде өздерінің ой-өрісі мен қабілетін дамытып, шеберлігін шыңдайды, шығармашылықпен айналысады. Оларға құрамында педагогтер, психолог, заңгер, дәрігер, жаттықтырушы бар 34 адам қызмет көрсетеді. Мұнымен қоса, орталықта жуынатын, киініп-шешінетін бөлмелер мен асхана да бар.
– Жастар орталығы үшін дәл осы жерді таңдағанымыз тегін емес, – дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев. – Себебі, маңайында Қарағанды индустриалдық институты мен 4 колледж, бірқатар мектеп орналасқан. Сондықтан, студенттер мен оқушылар үшін қолайлы болмақ.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы