Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажеттігіне және мұғалімдердің, директорлар мен педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмағандығына назар аударған еді.
Осыған орай Президент: «Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы даярлықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады», деген болатын.
Әділін айтсақ, кейінгі жылдары орта білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар оң нәтижесін бере бастады деуге негіз бар. Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдер артық тексерістер мен өз қызметіне тән емес жұмыстардан босатылғандығы және жалақылары соңғы төрт жыл ішінде екі есе көбейтілгендігі ұстаздар жұмысында соны серпіліс туғызды. Ең бастысы, қоғамда мұғалім мамандығының беделі артып, мектеп бітірген үздік түлектер педагог мамандығын көбірек таңдайтын болды.
Бұған болашақ ұстаздардың стипендиясы өзге мамандықтарға қарағанда едәуір көтерілгендігі де септігін тигізді. Бұрын педагог мамандығы бойынша оқуға түскен студенттер орта есеппен 55 балл алған болса, былтыр осы көрсеткіш 110 баллға жетті. Бұл – алдағы жылдары мұғалімдердің кәсіптік сапасы айтарлықтай жақсаратындығының кепілі.
Сондай-ақ PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес отандық оқушылар математикалық сауаттылықтан 425 балл жинап, 81 елдің ішінде 2018 жылғы 54-орыннан 46-орынға көтерілген. Сөйтіп, Біріккен Араб Әмірліктері, Грекия және Румынияның шәкірттерімен тең түскен. Жаратылыстану бойынша 423 баллға ие болып, 2018 жылғы 69-орыннан 49-орынға көтерілген. Ал оқу сауаттылығы бойынша 386 балл алып, 2018 жылғы 69-орыннан 61-орынға жоғарылаған.
Алайда білім саласындағы біршама ілгерілеуге мәз болып, бөркімізді аспанға атуға әлі ерте. Себебі еліміз айқын бағдар тұтып отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) орташа көрсеткіштеріне қол жеткізілген жоқ. Мәселен, ЭЫДҰ елдерінде PISA тестінің нәтижесінде математика бойынша 5 және 6-деңгейлерден көрінген оқушылардың үлесі 9 пайыз болса, осы жөніндегі көрсеткіш біздің елде 2 пайыздан аспады. «Ғылымдар падишасы» атанған пәннен сауатсыз оқушылар үлесі ЭЫДҰ елдерінде 31 пайыз болса, біздің елде 48 пайыз. Жаратылыстанудан өте сауатты оқушылар үлесі ЭЫДҰ елдерінде 7 пайызды құраса, біздің елде 1-ақ пайыз болды. Осы пәннен оқушыларымыздың 45 пайызының білім деңгейі өте төмен. Оқу сауаттылығы жоғары оқушыларымыздың үлесі де 1-ақ пайыз, ал сауаты шамалы шәкірттер саны – 64 пайыз. Сондықтан да елімізге оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруға баса көңіл бөлу қажеттігі жөнінде ұсыныс жасалды.
Тағы бір назар аударарлық жайт – еліміздің бірде-бір өңірі ЭЫДҰ-ның білім саласындағы орташа көрсеткіштерінің ешқайсысына қол жеткізе алмады. Салыстырмалы түрде алғанда, Алматы қаласының оқушылары біршама тәуір нәтижелерге ие болып, математикадан – 453, жаратылыстанудан – 458, оқу сауаттылығынан 423 балл жинады. Сондай-ақ Астана қаласы және Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары шәкірттерінің көрсеткіштері де жаман емес. Ал Түркістан, Қызылорда, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласының оқушылары төмен нәтижелер көрсеткен. Мамандардың пікіріне қарағанда, орта есеппен математикадан – 389, жаратылыстанудан – 389, оқу сауаттылығынан 347 балл ғана жинаған түркістандық шәкірттер өздерінің білім сапасы жөнінен «оңтүстік астанадағы» құрдастарынан 1,5-2 жыл артта қалып отыр деуге болады.
Білім сапасын арттыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсарту шараларын қолға алғаны да мәлім. Соның бірі – «Білім туралы» Заңға 2021 жылы енгізілген өзгеріске сәйкес мектеп директорларын ротациялау. Министрлік бекіткен Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары бойынша мектепті 7 жыл тиімді басқарған директор бір елді мекеннің ішінде орналасқан білім беру ұйымына ауыстырылады. 2022 жылдан бері іске асырылып жатқан мұндай ауыс-түйіс мектеп директорларының шығармашылық тұрғыдан тоқырауға ұшырамауына және білім беру ұйымдарындағы непотизмнің һәм тамыр-таныстықтың және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға оң ықпалын тигізетіні даусыз.
Алайда қазіргі кезде мұғалімдер арасында мектеп директоры болуға қызығушылық төмендеп кеткен. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылының басында республика бойынша мектеп директорларының бос тұрған орындарының саны 811 болған. Бұл – барлық орта білім беру ұйымының 10,5 пайызы бірінші басшысыз қалды деген сөз. Соның ішінде Түркістан облысында – 134, Қарағанды облысында – 108, Павлодар облысында – 66, Ақмола облысында – 64, Қостанай облысында – 52, Жамбыл облысында – 43, Шығыс Қазақстанда – 40, Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 39-дан, Алматы және Атырау облыстарында – 36-дан, Батыс Қазақстанда – 32, Ақтөбе облысында – 29, Абай облысында – 23, Маңғыстау облысында – 22, Ұлытау облысында – 12, Қызылорда облысында – 5 орта мектеп жаңа оқу жылын директорсыз қарсы алды. Тіпті кадрға бай саналатын үш мегаполисте де бірінші басшысыз қалған мектептер бар болып шықты. Олардың саны Алматыда – 15, Шымкентте – 14, Астанада – 2.
Осы кемшіліктің себебі неде екендігін бірнеше мектеп директорынан сұрағанымызда, олар өздерінің аты-жөндерін жарияламау шартын қоя отырып, өз көкейлерінде жүрген мәселелерді көтерді. Біріншіден, мектеп директорына жүктелетін жауапкершілік зор. Ол ұстаздар ұжымының білім беру қызметін көрсету сапасына ғана емес, мұғалімдер мен оқушылардың тәртібі үшін де, білім беру ұйымы ғимаратының жай-күйі үшін де жауапты. Соған қарамастан, директордың жалақысы мұғалімдердікімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, еліміздегі 4 474 мектептің біліктілік санаты жоқ бірінші басшыларының жалақылары біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты ұстаздардан екі еседей кем. Жаңадан тағайындалған директорлар үш жылдан кейін аттестаттаудан өтіп, «жетекші-менеджер» санатын алған жағдайда жалақыларына небәрі 30 пайыздық үстемеақы қосылады. Қазір осы санатқа ие болғандар саны – 716. Жалақысына 70 пайыздық үстемеақы қосылған «жетекші-ұйымдастырушы» санатындағылар саны – 950, ал «басшы-көшбасшы» атанып, 100 пайыздық үстемеақыға ие болғандар саны 363 қана. Екіншіден, мектеп директорлары өз санаттарын 3 жыл сайын, ал мұғалімдер 5 жыл сайын қорғайды. Үшіншіден, мектеп директоры 4 жылға ғана тағайындалады. Содан кейін қайтадан өтініш жазып, тест тапсыруға, қамқоршылар кеңесінің талқылауынан және аудандық білім бөлімі мен өңірлік білім басқармасының әңгімелесу түріндегі сынақтарынан өтуге тиіс.
Түйіндей айтқанда, білім беру саласындағы реформалар барысында педагог мәртебесі заңнамалық тұрғыда бекітіліп, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайлары айтарлықтай жақсартылғанымен, «ұстаздардың ұстазы» саналатын мектеп директорларының білім сапасын арттырудағы маңызды рөлі жете ескерілмей, беделі түсіңкіреп тұрғандығы анық. Сондықтан да, ең алдымен, оларға жүктелген зор жауапкершілікке сай лайықты жалақы төлеу мәселесін кешіктірмей шешкен жөн. Бұған қоса орта білім беру ұйымдары басшыларының қызметіне жыл сайын сыртқы мониторинг – білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша жергілікті білім беруді басқару органдары сапалық көрсеткіштері төмен мектептердің директорларына тиісті шаралар қолданатындығын да ескерсек, оларға қойылып отырған талаптарды қайта қарау, ал кейбір бюрократиялық рәсімдерді мүлдем алып тастау қажет сияқты. Мұндай шараларды қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қанатқақты режімде мектеп басшылары орынбасарларының арасында жүргізе бастаған. Білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын даярлау жобасының табысты болуына да негіз қалары сөзсіз.