Қостанай облысында жүргізуші өзін бопсалаушылардан құтқару үшін полиция машинасын әдейі қағып кеткен. Өңірдегі полиция департаменті оқиғаның мән-жайын баяндап берді, деп жазады Egemen.kz.
Қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні рудныйлық екі тұрғын таксимен облыс орталығына бет алған. Көлік қала ішіне кіргенде жолаушылар жүргізушінің кеңірдегіне пышақ тақап, ақша бопсалай бастаған.
Алайда жүргізуші абдырап қалмай, қала көшелерінде келе жатқан полиция машинасын көзі шалып, әдейі қызметтік көлікке соқтығысады. Ол бұл іске өзін құтқару үшін мақсатты түрде барған.
Желіде жүктелген видеодан жүргізуші соқтығысқаннан кейін іле-шала сыртқа қашып шыққанын көруге болады. Полиция өкілдері де көліктен тез түсіп, бопсалаушыларды сол орында қолға түсірген.
Ал қызметтік көлікке айтарлықтай зақым келмеген.