• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 04 Қаңтар, 2024

Ербол Өстеміров: Кәсіпкер құқын қорғау да өзекті

187 рет
көрсетілді

Кәсіпкерлер ісіне заңсыз араласу мемлекетке қарсы жасалған қылмыс­пен тең. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыстық қудалау органдарына қарата айтқан сөзі. Елімізде бизнес жүргізу үшін қолайлы орта қалыптастыру, кәсіпкерлердің құқығын қорғау көптен көтеріліп келе жатқан талап-тілек болғанымен, әлі күнге шешімін таппаған келеңсіздіктер шашетектен. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровпен болған сұхбатымызда осы салада қордаланған мәселелерді қозғадық.

– Ербол Лесбекұлы, бір сөзіңізде қазіргі қолданыстағы қылмыстық қудалау мен сот жүйелері қоғам мен бизнестің сұранысын ескере отырып, сапалы жаңартуды қажет етеді деген едіңіз. Осы сөзіңізді кеңірек түсіндіріп берсеңіз.

– «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасына кәсіпкер азаматтар тара­пынан келіп түсіп жатқан арыз-ша­ғымдарды үнемі талдап отырамыз. Жылына бизнес өкілдерінен 4 мыңнан астам өтініш түссе, солардың ауқымды бір бөлігі – қадағалаушы, бақылаушы мемлекеттік органдар мен қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне қатысты шағымдар. Жалпы, кәсіпкер­лерге қарсы қылмыстық істерді қозғап, тергеу жүргізетін бес орган бар. Олар – прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті, Қаржылық мониторинг агент­тігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ішкі істер органдары.

Бұлардың ішінде негізінен Қаржы­лық мониторинг агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпкер азаматтарға көп «тиіседі», оларға кедергі келтіретін, бизнес қауы­мын «қыспаққа» алатын істерді қоз­ғайды. Әрине, әр мемлекеттік орган­ның өз міндеттемесі, мақсаты бар. Сон­дықтан өздеріне тиісті жұмысты жүр­гізеді. Аталған екі агенттік басшылығы тарапынан кәсіпкерлерге қысымды азайту, олардың құқықтары бұзылуын болдырмау үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанына қарамастан (мысалы, Антикордың «Бизнеске жол» жобасы өте тиімді), көбіне-көп лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеп жатқан кезде таяқтың бір ұшы кәсіпкерлерге де тиіп жататыны жасырын емес. Өйткені шенеуніктер құқық қорғау органдарынан қорқады және барлық кінәні кәсіпкерлерге жаба салуға әзір тұрады. Қазіргі күні, шыны керек, бизнес серіктестіктердің кез келген, тіпті кішігірім қателіктері көбінесе қылмыс ретінде тіркеліп кетіп жүр. Осы тұрғыдан алғанда Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері кәсіпкерлердің құқығын толыққанды қорғауға бағытталмаған.

Өткен жылы Мемлекет басшысы да өз Жолдауында бұл мәселеге айрықша назар аударып, аталған екі заңнамаға өзгерістер енгізу керек деген болатын. Ол Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне ревизия жүргізу және іс жүзінде жұмыс істемейтін немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін барлық нәрседен арылу қажеттігі туралы атап өтті.

– Біздің білуімізше, Президент тап­сырмасы қазір орындалу үстінде, яғни Мәжілісте тиісті заң жобасы қара­лып жатыр. Сіздер «Атамекен» пала­тасы және кәсіпкерлер тарапынан жобаға қандай ұсыныстар бердіңіздер?

– Бизнестің мүддесін қорғау және заң жобасына өз ұсыныстарымызды енгізу үшін «Атамекен» ҰКП алаңын­да ғалымдар, сарапшылар, адвокаттық және заң қоғамдастықтары өкілдерінің басын қосқан жұмыс тобы құрылды. Өзіңіз айтқандай, «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне Қылмыстық, Қылмыстық іс жүр­­­гізу және Қылмыстық-атқару ко­декс­терін оңтайландыру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды. Біз оған 100-ден астам концептуалды ұсыныс енгіздік. Оның жартысынан көбі қолдау тапты. Нақтырақ айтқанда, бизнесті қылмыстық қудалау орбитасына тартуды барынша азайтатын қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын дамыту туралы өз көзқарасымызды ұсындық.

Солардың ең маңыздыларына тоқта­ла кетсем. Мысалы, кәсіпкерлерге қатыс­ты тексеру басталған кезде шағым­дану мерзімі деген болады, сол мерзім өтпей іс қозғауға болмайды деген ұсыныс жасадық. Қазіргі күні, өкінішке қарай, «қылмыстық топ құрды» деген баппен тергелетін кәсіпкерлер аз емес. Бұл – өте ауыр айыптардың бірі. Құқық қорғау органдары соны кәсіпкерлерге «іліп» жіберіп жатады. Көбіне сотқа барғанда сол айыптар дәлелденбейді. Ал тергеу барысында қудалаушы орган өкілдері осы бапты жиі пайдаланатын себебі – қатаңдау бұлтартпау шараларын қабылдауға, қамап тастауға мүмкіндік беретіндіктен болса керек. Көбіне «қылмыстық топ құрды» деп айыптау шындыққа жанаспайтынын баса айтқым келеді. Өйткені әр мекемеде директор, есепші, орындау­шы болатыны белгілі. Жалғыз адам жұмыс істемейді ғой. Құқық қорғау органдары осы бірнеше адамды қосып, қылмыстық топтың сипаттары деп іс қозғап жібереді. Біз бұл мәселеге жоғарғы жақтың айрықша назар аударғанын қалаймыз.

Сонымен қатар кейбір баптар бо­йын­ша кәсіпкерді бас бостандығынан айырмай, айыппұл салумен шектеуді ұсынып жатырмыз. Мысалы, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған шенеуніктерге айыппұл салынады да, экономикалық қылмыстарға бар­ған кәсіпкерлер негізінен бас бостан­дығынан айыру жазасына кесіледі. Кәсіпкерлерге де «ешқайда кетпеу туралы тілхат», «кепілдік» шараларын неліктен қолданбасқа? Біздің ойымызша, қылмыстық қудалау органдарына кәсіпкерлерді қамап тастап, тергеген оңайырақ. 

Тағы бір мәселе, көбіне кәсіп­кер­лерге қарсы қылмыстық іс қозғал­ғанда құ­қық қорғау органдары меке­менің түп­нұсқа құжаттарын, ком­пьютердің «қатқыл» дискісін тек­сереміз деп түгел алып кетіп жатады. Қазір жұмыстың бәрі компьютер­мен жүргізіледі ғой. Түпнұсқа құ­жаттар әкетілгеннен кейін, әрине, жұ­мыс тоқтайды. Ал біз тергеп-тек­серу мақсатында құжаттардың түп­нұс­қасын емес, көшірмесін алуды ұсын­дық. Бұл әрі-бері тасып жүргенде құнды құжаттардың жоғалып кетпеуі үшін де маңызды.

– Кәсіпкер қылмыс жасаған болса, оны бас бостандығынан айырмай, айыппұл төлеу жазасын қол­да­ну­дың қандай артықшылығы бар?

– Экономикалық қылмыс жасаған кәсіпкерді түрмеге жапқаннан не ұта­мыз? Темір тордың ар жағында отырған адамды асырау үшін мемлекет тағы қаражат жұмсайды. Одан гөрі, қылмысы дәлелденген адамның жұ­мысын жалғастырып, қателігін тү­з­еп, келтірген шығынын өтеуіне жағ­дай жасаған маңызды емес пе? Мы­салы, шетелде экономикалық қыл­мыс орын алса, кәсіпорынға миллион­дап айыппұл салады, бірақ директорын түрмеге қамамайды. Ал бізде кері­сінше. «Атамекен» палатасына ке­ліп түсетін арыз-шағымдарға қара­сақ, тіпті қылмыстық қудалаушы ор­ган­дардың көмегімен кәсіпкерлерге қарсы рейдерлік әрекеттер жасалған жағдайлар да жоқ емес.

Сондықтан бас бостандығынан айырудың орнына жазаның балама түрлерін, атап айтқанда, ең алды­мен айыппұл салу, ал егер оны төлеме­се ғана бас бостандығынан айыр­ған дұрыс екенін ұсынып келеміз. Бұл – экономикамыз үшін де тиімді жол. Өйткені кәсіпорын жұмы­сын тоқтатпайды, мемлекетке салық төленеді, адамдар жұмыссыз қал­майды.

– Яғни бірінші рет қылмыс жаса­ған кәсіпкерді абақтыға жаппауды талап етіп жатырсыздар ғой?

– Иә, әлбетте. Айта кетейік, біздің бұл ұсынысымыз рецидивистерге қатысты емес. Ал бірінші рет қылмыс жасаған бизнес субъектілерін абақтыға жаба бермей, айыппұл салумен шектелу – оның өзіне де, экономика үшін де дұрыс қадам. Айыппұл төлеу де – жаза. Соның арқасында компаниялар жұмысын тоқтатпай, іскерлік айналым сақталып, мемлекеттік бюджетке жүктеме азаяр еді. Бір сөзбен айтқанда, қылмыстық жазаларды қамауға емес, келтірілген залалды өтеуге бағыттау қажет.

– Осы орайда тағы бір сұрақ. Дербес кассациялық соттарды құруды ұсынған екенсіздер. Оның маңызы неде?

– Бұл мәселені көптен бері айтып келеміз. Бүгінгі таңда азаматтық істер бойынша кассациялық шағымданудың қолданыстағы тәртібі (сома бойынша шектеу, кассацияға буферден өтуге монополия, т.б.) сапалы сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осы мәселе Жоғарғы сотпен, Сот әкімшілігімен бірлесе талқыланды. Оған Президенттің өзі назар аударып, тиімді шешімін табуға тапсырма берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің 5%-ы ғана кассацияға түседі. Бұл өте аз және әділдікке жатпайды. Біздің ойымызша, дербес кассациялық соттар болуы керек. Сонда әрбір инстанция дербес деңгейде жұмыс жүргізетін болады, «үздіксіз» кассация қағидаты жұмыс істейді, кез келген азамат, кез келген кәсіпкер әділдікке жету үшін кассациялық сотқа дейін бару мүмкіндігіне ие болады.

Өткен жылғы қыркүйек-қазан айларында Жоғарғы сот, мемлекеттік органдар, адвокат, заң және кәсіпкерлер қауымдастықтарымен ақылдасып, кассациялық соттар құрылуы керек деген ортақ шешімге келдік. Қазір осы ұсыны­сымыз Президент әкімшілігінде қарауда жатыр. Жақын арада Астана қаласында қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойын­ша үш кассациялық сот құрылуы мүмкін. Бұл кәсіпкерлер үшін өте тиімді шешім болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»