Ғасырға жуық уақыт бұрын дәл осы күні – 1934 жылдың 10 қаңтарында маңдайшасында «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұраны бар «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Тұңғыш редакторы – Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшысы – Мұхамеджан Қаратаев. Редколлегияға Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Әйтеке Мусин, Ғабит Мүсірепов пен Мұхамеджан Қаратаев сынды марқасқалар мүше болды. Міне, содан бергі аттай зулаған 90 жыл ішінде әдеби басылым ұлт руханиятының діңгегіне айналып, туған әдебиетіміздің алтын қазығын қақты. Қалада да, қырда да талай қазақтың қойнына салып жүріп оқитын газетіне айналды. Бұл газеттің бетінде қаншама көрнекті тұлғалардың ізі қалды, қаншама ұрпақ тәрбиеленді, ұлттың сөзі сөйленді. Бүгінгі күнде де сол оқырман газет шығатын жұманың таңын асыға күтеді.
Тоқал ешкінің мүйізіндей мүжіліп, әбден сарытап болған көне телефон безектей жөнелді. Осы қоңырауды тағатсыздана күтіп отырған Ди-ағаң (жазушы Дидахмет Әшімханов) ұшатын бүркіттей қомданып барып, телефонды құлағына тосты.
– Иә, иә! Мен... Дәл солай. Менде отыр! Қазір барады, қазір... – Маған көз қиығын бір тастаған ол телефонды қояр-қоймастан: – Ұш! – деді, – Шерағаң шақырып жатыр!
«Шерағаң шақырып жатыр!» деген сөз маған «ЦК шақырып жатыр!» дегендей естілді. Осыған дейін республикалық «Лениншіл жас» газетінде жүріп, үлкен ЦК мен кіші ЦК-ның арасын шаң қылған жүрегім шайлығып қалған сәт еді. Шаң қылғанда, жеке басыма қатысты алып бара жатқан ештеңе жоқ. Бәрі сол – жазу-сызудың айналасындағы әжің-гүжің әңгімелер. Есімде қалғаны, «Нашақорлық тұманы», «Мектепте атылған оқ», «Комсомолдың талқаны...» сияқты жазбаларым «Советтік өмір салтына қара күйе жаққан, идеялық жағынан теріс дүниелер» қатарына жатқызылып, жазықсыз сөгіс арқалап, ағаш атқа мінудің аз-ақ алдында тұрғам. «Енді қайда барып бас сауғаласам екен?» деп жүргенде, Дидахмет ағамыз шақыра қалмасы бар ма? Әдеби газетке.
Сөйтіп, 1989 жылдың 4 сәуірінде қастерлі «Қазақ әдебиетінің» табалдырығын имене аттадым. Әдебиеттің небір марқасқалары мен саңлақтары (Оралхан Бөкеев, Тұтқабай Иманбеков, Сайымжан Еркебаев, Иран-Ғайып Оразбаев, Исраил Сапарбаев, Әлия Бөпежанова, Қайырбек Асанов, Бейбіт Қойшыбев, Жүрсін Ерман, Өтепберген Ақыпбеков, жастардан Жүсіпбек Қорғасбек, Әмірхан Меңдеке, Еркін Жаппасұлы...) сияқты танымал қаламгерлер төрінен есігіне дейін берік жайғасып алған қара шаңырақтың босағасынан аттау оңай болған жоқ. Журналист кадрларын сұрыптаудың хас шебері, білікті редактор-ұйымдастырушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қай баспасөзде жүрсе де өз мектебі қалыптасқан ғой. Командасында кездейсоқ адам болмайды. Содан ба, журналистика корифейінің алдына жеткенше бөлім бастығы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары сияқты бірнеше буынның сынағынан өттім-ау деймін.
Қабылдау бөлмесіне келсем, ешкім жоқ. Оң жақта бас редактордың кабинеті, сол жақта орынбасары – Оралхан Бөкеев. Бірер күн бұрын ол кісімен де сөйлескенбіз. Тумысынан түсі суық па, әлде маған солай көрінді ме, шалқалай қараған күйі тым салқын қарсы алды. Менің ықтияттап дайындап, тастап кеткен бір құшақ мақалаларым салынған көк папканы алдына жайып қойып, қарындашпен сызып қарап отыр екен. Состиып тұрған менің басымнан аяғыма дейін бір шолып өтті. Отыздың үстіндегі алақұйын кезіміз, қою қара шашымыз иыққа түседі. Жаратты ма, жаратпады ма, білмеймін, басын бір кекжең еткізіп: «Қолыңнан жазу келетіні көрініп тұр. Бірақ соңғы шешімді ана кісі айтады!» деді, «иегің қышымасын» дегендей сөзді қысқа қайырып. Содан күдер үзе бастағам. Бүгін Ди-ағаң қайыра телефон шалып, тездетіп кел, редколлегия болады деген соң, шапанымды шешіп алмас деп келе салған бетім.
Хатшы қыз кешіккен соң, жайлап редактордың есігін қақтым. Сол сәт есік жартылай ашылды да, іштен қауғадай бұйрабас көрінді. Жауапты хатшының орынбасары, белгілі ақын Қайырбек Асанов. «Келдің бе, ішке кір».
Қақ төрде Алатаудың мұзбалағындай қабағынан қар жауып, қалың қара мұртын сылап қойып Шерхан Мұртаза, бер жағында үстел жағалай Оралхан Бөкей, жауапты хатшы Тұтқабай Иманбеков отыр екен. Редактордың алдында менің семіз көк папкам томпиып жатыр. Мақалалар. «Келіңіз-з-з! Отырыңыз-з-з!» деді Шерағаң «ызз... ызз...» дегенді əуендете соза түсіп. Бұған дейін үлкендердің аузынан «сіз» дегенді естімегенбіз, ызыл күшейген сайын «шаруа оңғарылмайтын болды-ау» деп, іштей күдер үзе бастадым. Қайырбектің қасындағы шеткі орындыққа тізе бүге беріп едім, Шерағаң тағы күж ете түсті.
– Мынаны айтыңызшы маған! – деді сұсты көздерімен тіке қарап. Тікірейген мұрты да қоса қимылдап кеткен сияқты. – Екінің бірі қолы жете бермейтін ре-е-с-с-публикалық ЦеКа комсомолдың органынан жазушылар басылымына неге ауысқыңыз келеді?
Сауалы орынды енді. О заманда республикалық үш-ақ басылым бар еді. Соның бірегейі, кезінде Шер-ағаңның өзі де басқарған «Лениншіл жас» газетіне орналасу оңай-оспақ шаруа емес болатын. Соңымнан шала қоңырау байланғанын да біліп тұр. Білмеуі мүмкін емес. Өзі де үлкен ЦК-ның белді мүшесі емес пе. Құрығы ұзын. Орнымнан атып тұрып, Ди-ағаң «сұраса, былай айт» деген бір сөзге тырнақ іліктірдім.
– Ағалар, – дедім. – Жасымыз болса отыздан асып барады. «Лениншіл жастың» шекпенінен шығатын уақыт келді. Айбарлы «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеуді кім армандамайды дейсіз? Мен де сондай үміт жетелеп келген өз інілеріңіздің бірімін... (Ұзын-ырғасы осы. Қазір бұл сөздерім күлкілі естілетін шығар. Бірақ ағаларым күлмеді. Бәлкім, сағын сындырмайық деген де болар).
– Жөн-ақ! А-а-ал, сіздер не айтасыздар, бұған? – Бастық отырғандарға шола қарады.
– Мен бұ жігітті аса жақын білмейді екем. Жазғандарымен ғана сырттай таныспын. Қабілет-қарымы бар сияқты, – деп Ор-ағаң басын бірден ала қашты. Түсініп тұрмын, жақын араласып-құраласпасақ та бір жер, бір өлкеденбіз.
Абырой болғанда, жауапты хатшы Тұтқабай Иманбеков көкеміз журналистика факультетінде бізге очерк жанрынан дәріс оқыған ұстазымыз еді, жазу-сызу жағына икемдірек болғанымызды көңіліне тұтып қалыпты. «Табеев мықты шәкіртімнің бірі болған» дегені ондыққа дәл тиді.
– Олай болса, Тұқа, не тұрыс? Мықты шәкіртіңіз екен, қарсылық жоқ. «Деректі проза және публицистика» бөліміне қабылдаңыздар. Іске сәт дейміз! – Шерағаңның қабағы сәл ашылғандай әлсіз бір нұр жарқ етті. Шаруаның сәтті шешілгеніне іштей қатты қуандық, әрине.
Ди-ағаң менен бетер қуанды: «Ал енді өзіңді жақсылап көрсет. Шерағаңды шалқасынан түсіретіндей дүниелер ұсынуың керек» – деп. Бөлімдегі болашақ бастығымның мына сөзі санамды қамшыдай осып өтті.
Жалпы, басқа газеттерге қарағанда әдеби басылымның табиғаты, жөні бөлектеу. Оның үстіне, қазақ журналистикасының көшбасшысы Шерхан Мұртаза басқарып отырғаннан кейін бе, біршама еркіндік те сезіледі. Салмақты, ойлы материалдармен қатар, қоғамның шабына шоқ түсіретін дүниелер де аз болмайтын. Әлі есімде, Өтепберген Ақыпбековтің «Шу өзенінде су көп пе, шу көп пе?» деген атышулы мақаласы қырғыз-қазақ басшыларының үкіметаралық кездесуінде талқыланды. Жүсіпбек Қорғасбектің «Алтын жұлдызды ұшқыш» материалының кейіпкері, ресейлік Тоқтар Әубәкіровті Мемлекет басшысы іздетіп, арнайы шақыртыпты. Енді бұлар бұрыннан төселіп қалған кілең сайыпқырандар ғой. Жазғандары «летучкада» мақталып жатады. Шыққан соң, дуылдап жуып жатады. Оларға жету үшін бізге әлі қайда?.. Деймін ғой.
Көңілімде жүрген бірер тақырып бар еді. Соның бірін ұсындым. Ол кезде журналистерге ізденуге мүмкіндік мол, жол қаражаты – редакция есебінен. Алматыдан 350 шақырымдай жерде, Балқаш көлінің күнбатыс жағалауында «Үлкен» атты энергетикалық ірі кешен салына бастағанын құлағым шалған. Картада жоқ, Мәскеудің тікелей бақылауындағы жабық кент. Аты да қызық – «Оңтүстік Қазақстан гидроциркулярлық электростанциясы». Аты зиянсыз болғанымен, заты қатерлі еді. Орыстардың түпкі мақсаты – бұл аймаққа АЭС (атом электр станциясын) салу болатын. Кенттің екі жағында қарулы бекеттер бар, өз тұрғындарынан басқа бейсауат жанның кіруі қиын. Күрті аудандық партия комитетінде істейтін таныс жігіттің көмегімен «балықшылар» қатарына қосылып, қалаға көл арқылы катермен бардық. Екі күн армансыз араладық. Үйлерді салып-ақ тастапты, айнала мұнтаздай алаңдар, гүлзар бақ. Қазақстанның басқа мекендерінде кездеспейтін ет-май, азық-түлік дегендеріңіз дүкендерінде сықап тұр. Керемет енді.
Өкінішке қарай, сонша еңбекпен жазылған материалды «Лито» дейтін (баспасөздегі құпиялықты қадағалайтын арнайы бөлім) версткадан алдыртып тастады. Ешқандай уәжіңді тыңдар емес! Типографиядағы айғай-шу Шерхан Мұртазаның құлағына жетіп, ол жоғары жаққа қоңыраулатып жүріп, ақыры басуға рұқсат әперді. Кейбір құпия деректердің сүзгіден өтпей қалғанына қарамастан, жұрт «Картада жоқ қала» мақаласын дұрыс қабылдаған секілді.
* * *
Сырттай сұсты көрінгенімен, Шерхан Мұртаза жүрегі жұмсақ, пейілі кең, талапты жастардың шығармашылық ізденісіне барынша қолдау көрсетіп, сырттай баулығанды тәуір көретіндердің сойынан екен. Қаламақыны еселеп қойдыртады. Айлық-шайлығың да жаман емес. Университет профессорының жалақысына жуықтайды десетін білетіндер, бәрін қосқанда бақандай 400 сомның ар жақ, бер жағы («ЛЖ»-дан екі есе көп). Пәтерде күн кешіп жүрген пақырларға одан артық не керек? Арқа сүйер тірегіміз мықты болған соң, неден аянамыз? Жарыса жаздық. Тақырыптар бірінен бірі өтеді. Алайда, байқаймын, менің шаласы көп дүниелерім әйгілі «Қара маржан» мен «Қызыл жебенің» авторы Шер-ағаңды «құлатпақ» түгілі, әлі орнынан да қозғалта алмаған сияқты...
Бір күні ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) атшаптырым аумағында әр айдың 21-інде жоғалып жатқан студент қыздар туралы «Хабарсыз кетті демеңіз...» атты мақалам жарық көрді. Жер жұтқандай хабар-ошарсыз кеткендердің бәрі де қазақ қыздары еді. Құқық қорғау органдарының айтуынша, қанша аңдыса да, түнде ғана жортатын қанды қарақшыны қолға түсіре алмапты. Бұл не деген шарасыздық десеңізші?
«Қазақ әдебиеті» әр жұма күні шығады. Дүйсенбі күні таңертең асықпай жұмысқа келсем, басшылар іздетіпті. Бардым. Орынбасардың кабинетінде Сафуан Шаймерденов, Қалмұқан Исабаев, Ақселеу Сейдімбеков, т.б. ақсақалдар дуылдаса әңгіме соғып отыр екен. Біразын танимын, кейбірін сырттай білемін. «Мақаланың авторы осы жігіт», деді Орағаң. Зығырданы қайнаған ағаларым: «Мұны аяқсыз қалдыруға болмайды! Міндетті түрде жоғары жаққа жеткізу керек!» десіп, ұжымдық хат жазып әкеліпті. Келесі нөмірге жедел жарияланған Ашық хат пен әлгі мақаламыз Ішкі істер министрлігінде қаралып, 50 адамнан құралған арнайы топ көшеге шықты. Топ мүшелері жай киіммен жүріп, ҚазМУ-дың тұтас аумағына жасырын бақылау орнатты. Сөйтіп, қоғамды дүрліктірген Манджиков деген қаскөй қолға түсіп, өмір бойына түрмеге жабылды. Ашынған оқырмандардан хат жауып кетті. Оларды бірнеше нөмірге бөліп жарияладық. Осының бәрін сырттай бақылап, бағдарлап отырған Шер-ағаңның беті бері бұрылғандай болды. «Летучкада» айтқан «Осы бағыттан таймау керек!» деген бір ауыз сөзін ақ батадай қабылдадым.
* * *
Кеңес одағындағы «қайта құру» дейтін науқан екпін алған кез. Біздің Жаңаөзенде, Балтық елдерінде, Әзербайжан мен Грузияда үлкенді-кішілі ереуілдер мен толқулар тізбектеле жүріп жатты. Империяға қарсылық! Ал солардың бастауында тұрған, тоталитарлық жүйенің тоңын жібіткен 86-ның Желтоқсанының аты еш жерде айтылмайтын. Қалай десек те, көтеруге лайықты тақырып. Желтоқсан көтерілісін зерттеген парламенттік комиссияның сарапшылар тобына қосылған соң, бұл ойым бұрынғыдан да өрши түсті. Майдан қыл суырғандай етіп, прокуратура мен ішкі істер органдарынан жинақталған деректердің негізінде көлемді зерттеу дайындап ұсындым. Бас редактор алдымен редакция алқасының мүшелері танысып шықсын деп тапсырма берді. Обалы не керек, мақаламен жеке-жеке танысқан әріптестерім өз ескертпелерін қосып, қолдарын қойып, келісімдерін берді.
Ең соңында Шерағаңның өзі шақыртты. Бұл жолы қолымды сығымдай қысып (ризашылығын білдіргені), қарсысындағы орындықты нұсқады. Алдында машинкадан шыққан «Желтоқсан жаңғырықтары» жатыр.
«Дұре-е-ес! Жігіттер тегіс қолдап жатыр екен. Бірақ бұл – бас кететін өте шетін мәселе! Білесің ғой, – деп бастады сөзін. – Ең алдымен, билеуші партияның Орталық комитеті нысанаға алыныпты. Олар мұны хош көре ме?».
Расында да, Желтоқсан дүрбелеңінен кейін арада үш жыл өтсе де Мәскеудің уыты әлі қайтпаған кез. КОКП Орталық комитетінің қаулысымен тұтас қазақ халқы «ұлтшыл» атанған аумалы-төкпелі кезең еді. Ұлт зиялылары, әсіресе, ақын-жазушылар КГБ-ның күндіз-түні аңдауында болатын. Желтоқсандық жастар әлі сол «ұлтшыл», «нашақор», «маскүнем» атауымен жүр. Ату жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағұл Әбдіқұлов пен Ербол, Ләззат, Сәбиралардың есімдері жеті құлыптың астында. Қамауға іліккен 8 000 адамның 1 500-і әкімшілік-қылмыстық жазаға тартылып, жан-жақта босып жүр. Алды итжеккенге айдалып, арты партия, комсомолдан шығарылды, қызметтен қуылды. Соның бәрі үлкен ЦК-ның нұсқауымен болып жатқан сұрапыл майдан екенін алға тарта сөйлеген Шерхан Мұртаза ішкі күдігін де ірікпеді: «Майдан болғанда, қараңыз, бұл жаудың қай жақтан, іштен бе, сырттан ба келетінін білмейтін – көзге көрінбейтін бір түрлі майдан болып тұр. Майданның өзегі – Желтоқсан! Желтоқсан – тек Колбинге ғана қарсылық емес. Бұл – империялық қорлыққа, зорлыққа қарсылық. «Мен қазақпын!» деп қасқая тұрып айта алмай, тілі байланып, аузы буылған азапқа қарсылық! Өкініштісі, Желтоқсан тағылымы халықтың, жас ұрпақтың өнеге алар рухани қазынасына айнала алмай отыр. Бұл – ащы шындық. Күйреген рухты көтеру үшін мұны газетке көрінетіндей етіп бергеніміз дұрыс, – Біраз көсіліп, жүрек толғанысын төгіп-төгіп алған Шерағаң сәл тосылып қалды. – Дегенмен бұл мақаланы Михаил Есенәлиевке бір оқытып алғанымыз жөн болар... Сақтық ешқашан артықтық етпейді».
Бұл айтып отырған адамы – 1981-89 жылдары Қазақ КСР сыртқы істер министрі болған, бұл күнде көпшілік қауым ұмыта бастаған Михаил Иванович Есенәлиев. Ресейдің Саратов облысында туған зиялы қазақтың бірі. Өз айтуы бойынша шын есімі – Хакім Тілегенұлы. Философия ғалымдарының докторы, кәсіби дипломат, Желтоқсанды зерттеуші қоғам қайраткерінің бірі.
Шер-ағаң «кремлевка» дейтін тіке телефонның құлағын бұрап жіберіп, министрге қоңырау шалды. Жауап қысқа болды: «Ертең сағат түскі 12-де күтетін болды. Кешікпе! Үкімет адамы. Мақаланың бір данасын ала барарсың».
Министр келісілген уақытында қабылдады. Сыпайы, салмақты кісі екен. Бұрын кездеспесек те, мені сырттай білетінін аңғартты. «Жазғандарыңды оқып жүремін, деп, хатшы қызға шай алдыртты. Мақаланы асықпай қарап шықты да: – Саяси өрескел қателер көріп тұрған жоқпын, бірақ ащылау ма, қалай? Келтірген цифрларың мен деректерің де бай екен. Тым айқайлап тұрғаны болмаса... Байқарсыңдар! – деді. Сосын «таныстым» деп, қолжазбаның сыртқы бетіне қол қойып берді, – Шерағаңа өзім звондармын...».
Сөйтіп, бір ай шамасында дайындаған «Желтоқсан жаңғырықтары» жарық көрді (10.11.1989). Жарық көргенін қайтейін, іле-шала бас редакторға үлкен ЦК-дан әмірлі қоңырау түсіпті. «Авторы партиядан шығарылсын, қызметтен қуылсын!». Жоғарыдағылардың сорына қарай, мен партияда жоқ болып шықтым. Сондағы Шер-ағаңның: «Маған коммунист емес, журналист керек» деп айтқаны қанатты сөзге айналып кетті.
Алайда қуғындау мұнымен тоқтатылған жоқ. Прокуратура үстімізден қылмыстық іс қозғады. Құзыреті күшті қаһарлы КГБ айлар бойы соңымызға түсті. Ол туралы «Прокурормен жекпе-жек» деген мақаламда кеңінен айтылады.
Ал бас редакторымыз шұғыл түрде ЦК-ның органы «Егемен Қазақстанға» ауыстырылды. Әдеби газетке Орталық комитеттен жаңа басшы келді. Жаңа тәртіп орнады. Ол енді бөлек әңгіменің жүлгесі...
Жалпы, тарихта ел азаттығы, ұлт пен тіл теңдігі дегендер ешқашан оңайшылықпен орныққан емес. Ол тақырыптар туралы «Қазақ әдебиеті» айтудайын айтып, жазудайын жазып келеді. Ұлт тағдыры сынға түскен небір сындарлы кезеңдерде халықтың сөзін сөйлейтін, ел сенетін, Темірқазық жұлдызындай жарқырап жол сілтейтін газетіміздің 90 жылдық асуға абыроймен шыққаны анық. Әлі де бағындырар биіктері алда деп сенеміз.
Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,
журналист-жазушы,
«Қазақ әдебиеті» газетінің ардагері