Тұмаумен ауырғандардың көптігі соншалық, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда екі есе артық екен. Өткен жылдың қазан айынан бастап 28 мыңға жуық облыс тұрғыны жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырған. Оның жартысынан астамы – балалар.
«Вакцина алмаған адамдар арасында тұмаудың (А3) зертханалық расталған 28 жағдайы тіркелді. Оның 11-і – 14 жасқа толмаған балалар. Сонымен қатар аймақта тұмау емес вирустар бар. Олардың үлесі зерттелген 624 сынаманың 34%-ын құрайды. Риновирус –50%, респираторлық-сенцитиалды вирус – 14% және парагрипп – 9%», деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.
Тұмау – ауа арқылы таралатын жедел вирус. Кейде эпидемия немесе пандемия сипатын иеленуі мүмкін дегенді айтады медицина мамандары. Бұл тұмау пневмония, бронхит, жүрек, бүйрек, мидың және басқа ағзалардың зақымдануына және созылмалы аурумен ауыратын адамдардың өліміне әкеліп соғуы да әбден мүмкін.
Мамандардың айтуынша, тұмаудың алғашқы белгілері ағзаға түскен вирус бөлшектерінің санына, оның түріне, адамның иммундық жүйесіне байланысты. Ауру бірнеше сағаттан 2-4 күнге дейін созылатын инкубациялық кезеңнен басталады. Дене қызуы 3-5 күн бойы түспесе, ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдағаннан кейін де басылмайтын қатты бас ауруы, сондай-ақ ентігу, сананың бұзылуы, геморрагиялық бөртпелер шықса, жедел медициналық көмекке жүгінуі жөн екен.
Департамент басшысы Ю.Залыгиннің айтуынша, балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері, жабық мекемелердің контингенті (балалар үйі, қарттар үйі және басқа) – ауыру ықтималдығы жоғары орта. Сондықтан бірінші кезекте тұмауға қарсы вакцина салу қолға алынады.
«Қазіргі уақытта тәуекел тобындағы адамдарды тұмауға қарсы вакциналау аяқталды. Облыс тұрғындарының 14,5%-ы қамтылды. Тұмауға қарсы барлығы 176 310 адам, оның ішінде ақылы негізде және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 3 310 адам екпе алды», дейді Ю.Леонидович.
Ол адам көп жиналатын жерлерде, әсіресе жабық үй-жайларда ұзақ болмауға, ондай жерлерде бетперде тағуға кеңес береді.
«Ауырып тұрған адаммен байланысты шектеу, жөтел этикетін сақтау, қолды сабынмен жиі және мұқият жуу, бөлмеде ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу, желдету, құрамында С дәрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп тұтыну қажет. Өзін өзі емдеуден аулақ болып, уақтылы медициналық көмекке жүгіну керек», дейді ведомство басшысы.
Қарағанды облысы