• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 08 Қаңтар, 2024

Мемлекеттілік тарихын зерделеген

485 рет
көрсетілді

Шынайы тарихшы болу дегеніміз елжанды, нағыз патриот деген ұғымды білдіреді. Өйткені патриот тарихшы ғана халқының, мемлекетінің ғасырлар қатпарында қалған белгілі және белгісіз тағдыр-талайын, тарихы мен тағылымын, күрес жолдарын терең зерттеп, болашаққа шыншыл тарихи мұра қалдыра алады. Тарихы ғасырларға терең бойламайтын елді ешкім де санатқа қоспайтыны бесенеден белгілі. Олай болса, бесігімізді қалай түзесек, тарихымызды да солай түзегеніміз жөн. Шынтуайтына келгенде, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаевтың білікті тарихшыға айналып, ел құрметіне бөленуі де оның отаншылдығының, мемлекет тарихын бұлтартпас дерек-дәйектермен дәлелдеп, Қазақ хандығы ұлттық мемлекетіміздің негізі екенін айқындаған терең білімдарлығынан болса керек.

1982 жылы Қазақстанның Ресейге «өз еркімен қосылуының» 250 жылдығын аса жоғары деңгейде, салтанатты жағдайда атап өткеніміз әлі есімде. Бұл мерекеге Мәскеуден, КСРО-ның барлық респуб­ликасынан делегация келіп, Алматыны ғана емес, бүкіл қазақ даласын дүбірлет­кені әлі ұмытылған жоқ. Алайда бұл «мерекені» қазақтың өзіне тойлату Мәскеу идеологтерінің ойлап тапқан қитұрқы сая­саты екенін ол кезде біз біле бермейтін едік. Өйткені коммунистік қызыл идео­логия КСРО аймағын мекендейтін барлық бұратана халықты «жылы шыраймен» ішке тартқансып, оларды орыс шовинизмінің көзге көрінбейтін болат бұғауымен шынжырлап тастаған болатын. Ал Ресей патшалығы сол шынжырлы бұғауды қазаққа бәрінен бұрын салған-ды. Қазақ елін бауырына басқансып, алдымен жерін алды, сонан соң ішімізге дендеп еніп, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді алды, санамызды улап, тарихи жадымызды ада қылды. Бізге шынайы тарихымызды теріс уағыздап, жолымыздан жаңылыстырды. Қазақтың мемлекеттілігін мойындамай, мемлекет басқарған хандарымызды халықты қанаған жауыз ретінде көрсеткен Ресей билігі, орыс болмаса мал соңында салпақтаған сауат­сыз қазақ ел болмас еді деп сендірді. Тек 1991 жылы Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана тарихымызды түгендеуге мүмкіндік алған едік. Тіпті егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді мойындағысы келмеген Мәскеу әлі күнге ескі қоламтасын бықсытумен келеді. Саясаткер сы­мақтардың қазақ мемлекеттілігі тура­лы теріс көзқарасы елімізді дүр сілкіндірді: ұлтжанды пат­риот азаматтарымыз ашуға мінді, тарихшыларымыз намысқа қамшы басты. Сөйтіп, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде Мемлекет басшысының Жарлығы шығып, тарихшыларымыз Қазақ хандығының тарихын бұлтартпас айғақтармен дәлелдеуге кірісті.

Солардың бірі – Берекет Кәрібаев. Бұған дейін-ақ­ 1996 жылы «XV ғасырдың соңы XVI ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақ хандығының Мауреннахр билеушілерімен саяси қарым-қатынастары» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты, 2010 жылы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» тақырыбында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғаған Берекет Бақытжанұлы Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын атап өтуге дайын­дық кезінде де белсенділік танытып, өзінің ұлтжандылық қасиетін тағы бір қырынан танытты. Сол кездерді және Қазақ хандығының тарихын еске ала отырып, ғалым Б.Кәрібаевтың «Ұлан байтақ елімізде Қазақ хандығына дейін біраз мемлекет өмір сүрді. Сонау скиф-сақ дәуірінен бастасақ, Әбілқайыр хандығына дейін Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттердің ұзын-ырғасы жиырмаға жетеді. Ал жекелеген ұлыстарды есептесек, жиырмадан асып жығылады. Негізінен, бұлардың бәрі белгілі бір тайпаның немесе тайпалық одақтардың саяси ұйымы, мемлекеттік құрылымдары ғана, яғни ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ, оғыз мемлекеті сияқты ұсақ құрылымдар ғана. Ал Түрік қағанаты мен Алтын Орданың мемлекеттік мәртебесі өзгешелеу болды. Олар – империя дәрежесіне жеткен мемлекеттер. Сондықтан оларды бір халықтың (ұлттың) мемлекеті болды деуге келмейді. Ал біздің нағыз мемлекетіміз – Қазақ хандығы. XV ғасырдың орта шенінде құрылған Қазақ хандығы бүкіл Орталық Азия аумағындағы ең алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды», дегені бар. Оның айтуынша, қазіргідей жаһандану кезеңінде тарихи тұғыры берік халықтар ғана жер бетінен жойылып кетпей, дамудың келесі сатыларына бет алады. Ал тарихи тамыры әлсіз ел жаһанданудың иіріміне жұтылып, басқа форматтағы этникалық дамудың жолынан шығып қалуы бек мүмкін немесе өзінің негізгі ұлт ретіндегі болмысынан айырылып қалуы ғажап емес. Мұндай жағдайға жетпес үшін біз өз идеологиямызды төл тарихымыз арқылы нығайтуға тиіспіз.

Берекет Кәрібаев – тарихы­ тол­ға­малы Сыр өңірінде туып-өскен. Алтын құрсақты ана Бақыт­жамал Ділмағанбетқызы мен ауыл кітап­хана­сының меңгерушісі Бақыт­жан Кәрібайұлының шаңырағында дүниеге келген ол жас­тайынан білім-ғылымға құштар болып өсті. 1990 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша үздік бітіріп, тарих факультеті Қазақ КСР тарихы кафедрасына ассистенттік қызметке қалдырылды. Содан бері Б.Кәрібаев осы кафедрада қызмет атқарып келеді. Ол ассистенттен профессорға дейінгі қызмет сатыларынан өтті. 2016 жылы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Студент күнінен Берекеттің ой-санасы ғылымға ауды. Оны біржола өмірлік мақсатына айналдырды.

Кандитаттық диссертация тақы­ры­бын бекітіп алғаннан кейін біржола ғы­лыми ізденіс­ке ден қойды. Күйбең тір­­шілікті жиып қойып, күнұзаққа архивтерде, кітап­хана­ларда отыратын. Тақырыбының күрделі болғанына қарамай, қиындықты еңсеру үшін аянбай күш жұмсады, тынбай оқып ізденді. Болашақ ғалым ерік-жігеріне, біліміне, талабына сүйене отырып, ғылымның биік-биік асуларын бағындырып, тарих ғылымдарының кандидаты, көп ұзамай ғылым докторы атағын қорғады. Одан әрі Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, академигі деген жоғары ғылыми дейгейге көтерілді. Әрине, мұның бәрі ғылым жолын­да­ғы жанқияр еңбек және ізденістің жемісі еді.

Жанқияр еңбек демекші, Б.Кәрібаев 30 жыл ішінде ұзын саны 700-ден аса ғылыми, ғылыми көпшілік еңбек, оқулық пен оқу құралын жазыпты. Мұның 20-сы – монография. Сондай-ақ ол – Қазақстан тарихы бойынша 4 тарихи анимациялық фильм сценарийінің авторы, «Ұлы дала таңы» тарихи көркем фильмінің бас кеңесшісі. Берекет Бақытжанұлы 50-ден­­ аса Халықаралық және респуб­ли­ка­­лық ғылыми конференцияға қатысып, онда XIII-XVIII ғасырлар арасындағы Қазақстан тарихының этникалық, саяси, мемлекеттілік тарихы мәселелері, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар тарихы жөнінде тағылымды баяндамалар жасады. Оның Қазақ хандығының тарихы туралы мазмұнды да өткір баяндамалары небір шетел ғалымдарының қазақ тарихына деген қызығушылығын туғыз­ғаны сөзсіз. Академик Б.Кәрібаевтың «Түркістан және Қазақ хандығы» (1990), «Алтын орда және Қазақ хандығы» (2022) моно­графиялары – отандық тарих ғылы­мының алтын қорына қосылған сүбелі дүниелер. Қазақ хандығының құрылу тарихынан бөлек ол көрнекті тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен қызметін зерттеп, аса ауқымды еңбек тындырғанын атап өткеніміз жөн. Ізденімпаз ғалымның Қасым хан, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жәңгір хан, Есім хан, Тәуке хан, Шекті Тілеу батыр Айтұлы, Әбілмәмбет хан, Матай Бөрібай батыр сияқты тарихи тұлғаларымызды зерттеуге қосқан үлесі зор. Сонымен бірге бұл еңбектер қазіргі замандағы тұлғатану мәселелерін тың деректермен толықтырған сүбелі дүниелер деп білуіміз қажет. Жалпы, бір ғана ғалымның 30 жылда бітірген ісі ерлікпен парапар. Жанқиярлық деген – міне, осы. Саналы өмірін, тағдыр-талайын ғылымға арнаған Берекет Кәрібаевтың бүгінгі таңдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары да өте маңызды әрі өзекті. Елжанды, ұлтжанды ғалым өзінің бүкіл өмірі мен күш-қайратын осылайша ұлтқа қызмет етуге арнап келеді.

Мен білетін Берекет Кәрібаев – шынында да, ғылыми қайраткер, жүрегі мейірім шуағына толы, жүзі нұр шашып тұратын жайсаң жан. Біреуге қиянат қылу, күншілдік, озбырлық сияқты жат мінез-құлықтан ада, жаны тап-таза Бекеңді әріптестері айрықша құрметтейді. Оның ғылыми зерттеу еңбектерін көріп, таңырқаймыз әрі тынымсыз еңбекқорлығына тәнтіміз. Ғалымның  ғылым жолындағы табандылығы бүгінгі және ертеңгі жастарға өнеге. Берекет Бақытжанұлының елімізге бергенінен берері көп, алар асулары да биік.

 

Ғабит КЕНЖЕБАЕВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі