• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 09 Қаңтар, 2024

Абзал азаматтың абыройы

178 рет
көрсетілді

Өмірде де, қызметте де қатарлас жүрген, ұзақ уақыт сыйласқан қадірлі азамат,­ өзім үшін орны бөлек тұлға Оңалбек Сәпиұлы деп білемін. Жаратқан ие бізге бір уақытта жарық дүние есігін ашып, бірге жүруді, тіпті бірге қызметтес болу­ды­ жазыпты. Мен оны сыртынан жақсы білсем де, тікелей таныстығымыз 1995 жы­лы басталды. Ол кезде Оңалбек Қызылорда облысы Сырдария ауданының әкі­мі болатын. Республика Президенті аппаратының ұйымдастыру бөлімінің бас­шысы ретінде іссапармен барып, бірнеше күн ресми жиындарға қатысып, со­сын бөлек, оңаша сырластық.

Сұлу Сырдың жағасына барып, емін-еркін сұхбат құрып, ел тарихы мен талай­ қызық шежірелерді тыңдап қайтқан едім. Сол жолы Оңалбек замандасты етене жақын тани түстім. Ол байқампаз, көреген мемлекеттік қызметкер болумен­ қабат, өз елі мен жерінің тарихын, аңыз­да­рын өте көп білетін азамат екен, сол жағынан өте қатты таңдандырды. Тағы бір ерекшелігі – Оңалбек өнер адамдарымен, ақын-жазушылармен етене жақын жүреді екен. Қазақтың дарынды дра­матургі Қалтай Мұхамеджановпен ара­сындағы аға-інілік татулықты, рия­сыз сыйластықты көзіммен көрдім. Қалтай аға да Оңалбек інісін өте жақсы кө­ріп, шын көңілімен құрметтейтіні сезі­ліп тұрды. Екеуінің бір-бірімен әзілдесуі де барынша жарасымды. Кейі­нірек, депутат болып жүрген кезінде қазақ­тың тағы бір аса талантты жазушысы­ Әбіш Кекілбайұлымен аға-іні болып араласқанына куәмін. Әбекең де Оңал­бек­тің алғырлығына, білімділігіне, бай­қам­паздығына, әсіресе әдебиетке жүй­рік­­тігіне тәнті екенін айтатын. Әбіш аға өмірден озғанша екеуі жақсы араласты.

Қазір ойлап отырсам, Оңал­бек Сәпи­ұлы екеуміздің тағды­ры­мыз да ұқсас екен. Мен Қара­ғанды өңіріндегі атақты Нұра бойында ержетсем, ол Қызыл­орда топырағындағы Жаңақорған ауда­ны көлемінде, атақты Сыр өзенінің бойын­да­ балалық ша­ғын өткеріпті. Талай-та­лай өзара әңгімелесу сәттерінде әке­сі­­ мен анасы туралы тебірене әңгі­ме­лей­тін. Құдайбергенұлы Сәпи ақсақал мен Әбіш­қызы Ұрқия апамыздың ұрпағы Сыр бойын­дағы көне Өзгент өңіріндегі орта мектепті бітіре сала қалаға жүгірмеген, өзі туған «Октябрь» (қазір Қожакент) елді мекенінде екі жыл қой бағыпты. Демек болашақ ұлт қайраткері қарапайым еңбектің де ащы дәмін татқан, солай ержетіп, солай үлкен арманға құлаш ұрған. Ол өмір жолының алғашқы кезеңін жасыр­май «бұрын қой баққан, қойдың тілін білетін адаммын» деп әрі мақтанышпен, әрі әзілдеп қоятын. Менің де Нұра жерін­де­гі өмір жолым мектепті аяқтаған соң, алды­мен қой бағудан басталғанын айтсам, «о, Ореке, біздің өміріміз тіпті ұқсас екен ғой» деп риясыз күліп алатын.

Кейінірек Парламент Сена­ты­ның депутаты болып сайланып, бірге қызмет жасаған кезімізде Оңалбек Сәпиұлының өткен өмірін бұдан да тереңірек біліп, бұған дейінгі атқарған қызметтерімен таныстым. Ол 1977 жылға дейін Шығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінде хатшы, сосын Мәскеудегі орталық комсомол комитетінде жа­уапты қызметтерде болыпты. Ол кезде БЛКЖО орталық ұйымына қазақ елінен барып қызмет атқа­рған қандастарымыз санаулы ғана еді. Сон­дай аса үлкен жауапкершілікті жап-жас Оңалбек азамат абыроймен атқарып, өзі­нің іскерлік және ұйымдастырушылық қабі­летін көрсете білгенін атап айту керек. Ал 1977 жылы Қазақстан Орталық ком­со­мол комитетінің (әрине, Мәскеумен келісе отырып) шешімімен Қызылорда облыс­тық комсомол ұйымына бірінші хат­шы болып бекітілді және облыстық пар­тия коми­те­тінің бюро мүшелігіне кан­дидат болды. Міне, осы уақыттан бас­тап Оңалбек Сәпиұлы республиканың саяси-әлеу­меттік мәселелеріне белсене ара­ласып кетті. Арасында екі жыл Мәскеу­де­гі Қоғамдық ғылымдар академиясында оқып қайтқанын айтпағанда, бүкіл ғұ­мы­ры Сыр өңіріне байланғанын байқау аса қиын емес. Әр жылдарда Сырдария, Жала­ғаш аудандарының бірінші басшысы, облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметтерін атқарды. Сол уақыттарда Қызылорда облы­сының экономикасы қарыштап да­мып, мәдени және саяси тұрғыдан да өсе түсуіне Оңалбек Сәпиұлының іскер­лік және ұйымдастырушылық қабі­ле­тінің зор ықпалын тигіз­генін Сыр елі­нің азаматтары мақтана әңгімелейді. Әсіресе облысты білікті басшы Еркін Әуел­бе­ков басқарған тұста ол өзін жақсы қы­ры­нан көрсете алды, барынша талапшыл басшының сенімін ақтады. Оның дәлелі – Еркін Нұржанұлының оған бүкіл облыстың идеологиясын, рухани-мәде­ни саласын сеніп тапсыруы. Қызмет жағ­да­йында өзіне барынша қатаң талап қоя біле­тін азамат өзгелерден де соны талап етті. Әсіресе жас мамандарға талапшыл бол­ғанын, жас кадрларды тәрбиелеу ісін­де өнегелі із қалдыра білгенін осы күнге дейін Сыр халқы ризашылықпен айтады. Өзі басшы қызметте болған жыл­дар ішін­де ол көптеген жастың алдағы өмі­ріне жол көрсетіп, бағыт-бағдар берді немесе тікелей тәрбиелеп, жауапты қыз­м­ет­терге көтерілуіне мүмкіндік туғы­зып­ты. Олардың арасында кейін есім­дері респуб­ли­калық деңгейде танымал бол­ған Бердібек Сапарбаев, Қырым­бек Көшер­баев, Биғали Қайыпов, Ата­мұрат Шәме­нов, Болат Оразов, Кеңес Махан­бе­тов, Жол­тай Әлмашұлы (жазушы-драматург), Махмұт Нәлі­баев (кәсіпкер-ме­ценат), Гүл­сара Алтынбекова, т.б. бар. Өнер­­лі жастар арасынан атақ­ты жыршы-жырау Алмас Алма­тов­ты, әнші-сазгер Елена Әбді­қа­лықованы, жезтаңдай әнші Елмұра Жаңабергенованы, т.б. өз мүм­кін­діктерін молынан көрсетіп, қанат жайып,­ елге танылуына жол ашқанын айтып отырады.

1997 жылы Оңалбек Сәпи­ұлы Қызылорда облысынан Пар­ла­мент Сенатының депутаты болып сайланды. Ал мен 1999 жылдың желтоқсанында Парламент Сенатының төрағасы болып бекітіліп, әрі қарай екеуміз төрт-бес жылға жуық уақыт қатар қызмет атқардық. Ол депутаттық өкілеттілігін 2008 жылға дейін жалғастырды. Міне, осы кезең аралығында республика халқы үшін, ел мүддесі үшін аса қажетті жүздеген заң қабылданған болса, сол заңдардың сапалы да сауатты болуында Оңалбек достың зор үлесі бар. Әсіресе тіл мәселесіне барынша баса назар аудар­ды. Ол көп жағдайда қазақ тілінде сөйлейтін, ал түсінбей қалып, жақтырмай жатқандар болса, оларға жауап қатып «мемлекеттік тілді сыйлай білейік, әріптестер» деп сабырға шақыратын. Тіпті тоқтамай бара жатса, дәлелді уәж келтіріп, жоқ жерден шу шығаратын дау­кес депутаттарды өз орнына қоятын. Оңалбек қай кезде де ойындағысын ашық жеткізеді, көңілі толмаған, көзі жетіп тұрған кемшіліктер болса, турасын айтады. Бұл ретте Оңалбек Сәпиұлын адалдық пен әділдікті серік еткен, қара қылды қақ жарған азамат деп бағалауға болады. Өзімен бірге қатарлас-қанаттас болған, бірге қызметтес болған депутат іні-достары Оңалбекті құрметтеді, онымен пікірлес екенін ашық білдірді. Қазақтың ел құрметіне бөленген арда азаматтары, ұзақ жыл бойы депутат болған Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Алтынбаев, Фариза Оңғарсынова, т.б. Оңалбекті іні-дос санады, үлкен құрметпен қарады.

Бір жағдай әлі күнге есімнен кетпейді. Мен республиканың Мемлекеттік хатшысы қызме­тінде отырған кезімде Түркия елінде бүкіл түркітілдес халықтар өкілдері бас қосқан үлкен жиын өтті. Қазақстан жағынан баратын делегацияға жетекшілік жасау маған жүктелді де, нағыз ұлтжанды аза­мат­тардан құралған отызға тарта кісі бас біріктіріп, Анкараға аттандық. Ортамызда Оңалбек Сәпиұлы да бар еді. Жиынның өту барысында бір азамат қатты ділмарсып, қазақ елі туралы ыңғайсыздау әңгіме айтты. Сол кезде Оңалбек дос сөз сұрап, мінберге шықты да, жаңағы кісіге әрі жауап бере, әрі еліміздің сол кездегі атқарып жатқан ауқымды істері жайынан тебірене толғап, ұзақ сөйледі. Сөзін аяқтаған кезде қатысып отырғандар еріксіз қол шапалақтады. Міне, ақыл-ой ұстамдылығы мен сөз жүйесін білетін шешендік деген осындай болмас па!

Өз басым Оңалбек Сәпиұлы­мен таныс болғаныма, бірге қыз­мет еткеніме, әрі құрдастай сыйласқаныма ризамын. Біз отбасымызбен араластық. Менің жарым Жамал мен Оңалбектің жары Қайырзада екеуі ең жақын құрбыдай болып кетті. Ме­нің ұлым Сержан да, Оңалбектің бала­сы­ Еркебұлан да дип­ло­маттық жұ­мыс­ты қа­лады. Қысқасы, екеу­міздің тағ­­дыр-жо­л­­ы­мызда ұқсастық өте көп. Әрине, мен Оңал­бек­тің шешен­ді­гіне, сөз тап­қыш­тығына, сонымен қабат қай кезде де ешкім­нен тайсалмайтын батыл­ды­ғына таңғала қараймын. Бұл­ – оның жеке бас ерек­шелігі. Ондай оқшау қасиетін басқа да таныс-дос­тары жақсы біледі ғой деп ойлаймын.

Осы күндері үлкен жүректі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтын жанымен сүйе­тін адал азамат Оңалбек Сәпиұлы сек­сеннің сеңгіріне көтерілді. Зайыбы Қайырзада екеуі немере-шөберелердің қызы­ғына тоймай, жас буынға өрелі кеңес, аталы сөз айтып, ел мен еңбек зей­неті төрінен лайықты орын алатыны сөзсіз.

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМҰЛЫ,

мемлекет және қоғам қайраткері