• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 10 Қаңтар, 2024

Ауа салмағы ауырлап барады

233 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде ластанған ауаның кесірінен жылына 4,2 миллион адам мезгілсіз қаза табады. Метеорологиялық жағдайы қолайсыз мемлекеттер қатарында Қазақстан 13-орында тұр.

Ластанған ауа құрамы адамзат денсау­лығына бұрын-соңды болмаған орасан зиян келтіріп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, өкпе қатерлі ісігі және инсульт секілді созылмалы ауруға шалдыққан науқастардың дені – экологиялық таза емес аймақтардың тұрғындары. Тіпті Чикаго университетінің генетик ғалымдары көп адамның көкірегін кернеген күйзеліс, депрессия секілді күрделі эмоционалды бұзылыстар да дәл осы нашар атмосфераға байланысты екенін дәлелдеп отыр.

Ауадағы көміртек оксиді мен қорға­сынның шамадан тыс жиналуына жанартау, шаң, тұз көшкіндері мен орман өрттерінен бөлек, электр энергиясы, машина жасау, отын және тау-кен өндірістері секілді антропогенді факторлар қатты әсер етіп отыр. Оттегіні тірі организмдер ғана емес, транспорттар да қажет ететінін ескерсек, бір автокөлік 1 000 шақырым жол жүргенде бір адамның бір жыл ішінде дем алуға жұмсайтын таза ауасын жоятынын түсінуіміз керек. Соның нәтижесінде ауа қабатында парникті эффект пайда болып, жаһандық ауқымдағы климаттық бұзылысқа әкеліп соғады. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен дүниежүзілік климаттық саммитте метан шығарындыларын азайту жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдетудің ең жылдам жолы екенін атап өткен еді.

Қазіргі таңда жаппай урбанизация салдарынан әлем халқының жартысынан көбі қалада тұрады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 20%-ға өседі деген болжам бар. Бұл – демек жаһандық атмосфера әлі де ластана түседі деген сөз. Ал ұлттық статистика бюросының сарапшылары еліміздегі қала және ауыл тұрғындарынан сауалнама ала отырып, қалалықтардың 66,3%-ы ауа тазалығына көңілі толмайтынын анықтаған. Сәйкесінше қалалықтар үшін таза ауа мен ауыз судың тапшылығы, қалдықтарды утилизациялау және электр энергиясын шамадан тыс пайдалану секілді проблемалар, тіпті күрделене түспек. Тиісті шаралар қолданылмаса, халық­тың әлеуметтік жағдайы күрт төмен­деп, жаппай жұмыссыздық белең алуы мүмкін. Бұл, әрине, мемлекет экономикасына үлкен соққы болатыны даусыз. Қазірдің өзінде Дүниежүзілік банктің есептеуінше, атмосфералық ауаның ластану кесірінен пайда болған Қазақстанның жылдық шығыны 10,5 млрд долларды құрап отыр. Сондықтан бұл мәселелердің алдын алу үшін мемлекет тарапынан бірқатар жүйелі жұмыс атқарылуы керек. Атап айтқанда, табиғи қуат көзімен жүретін көліктерді көбейту, газ тазарт­қыштарын орнату және қалалар мен елді мекендерді барынша көгалдандыру.

Алайда БҰҰ сарапшылары, дәрігерлер мен экологтер экологияны сақтау тек үкіметтің ғана емес, жер шарының әрбір тұрғынының мойнындағы парыз екенін баса айтады. Олар қоғамдық көлікті пайдалану, велосипедпен жүру, тұрмыстық қалдықтарды азайту, электр қуатын үнемдеу және жасыл кеңістікті кеңейту сияқты қарапайым шаралар зиянды газдардың көлемін азайтатынын алға тартады. Сол арқылы атмосфераны қалпына келтіруге болады.

 

Абзал МАҚАШ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 4-курс студенті