Бектауатаның берекесін қашырғалы қашан? Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Қарағанды – Балқаш» күрежолының құрылысына таудың тасын тасып, жұрттың ашуына бір тиген еді. Енді сол тауды тегістейміз деген ниетпен жарылыс жасап, ел ашуына екі тиіп отыр.
Жарылыс таудың солтүстік-батыс сілемі – Қоңырқұлжа шоқысының жалғасы саналатын Жанұзақтың төбесіне жасалыпты. Нәтижесінен тау баурайының тас-талқаны шыққан. Тау баурайында бұрғылау, қазу жұмыстарын жүргізетін техникаларын сайлап қойыпты.
Қазылған жерлерді табиғи қалпына келтіру үшін «Дәнекер жол» компаниясы жарылыс жасау арқылы әрекетке көшкен. Алайда компанияның бұл қадамы қасиетті таудың берекесін қашырып, жұрттың ашуына қатты тиген.
Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев «Дәнекер жол» компаниясының жобалық құжатында жарылыс жасау көрсетілмегенін алға тартады. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізуге рұқсатты берген көрінеді.
– Біздің құжат бойынша Бектауата карьерінде мелиоративтік жоба мен келісімшарттық міндеттемелер негізінде бұрғылау-жару жұмыстары жоспарланған. 2022 жылдың 14 желтоқсанында «Дәнекер жол» ЖШС Ортадересін ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен құрылыс тасын өндіруден кейінгі қалпына келтіру жоспары бойынша жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық тыңдаулар өткізген. Сот отырысында бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізу қажет екені түсіндірілді. Қоғамдық тыңдаудың хаттамалары қолжетімді. Бұл шара еңістерді тегістеуге бағытталған. Карьердің қабырғалары өте биік және тік болғандықтан, апаттар мен малдың құлауын болдырмау үшін оларды бұрғылау-жару жұмыстарын қолдана отырып, тегістеу қажет. Біздің техникалардың тегістеуге шамасы жетпеген соң, жарылыс жұмыстарын жасауға шешім қабылдадық. Айта кетейін, біздің компания бөлінген 8,5 гектар алқап шегіндегі жер учаскесінің шекарасынан аспай жұмыс істеген, – дейді «Дәнекер жол» ЖШС директорының орынбасары Асқар Керембаев.
Жергілікті тұрғындар осы маңайда ашаршылық жылдары дүние салған адамдардың тас бейіттері болғанын айтады. Бірақ қопарылған жерден қорымның бар-жоғын анықтау мүмкін болмай қалды. «Дәнекер жол» компаниясына дейін бұл жер «Айтас-2002» ЖШС-ға қараған. Кейіннен олар мемлекет қарамағына өткізген көрінеді.
Алматылық «Дәнекер жол» ЖШС 2022-2023 жылдары жол құрылысына тау сілемінен 1,5 млн тонна тас алу үшін 500 тоннадан аса жарылғыш затты қолдануды жоспарлап отырғанын естіген ел бас көтерген еді. Енді, міне «артық қыламыз» деп...
Осы бір дүрбелеңнен соң Шашубай кентінің әкімдігінде облыстан келген комиссия құрамы тұрғындармен кездесу өткізіпті. Жиынға экология, жер саласындағы бірқатар ведомство басшылары қатысты.
Бектауата тұрғыны, қоғам белсендісі Төлеубек Дөнентаев жерді заңды пайдалану мен қорғалуын бақылау жауапты адамдардың басты міндеттерінің бірі екенін айтты.
– Бұл жұмыстар басталғанына 4-5 жыл уақыт болды. Қоңырқұлжаның шоқысына залал келтірілді. Бектауата тауынан 23 шақырым жерде деп анықтама берілген. Ал ол жердің арасы – бір шақырым. Қоңырқұлжаның қопарылып жатқан бұл төбесін «Жанұзақтың төбесі» деп атайды. Сіздердің табиғатқа жандарыңыз ашымай ма? Бұл таудың тасына дейін қасиетті. Бұл жұмыстар басталғалы айналамыздан береке кетті. Аң мен құсына дейін, тіпті, ордалы жыланға дейін көшіп кетті. Арқарлар осы жерде наурыз айында төлін өргізетін. «Жол салып береміз» деп халықты алдадыңыздар. Салған жолдарыңыз жарамсыз болып, қыс айында азық-түлік жеткізе алмай қалдық. Сонымен қатар құжатта «Бектау» карьері деп көрсетілген. Бұл жер әуелден «Бектауата» аталған. Осы жерден де шикілік көріп тұрмын. Жолдың бойында бірнеше учаскелік мекемелер шаңды көтеріп жұмыс істеп жатыр. Тіпті, өндіріске қажетті зиянды қоспалары ауамен таралып, малдар іш тастаса, адамдардың денсаулығына да кесірі тиюде. Осының барлығына жауапты Қарағанды облысы экология департаменті тексеріс жүргізу керек, – деді Т.Дөнентаев.
Сонымен қатар жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанболат Башар да сөз алды.
– Бектауата – Арқаның мойнына таққан тұмарындай қасиетті жер. Дұрыс жол салу өркениет үшін пайдалы шаруа екен. Бірақ біз бір жағын жөндесек, екінші жағына зиян келтіруге дайын тұрамыз. Жолға Бектауатаның тасынан басқа тас жететін еді ғой. Сіздер Бектауатаның іргесін қопармақ түгілі 50 шақырым алыс жүріп, бір түйір тасын алуға хақыларыңыз жоқ. Балқаштың Қоңыратының кеніш алу жұмысы басталмай тұрғанда Қоңырат шоқысы болған. Оны бір кезде әйгілі «Жидебай батырдың қарауыл төбесі» деп атаған. Архивтен суретін көрдім. Көлдің аумағы көрінетіндей үлкен шоқы болған екен. Сол шоқыны осылай жарылыс жасап жойып жіберген. Бұл әрекет осы сарындас дүние болып тұр. Жолдың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Балқаштан Қарағандыға дейінгі аралықтағы жолдың екі қабағы да қазылып, терең шұңқырға айналған. Мал жайылымдарына зиян тиген. Табиғатымызға өз қолымызбен қиянат жасап жатырмыз, – деді Ж.Башар.
Мұнымен қоса, жиылған жұртшылық тауда жарылыс жасалса, су көздерінің бітелетінін, жер қойнауындағы минералды ресурстар жойылатынын айтып, дүмпу жасады.
Қарағанды облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ламбеков көтерілген мәселе қатаң қадағалауға алынып, экологтердің сараптамасына сәйкес 10 күн ішінде жауап берілетінін, жарылыс жұмыстары тоқтатылғанын жеткізіп, жиынды қорытындылады.
Бектауата – «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген тарихи орын. «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санатына еніп, мемлекеттің қорғауына алынған. Бірақ қорғансыздың күнін кешіп тұр...
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы