Жетісу үшін инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазір инвестор табу, оны іске қызықтыру оңай шаруа емес. Сондықтан өңірдің бар мүмкіндігін пайдалана отырып, қонақты қаржы құюға көндірген абзал. Осы ретте облыста 5 стратегиялық бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді, көлік және логистиканы, туризмді, баламалы энергетика мен өнеркәсіпті дамытуға жол ашпақ.
Облысқа инвестиция тарту бойынша серпінді және тиімді бағыттардың бірі – «Қорғас Шығыс қақпасы» АЭА және «Қорғас» ХШЫО. АЭА – инвесторға дайын инфрақұрылым, салықтық, кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ преференциялар беру арқылы қолайлы инвестициялық ахуал көрсететін бірегей инвестициялық алаң. Ол өз кезегінде жобаларды іске асыру үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. АЭА аумағында іске асатын жобалардың жалпы саны – 26, ал сомасы 529,9 млрд теңгені құрайды. Соған сай 3200-ге жуық жұмыс орны құрылады.
«Қорғас» ХШЫО – бұл екі мемлекеттің шекаралас аумақтарында орналасқан жергілікті және қытайлық бөліктерден тұратын сауда, экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық кешен. Жоба «Бір белдеу – бір жол» жаңа экономикалық стратегиясы шеңберінде іске асқан. Оның аумағында жалпы сомасы 59,6 млрд теңгеге 19 жоба жүзеге асады. Соған сай 480-ге жуық жұмыс орны құрылады.
Бұдан бөлек, Талдықорған қаласының аумағында индустриялық аймақ жұмыс істейді. Кәсіпкерлік орта мен мемлекеттік органдардың кедергісіз өзара іс-қимылын құрудың қосымша тетігі ретінде облыс әкімдігі инвестициялық қызмет және инвесторларды қолдау бойынша қызмет көрсететін аймақтық Zhetysu Investt ұйымын құрды.
Бүгінде компания мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша әлеуетті инвесторлармен тұрақты түрде кездесулер өткізеді. Соның нәтижесінде өңірге бірқатар ірі инвестор тартылған. Оның ішінде Қытай, Ресей, Германия, Израиль, Сауд Арабиясы елдерінен ЖЭК, көлік және логистика саласындағы өз жобаларын іске асыруды жоспарлап отырған инвесторлар бар. Соған сай ай сайын облыстың инвестициялық портфеліне мониторинг жүргізіліп отырады. Қазір жалпы құны 1851,8 млрд теңгені құрайтын 184 жоба тұр. Ол 2023-2027 жылдар аралығында іске асады. Солай болған жағдайда 9 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Өткен жылы құны 53,2 млрд теңгеге сай мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Соған сай 47 жоба іске қосылды. Тұтастай алғанда, өңірдегі бизнесті дамытуға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл облыстың инвестициялық және экономикалық ахуалын жақсартуға әкеледі.
Айта кетейік, осы орайда «Amanat» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңес бюросы, облыстық мәслихатындағы және Талдықорған қалалық мәслихатындағы «Amanat» партиясы фракциясының бірлескен отырысы өтті. Онда Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады.
«Шаһарда былтыр өнеркәсіп саласында элеватор керамикалық плиталарды шығару зауыты кеңейтілген. Нәтижесінде, 110 жаңа жұмыс орны ашылып, 850,0 млн теңге инвестициялар тартылған. Ауыл шаруашылығы саласында 12 шаруа қожалығы жалпы сомасы 385,3 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 40,0 млн теңгеге 8 қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген», деді Е.Бәзіл.
Алайда жыл басынан тартылған 54,1 млрд теңге инвестиция жылдық жоспардың тек 63 пайызын құрап отыр. 2023 жылғы жоспар 86 млрд теңге, оның 61,5 млрд теңгесі немесе 71,5 пайызы орындалады деп күтіледі. Сонымен қатар Талдықорған индустриялық аймағын ірі инвестициялық жобалармен толтыру мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін таппай келеді. Бүгінде оның аумағында жұмыс істеп тұрғаны – тек 6 кәсіпорын бар. Өңір басшысы қала халқымен кездескенде осы мәселеге жіті тоқталып, жауапты мамандарға тапсырма берген еді.
«Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовқа, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қала әкімдігімен бірлесіп, қаланың әлеуетін ескере отырып, инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жандандыруды және қолданыстағы индустриялық аймақта жоспарланған жобаларды уақытында жүзеге асыру үшін барлық қажетті шара қабылдауды тапсырамын», деді Бейбіт Исабаев.
Қазір осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жетісу облысы